Оқуға құштар ұрпақ – жарқын болашақ кепілі

0

Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Есенбекова Ғалия Қойшыбайқызы

Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, оның білімді де саналы ұрпағымен айқындалады. ХХІ ғасыр – білім мен ақпараттың салтанат құрған кезеңі. Сондықтан жас ұрпақтың тек терең білім игеріп қана қоймай, рухани тұрғыдан бай, ой-өрісі кең, дүниетанымы қалыптасқан тұлға болып өсуі аса маңызды. Ал мұндай қасиеттердің бастауы – кітап оқу мәдениетінде жатыр. Оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу – елдің жарқын болашағына бастар сенімді жол.
Бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Осы мақсатта мектеп кітапханасында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, «Оқуға құштар мектеп» жобасы мен «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Кітапханаларда дәстүрлі және заманауи форматтағы кітап көрмелері, виртуалды көрмелер, әдеби кештер, оқырмандар конференциялары, сондай-ақ «book party», «book coffee» секілді жаңа форматтағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар «Кітапханаға кітап сыйла» акциялары мен кітап оқу челлендждері де оқушылардың белсенділігін арттыруға өз септігін тигізуде.
Кітапхана қорындағы жаңа әдебиеттерді насихаттау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Әсіресе балалар әдебиеті, ертегілер мен заманауи шығармалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ұсынылып, олардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға ықпал етуде. Кітапханашылар әрбір оқырманмен жеке жұмыс жүргізіп, олардың оқу талғамын қалыптастыруға ерекше мән беруде.
Мектеп кітапханаларында жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалар да өз нәтижесін көрсетуде. Атап айтқанда, «Кітаппен бірге ержетеміз», «Кітап оқимын-әлемді танимын», «Балалар кітаппен достасады», «Кітап әлеміне саяхат», «Кітап құпиялары», «Оқырман мекені -кітапхана», «Кітап-менің қазынам», «Оқы, талқыла, суретте», «Кітап білім -бұлағы!», «Кітап досым, ақылшым!», «Біз— кітаппен өсеміз!», «Кітап-білім қазынасы», «Бос уақытым кітапта!», «Кітап- ғасыр мұрасы», «Кітап-рухани қазына», «Мен оқыған бір кітап», «Кітап кейіпкерлері әлемінде», «Күш білімде, білім – кітапта», «Кітап біздің досымыз», «Кітап-сарқылмас асыл қазына», «Біз кітаппен біргеміз», «Кітаппен дос болайық», «Кітапхана – білім ордасы», «Кітапхана — оқырман мен кітаптың сырласу орны», «Оқуға құштар оқушылар, балалар кітапханасы» сынды жобалар оқушыларды кітаппен жақындастыра түсті. Соның ішінде М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының «Балалар кітаппен достасады» және Д.Қонаев атындағы орта мектептің «Кітап құпиялары» жобалары үздік деп танылып, республикалық деңгейде ұсынылды.
Оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында түрлі байқаулар да ұйымдастырылуда. Мәселен, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Қара сөздер» тақырыбында аудандық буктрейлер байқауы өткізілді. Сонымен қатар «Үздік оқырман отбасы», «Ең үздік оқырман», «Мен оқыған кітап» атты байқаулар балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Оқушылардың демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған емес. «Жазғы демалыста кітаппен бірге», «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз», «Қыста оқы, ойлан, арманда», «Демалыста кітап оқимыз» сынды іс-шаралар оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жол ашуда.
Сонымен қатар кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар ұйымдастырылып келеді. «Кітапханашы ақпараттық сауаттылық мектебі», «Мектеп кітапханасының білім беру үдерісіндегі рөлі», «Жасанды интеллект және кітапхана» тақырыптарындағы кездесулер тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Р.Уксукбаева, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Б.Сапеева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Есенбекова Ғалия Қойшыбайқызы облыстық деңгейде өткен семинарларда өз тәжірибесімен бөлісті.
Облыстық деңгейдегі байқаулар мен жобаларда да оқушылар мен мектептер жоғары нәтижелер көрсетуде. Бұл – жүйелі жұмыстың нақты жемісі. Мұндай жетістіктер оқушылардың кітапқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Облыстық «Кел, балалар, оқылық!» буктрейлер жобасында М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы ІІ-орын, «Кітап оқитын мектеп» байқауында Д.Қонаев атындағы орта мектебі ІІ-орын иеленсе, «Жау тылындағы бала» әңгімесі бойынша М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Д.Серік, «Үздік оқырман» байқауына М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Қуанышбек Дінмұхаммед Алғыс хатпен марапатталды.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Абайдың «Қара сөздері» атты облыстық буктрейлер (бейнеролик) байқауы өтті. Байқауға қатысушылардың ішінде «Ең үздік бейнебаян» номинациясы бойынша Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Мәді Ақнұр жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, кітап оқуды насихаттау, кітаптың мәртебесін көтеру мақсатында әр оқу жылының соңында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектептерде ең көп кітап оқыған балаларға демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар (велосипед, самокат, жұмсақ ойыншықтар, ноудбук және қаржылай сыйлықтар) берілді. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бойынша мектептерде Қуандық Шолақ Абашұлына арналған «Күзде гүлденген тобылғы» атты шығармашылығына арналған кеш, Сұлтан Қалиевтің «Біз шыдамды баламыз» кітабын насихаттау барысында 3-4 сынып арасында өлеңдерін мәнерлеп оқудан челлендж, Берік Шахановтың «Қарымды қаламгер» атты шығармашылығымен танысу кеші, Илья Жақановқа арналған «Сан қырлы тұлға — Илья аға» тақырыбында мәнерлеп оқу байқауы, «Күрделі өмірдің көркем суреткері» атты жазушы, сатирик Кәрібай Ахметбековтің шығармаларынан 6-10 сыныптар аралығында оқырмандар конференциясы, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы-кітап оқу» атты библио-кросс, Арғынбай Бекбосынның шығармаларын насихаттау мақсатында әдеби сазды кеш, Серік Томановтың өмірі мен шығармаларын таныстыру мақсатында «Соғады сен деп жүрегім» атты әдеби кеш, «Жұлдыздан терем өлеңді» тақырыбында дөңгелек үстел, Нарша Қашағанұлына арналған «Наршаның сөзі — баршаның сөзі» тақырыбында ақпараттық сағат, Қали Қошқарұлы Сәрсенбайдың шығармаларына арналған кеш, Совет Әлімқұловқа арналған «Қаламгер ғұмыры — халыққа мұра» тақырыбында әдеби кеш, «Асанбай Асқаров еңбектері» тақырыбында таныстырылым, «Асқаровтың дара тұлғасы» тақырыбында тұлғатану кеші, Амангелді Сембинге арнап «Қазақ үнін әлемге танытқан» тақырыбында дөңгелек үстел, «Құны мен қасиеті тозбайтұғын, жасай берсін Сарысудың саңлақтары!» атты Сембин Амангелді Нақыпұлына арналған әдеби кеш өтті.
Қорыта айтқанда, кітап – өткеннің үні, бүгіннің тірегі, болашақтың бағдаршамы. Кітап оқуға құштар ұрпақ – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, саналы әрі білімді ұрпақ. Мұндай жастар ел дамуының қозғаушы күші болары сөзсіз. Сондықтан оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Кітапты серік еткен елдің келешегі кемел, болашағы баянды болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.