ҰРПАҚ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ АЙНАСЫ

0

Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Бетаева Бота Пернебекқызы

Қай кезеңде де ел ертеңі – жас ұрпақтың тәрбиесімен өлшенген. «Бала – бауыр етің» деп бағалаған халқымыз үшін ұрпақ амандығы мен қауіпсіздігі қашанда ең асыл құндылықтардың бірі болып келген. Бүгінгі күні де кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы ең өзекті міндеттердің қатарында.
14 наурызда Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы – ел болашағына бағдар берген тағылымды жиындардың бірі болды. Бұл басқосуда Мемлекет басшысы ұлт мұратының өзегін айқындап, Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру идеясын ұсынды. Аталған ұстаным – жай ғана саяси тұжырым емес, ол қоғамдық сана мен адам тәрбиесінің темірқазығына айналуы тиіс құндылықтар жүйесі. Өйткені заң мен тәртіп үстемдік құрған ортада ғана тұлға қалыптасып, қоғам өркениетке бет алады.
Адамзат тарихында тәрбиенің рөлі қашанда биік болған. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Бұл тұжырым – бүгінгі күннің де басты қағидасы. Себебі жаһандану дәуірінде ақпарат ағымы шексіз, ал сол ақпаратты дұрыс сүзгіден өткізіп, адам игілігіне жарата білу – тәрбиенің еншісіндегі міндет. Тәрбие – тұлғаның ішкі компасы, бағыт-бағдары, ар-ұжданы.
Аудан көлемінде бұл бағытта жүйелі де мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асып, жас буынның бойына ізгілік пен жауапкершілік дәнін себуде. Бағдарламаның өзегі – «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, «Еңбек адамы» мәртебесін биіктету және «Таза Қазақстан» идеясының төңірегінде топтасу. Бұл – ұрпақ санасына адалдықтың ақ туын тігіп, әділеттің ақ жолына бағыттайтын игі бастама.
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – ең алдымен заңға құрмет пен тәртіпке бағынудан басталады. Осы орайда білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ағымдағы оқу жылында құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Жалпы саны 286 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 7458 оқушы қамтылды. Бұл – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға, олардың бойында жауапкершілік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен 36 кездесу ұйымдастырылып, оған 7-11 сыныптардың 4652 оқушысы қатысты. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Себебі «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды». Жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, заң алдында бәрі тең екенін ұғына бастайды.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдырымен тікелей байланысты ұлы міндет. Осы орайда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – жас буынның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге бағытталған тағылымы терең, мазмұны бай бастама.
Өткен жылы ауданда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында үш мәрте ауқымды ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Бұл жиындарға аудан әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімдерінің өкілдері, қала және ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары, білім беру ұйымдарының басшылары және 1800-ден астам ата-ана қатысты. Мұндай кең ауқымды кездесулер – бала тәрбиесі – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
Сонымен қатар, «Балалардың қауіпсіздігі – ұрпақ болашағының кепілі» тақырыбында Байқадам, Жайылма, Тоғызкент ауылдық округтері мен Жаңатас қаласында 6–11 сынып оқушылары арасында тағылымды кездесулер өткізілді. Аталған кездесулерде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Ерекше әсер қалдырған «Қара жол – қасірет» атты профилактикалық қойылым жасөспірімдердің санасына терең ой салды. Бұл шараларға 17 мектептен 2740 оқушы қамтылып, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етті. «Көргені көптің – көкейі ояу» демекші, мұндай тағылымды шаралар – тәрбиенің тиімді тетігі.
Биылғы оқу жылында да «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жүйелі жалғасуда. Бекітілген кестеге сәйкес ай сайын екі мектептен мектепішілік ата-аналар форумдары жергілікті мәдениет үйлерінде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 12 мектепте ұйымдастырылған бұл форумдар ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпірге айналды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық нақылы дәл осы жерде өз мәнін табады. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында құрылған шығармашылық зертхана жобасы да жемісті нәтижелер көрсетуде. Аталған жоба аясында 142 іс-шара өткізіліп, оған 1164 педагог қамтылды. Сонымен қатар, ата-аналарға арналған 264 сабақ ұйымдастырылып, 3420 ата-ана қатысып, өздерінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды. Бұл – «Бала тәрбиесі – бесіктен басталады» деген ұстанымның нақты жүзеге асуы. Жалпы алғанда, «Адал азамат» бағдарламасы аясында 38 кездесу, 14 дөңгелек үстел, 24 коучинг, 32 шеберлік сыныбы, 36 спорттық шара, 18 дебат, 16 байқау, 22 эссе байқауы және 14 челлендж ұйымдастырылды. Барлық шараларға 7852 оқушы мен 3647 ата-ана қамтылды. Бұл көрсеткіштер – тәрбие жұмысының ауқымы мен нәтижелілігін айқындайтын маңызды дерек.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда рейдтік жұмыстар да өз нәтижесін көрсетуде. Биылғы оқу жылының басынан бастап бірлескен 4 мобильдік топ мүшелерімен 124 рейдтік шаралар жүргізілді. Нәтижесінде полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, түнгі уақытта қараусыз жүрген 269 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне тиісті хаттамалар толтырылды. Бұл – «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» екенін тағы бір дәлелдейді. Ата-ана бақылауының әлсіреуі, бос уақытты тиімді ұйымдастырмау – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Баланың тәрбиесі – отбасы мен мектептің, қоғам мен құқық қорғау органдарының ортақ міндеті.
Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, оларды заңға мойынсұнушылық мәдениетке тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Оқу жылының басынан білім беру ұйымдарында прократура, полиция және ауруханамен бірлескен кешенді жоспарға сәйкес, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтық мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында 292 іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараларға 7852 оқушы, 1724 педагог және 4357 ата-ана қатысып, бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі әрі көпқырлы сипат алғанын көрсетеді.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында апта сайын «Жеке қауіпсіздік» сабақтары өткізіліп келеді. Бұл сабақтар тек ақпарат берумен шектелмей, оқушылардың өмірлік дағдыларын, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. «Сақтықта қорлық жоқ» деген халық даналығы осы жұмыстың мазмұнын айқындайды. Қауіпсіздік – кездейсоқтық емес, ол – қалыптасқан дағды мен саналы әрекеттің нәтижесі.
Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Осы орайда «ДосболLIKE» бағдарламасы аясында мектептерде антибуллингтік топтар құрылып, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Буллинг әлеуметтік-психологиялық қысымның бір түрі. Оның алдын алу үшін мектепте қолайлы психологиялық орта қалыптастыру қажет. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар да ерекше маңызға ие. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген 32 толеранттылық сабағы, 46 кездесу және 12 семинар-тренинг – құқықтық тәрбиенің тәжірибелік қырын күшейтетін маңызды алаң. «Қауіпсіз балалық шақ!» жобасы аясында енгізілген кейс-менеджмент тетігі – әрбір оқушының әлеуметтік жағдайын жеке қарастыруға мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Бұл тәсіл педагогика ғылымында тұлғаға бағытталған оқыту мен тәрбиенің нақты көрінісі ретінде бағаланады. «Әр бала – бір әлем» деген қағида осы жерде толық көрініс табады. Заман ағымына сай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде цифрлық мүмкіндіктер де кеңінен пайдаланылуда. «Jambyl 109», «111» байланыс орталығы және «Komek Stop Bullying» арналар арқылы көмекке жүгіну мүмкіндігі – бала үшін сенімді қорған, қиын сәтте демеу болатын тетік.
Дегенмен, де атқарылған жұмыстарға қарамастан, құқық бұзушылықтың жекелеген деректері әлі де кездеседі. Бұл – профилактикалық шараларды одан әрі күшейтуді талап ететін маңызды мәселе. Қазіргі таңда тәуекел тобындағы балалармен жүргізілетін жұмыстар да ерекше назарда.
Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, тіпті өз-өзіне қол жұмсау секілді келеңсіз құбылыстар қоғамды алаңдатып отыр. Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – рухани дағдарыстың белгісі. Сондықтан мемлекет деңгейінде түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтуге баса назар аударылуда. Дегенмен, кез келген бастаманың нәтижелі болуы – ең алдымен отбасы ішіндегі тәрбиеге байланысты.
Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры. Бала қауіпсіздігіне бей-жай қарау – болашаққа балта шабумен тең. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тек мектеп пен құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. «Бала – елдің ертеңі» десек, сол ертеңнің жарқын болуы – бүгінгі біздің жауапкершілігімізде. Ендеше, ұрпақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы игі істер үздіксіз жалғаса бермек.
«Жас сарбаз» сыныбы: тәртіп пен жауапкершілік мектебі
Жастардың құқықтық сауатын арттыру – тек білім беру жүйесінің міндеті ғана емес, ол мемлекеттің орнықты дамуы мен әділетті қоғам қалыптастырудың өзекті тетіктерінің бірі. Осы бағытта соңғы жылдары тың бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Жас сақшы» сыныптарының ашылуы. Бұл жоба жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың бойында елжандылық, жауапкершілік және тәртіптілік қасиеттерін орнықтыруға бағытталған маңызды әлеуметтік-педагогикалық алаң ретінде ерекшеленеді. Аталған сыныптарда оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен тереңірек танысып, заң талаптарын құрметтеуге дағдыланады, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын саналы түрде түсіне бастайды.
