Жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық қолдау: жүйелі жұмыс – нәтижелі іс.

0

Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Жұмағұлова Бекзада Ақылбекқызы

Аудан бойынша жасөспірімдер арасында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының облыстық психологиялық қолдау орталығы тарапынан психологиялық қызметті тиімді ұйымдастыру мақсатында бірыңғай жылдық жұмыс жоспары әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына ұсынылды. Аталған жоспар негізінде мектептерде кешенді сүйемелдеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда аудан бойынша 26 мектепте 33 педагог-психолог қызмет атқарады. Оның ішінде 13 маман күндізгі бөлімде, 20 маман сырттай бөлімде білім алған. Санаттық құрамына келсек, 2 педагог-зерттеуші, 5 педагог-сарапшы, 10 педагог-модератор бар. Ал 16 маманның санаты жоқ, оның ішінде 12-сі – еңбек өтілі аз жас мамандар, ал 4 педагог-психолог санат көтеру мерзімі келгенімен, тестілеуден өте алмай отыр.
Осы бағытта білім бөлімі тарапынан біліктілікті арттыруға қажетті тест базалары әзірленіп, педагог-психологтарға ұсынылды.
Сонымен қатар, әдістемелік кабинеттің жылдық жоспарына сәйкес мамандарға ай сайын заманауи практикалық дағдыларды меңгерту мақсатында әдістемелік көмек көрсетіліп, аудан көлемінде семинар-практикумдар ұйымдастырылуда.
Жас мамандарды қолдау мақсатында шығармашылық топ мүшелерімен бірлесе отырып, жүйелі әдістемелік көмек көрсетілуде.
Аудан бойынша директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтардан құралған шығармашылық топ тоқсан сайын округ мектептеріне барып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Аталған жұмыстар барысында 8-11-сынып оқушылары арасында әлеуметтік желіге тәуелділік пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасырын сауалнамалар жүргізіліп, нәтижесіне сәйкес түзету-дамыту жұмыстары ұйымдастырылуда.
Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысы білім бөлімі тарапынан тұрақты бақылауда. Жылдық жоспарға сәйкес диагностикалық зерттеулердің қорытындысы ай сайын сараланып отырады. Қыркүйек айынан бастап 16 түрлі диагностикалық жұмыс (буллинг, мазасыздық деңгейін анықтау және т.б.) жүргізіліп, нәтижесінде 797 оқушы ерекше назарға алынды. Бұл оқушылармен педагог-психологтар жеке жұмыс жоспарларын құрып, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуде.
Мектептерде осал топтағы оқушылар педагог-психолог, әлеуметтік педагог және сынып жетекшілер тарапынан зерделеніп, нәтижесінде аудандық «Тәуекел» тобына енгізілді. Қазіргі таңда аудан бойынша «Тәуекел» тобында 2822 оқушы бар. Оның ішінде әлеуметтік педагог есебінде – 1933 оқушы (1725 – жасыл, 178- сары, 30- қызыл деңгей), сынып жетекшілер есебінде – 92 оқушы (1 – жасыл, 54 – сары, 37 – қызыл), психологиялық диагностика нәтижесінде – 797 оқушы (705 – жасыл, 89 – сары, 3 – қызыл).
Жұмыс алгоритміне сәйкес «Тәуекел» тобына алынған оқушылар мектепішілік және қосымша білім беру ұйымдарының үйірмелеріне тартылды. Нәтижесінде 2822 оқушының 2625-і (93%) үйірмелермен қамтылды. Оның ішінде 1982 оқушы мектепішілік, 643 оқушы қосымша білім беру ұйымдарына қатысуда.
Сондай-ақ педагог-психологтар «сары» тәуекел тобындағы оқушылармен топтық жоспар, ал «қызыл» топтағы оқушылармен жеке жоспар негізінде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде.
Аудан педагог-психологтарының жүйелі еңбегі нәтижесіз емес. Жыл сайын түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетілуде. Атап айтқанда, облыстық «Үздік жантанушы» байқауында Абай атындағы орта мектептің педагог-психологі Г.Махажанова ІІ-орынды иеленсе, «Қарапайым сөз – үлкен қолдау: достықтың психологиялық күші» тақырыбындағы облыстық бейнеролик байқауында Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары І-орынды, Досбол орта мектебінің 10-сынып оқушысы Балауса Үйсінбай ІІІ-орынды алды.
Облыстық «Үздік психолог кабинеті» байқауында Б.Адамбаев және Д.Сенбин атындағы мектептер ІІІ- орынға ие болса, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы «Жайлы аймақ» номинациясымен марапатталды.
Педагог-психологтардың кәсіби дамуы да қарқынды. 2024 жылы «Үздік жыл психологі» байқауында М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологі Гүлзира Боранбаева ІІ дәрежелі дипломды иеленсе, 2026 жылы осы байқауда Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологі Маржан Қуандық ІІ-орын, Әйтеке би атындағы мектептің педагог-психологі Аманғали Икежанов ІІІ-орынды алды.