Сонымен қатар, «Қайсар – полицияның жас көмекшілері» жасақтарының құрылуы да жастардың азаматтық белсенділігін арттырудағы тиімді қадамдардың бірі болып табылады. Бұл бастама аясында оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына қатысу арқылы өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінеді. Мұндай тәжірибелік іс-әрекеттер жасөспірімдердің құқықтық нормаларды тек теория жүзінде емес, нақты өмірлік жағдайда қолдана білуіне мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде Д.Қонаев атындағы орта мектебінде «Жас прокурор», Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас құтқарушы», сондай-ақ Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде «Жас сақшы» сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы кешенді әрі стратегиялық маңызы бар бастамалардың жалғасы. Аталған жобалар оқушылардың кәсіби бағдарын айқындап қана қоймай, олардың құқық қорғау, төтенше жағдайлар және қоғамдық қауіпсіздік салаларына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар тұлғаның құқықтық әлеуметтену процесін жеделдетіп, оның құқықтық санасының қалыптасуына оң әсер етеді. Жасөспірім кезең – тұлғаның құндылықтық бағдарлары мен дүниетанымы қалыптасатын шешуші кезең болғандықтан, дәл осы уақытта құқықтық тәрбие беру аса маңызды. Осы орайда, аталған жобалар жас ұрпақтың заңға құрметпен қарауын, әділеттілік қағидаттарын ұстануын және қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуін қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, бұл бастамалар тек білім беру үдерісінің бір бөлігі ғана емес, олар – болашақта құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық ұстанымы берік, әділетті қоғам құруға қабілетті тұлғаларды тәрбиелеудің пәрменді құралы. Жастардың құқықтық санасын нығайту арқылы біз құқық үстемдігі орнаған, қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның берік негізін қалаймыз.
Ата-ана мен мектеп: тәрбие тұтастығы – болашақ кепілі
«Бала – біздің болашағымыз ғана емес, елдің ертеңгі тірегі». Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде мектеп пен ата-ананың өзара ынтымақтастығы айрықша маңызға ие. Қазіргі оқу жылының басты ерекшеліктерінің бірі – білім беру ұйымдарында ата-аналармен жүйелі әрі мазмұнды жұмыс жүргізуге бағытталған нақты қадамдардың жүзеге асырылуы. Осы мақсатта «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау бойынша нұсқаулық» пен әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, аудан көлеміндегі 26 мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылған. Бұл бастама – «Тәрбие-тал бесіктен басталады» деген халық даналығын іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын көрінісі.
Орталықтардың негізгі мақсаты – балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерінде мектеп пен ата-ананың байланысын нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала тәрбиесінің іргетасы ең алдымен отбасында қаланады. Педагогикалық қолдау орталықтары аясында жыл бойы бастауыш, орта және жоғары буын оқушыларының ата-аналарына арналған арнайы сабақтар ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге 26 мектепте 700-ге жуық сабақ өткізіліп, 4247 ата-ана қамтылып, олардың педагогикалық сауаттылығын арттыруға нақты мүмкіндік жасалды. Бұл – «Білімдіге дүние жарық» деген қағиданың ата-аналар қауымына да тікелей қатысты екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды жаңғырту мақсатында «Даналық мектебі» ұйымы аясында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Ағалар мектебі» және «Жеңгелер мектебі» құрылып, оған 650 ата-ана тартылды. Бұл бастама – ұрпақ сабақтастығын сақтаудың, үлкені мен кішінің арасындағы рухани байланысты нығайтудың тиімді тетігі. Аталған бағытта «Ата өсиеті: жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», «Әже даналығы: ертегі – танымның көзі», «Қыздар тәрбиесінің өзекті мәселелері», «Жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтарды сақтауда мектеп пен ата-ананың өзара әрекетінің маңызы» тақырыптарында 26 мектепте 118 іс-шара ұйымдастырылып, оған 7294 оқушы қамтылды. Бұл шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты, адамгершілік қасиеттерді сіңіруге бағытталды.
«Балаға берілген дұрыс тәрбие – бұл бақытты болашақтың кепілі» деген сөз бекер айтылмаған. Бүгінгі күні мектеп пен ата-ананың бірлескен еңбегі арқылы өскелең ұрпаққа сапалы білім ғана емес, саналы тәрбие беру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Ата-ана мен мектептің өзара тығыз байланысы – ұлт болашағының берік негізі. «Тәрбие – тал бесіктен» басталса, оның жалғасы мектепте қалыптасады. Ендеше, осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тәрбиелі де білімді ұрпақ қалыптастыруға өз үлесін қоса беретіні анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.