Сонымен қатар, Маржан Қуандық республикалық «Үздік жыл психологі» байқауына жолдама алып, нәтижесінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ауданда психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі жүйелі ұйымдастырылып, жасөспірімдердің тұлғалық дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Шектеу емес, мүмкіндік: ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау
Қазіргі қоғамда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы әрі уақтылы көмек көрсету – білім беру мен әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда Сарысу ауданында даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жылдың қазан айында аталған мекеме Жаңатас қаласының 5-мөлтек ауданындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Сыйымдылығы 200 орынға арналған бұл ғимараттың жалпы ауданы 460 шаршы метрді құрайды. Жылу жүйесі орталықтандырылған. Мекемеде 13 кабинет жұмыс істейді және олардың барлығы оқу-түзету процесіне толықтай бейімделіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл – балаларға сапалы қызмет көрсетуге жасалған маңызды қадам.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті арнайы білім беру ұйымдарының бірі ретінде аудан тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуді, ерекше балаларды түзете-оқыту мен оңалту барысында туындайтын мәселелерді шешуді негізгі мақсат етеді. Сонымен қатар, ата-аналарға кеңес беру және оларды оқыту арқылы отбасындағы тәрбиені қолдау да мекеме қызметінің маңызды бөлігі болып табылады.
Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – сөйлеу, көру, есту қабілеттерінде, тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балаларға, сондай-ақ эмоциялық-еріктік дамуында қиындықтары бар балаларға кешенді психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету. Бұл бағытта мамандар әр баланың жеке ерекшелігін ескере отырып, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Соңғы жылдары түзету көмегін алатын балалар санының динамикасы байқалады. 2024 жылы – 145 бала, 2025 жылы – 121 бала, ал 2026 жылы – 86 бала қамтылған. Қазіргі таңда мекемеде 76 бала тұрақты түрде түзету сабақтарын алуда. Оның ішінде 54-і мектептен, 12-сі балабақшадан, ал 10 бала үй жағдайынан қатысады.
Балалардың диагноздық көрсеткіштері бойынша:
– психикалық даму деңгейі тежелген балалар – 42;
– әртүрлі күрделі сөйлеу тілі бұзылыстары бар балалар – 20;
– зиятының жеңіл бұзылысы барлар – 3;
– тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар – 3;
– аутистік спектрдегі, әлеуметтік өзара әрекеттесу мен қарым-қатынаста қиындықтары бар балалар – 8.
Әлеуметтік қолдау мақсатында 7 бала инватакси қызметімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 5 бала ауылдық елді мекендерден, 2 бала қаладан тасымалданады. Бұл қызмет аудандық әлеуметтік қамту орталығы арқылы ұйымдастырылған.
Мекемеде 11 педагог қызмет атқарады. Атап айтқанда, 2 психолог, 2 дефектолог, 1 әлеуметтік педагог, 1 тәрбиеші, 5 логопед, 1 олигофренопедагог және 1 емдік дене шынықтыру нұсқаушысы бар. Білікті мамандардың жүйелі әрі мақсатты жұмысының нәтижесінде балалардың дамуында оң өзгерістер байқалып, түрлі жетістіктерге қол жеткізілуде.
Атап айтқанда, 2024–2025 оқу жылында Абдуманапқызы Маржан «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде ІІІ-орын иеленіп, 60000 теңге көлемінде сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, педагог-дефектолог Дәулетшеева Толғанай облыстық оңалту орталығы мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері арасында өткен «Үздік педагог» байқауында «Арнайы педагогтың үздік бейне-визиткасы» номинациясы бойынша Алғыс хатпен марапатталды.
Оқушылардың шығармашылық жетістіктері де ерекше. Облыстық «Біздің таланттар» байқауында «Бармағынан бал тамған» номинациясы бойынша Атайбек Асылай ІІІ орынды иеленді. «Менің жерім – менің елім» атты жас суретшілер байқауында Қырықбай Асылан мен Черных Антон ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. М.Мақатаев оқуларында Талантұлы Асылжан І дәрежелі диплом алса, «Жас суретшілер» байқауында Абдырахман Аңсаған, Өмірзақ Алихан және Оразбек Алинұр І дәрежелі жүлдегер атанды. Ал «Абай оқулары» республикалық конкурсында Стружевский Самуил І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сарысу ауданындағы Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін маңызды орталыққа айналып отыр. Заманауи материалдық-техникалық база, білікті мамандар және жүйелі жұмыс нәтижесінде балалардың дамуында оң өзгерістер байқалып, олардың қоғамға бейімделуіне кең мүмкіндік жасалуда.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, әр баланың мүмкіндігін ашуға бағытталған игі істер өз жалғасын табатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.