Бала құқығы-басты назарда
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Сарысу ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға комиссия төрағасы Жұмат Сақыпбеков, комиссия мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы бағытындағы жұмыстардың жай-күйін жан-жақты қарастыру, қиын өмір жағдайындағы жасөспірімдерге көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыру, сондай-ақ мектеппен, ата-аналармен және жергілікті ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту жолдарын анықтау.
-Балалар-біздің болашағымыз. Сол себепті олардың амандығы мен құқықтарының толыққанды қорғалуы-барлығымыздың ортақ міндетіміз. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, оларға қатысты кибербуллинг әрекеттері өте өзекті болып отыр. Сондықтан да жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізуіміз қажет,-деді комиссия төрағасы Жұмат Жұмабекұлы.
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ержан Көлбаев, аудандық полиция бөлімінің ювеналдық тобының бастығы, полиция майоры Жандос Амангелдиев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлдана Кабулова, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Әйнеков және аудандық орталық ауруханасы емхана бөлімінің меңгерушісі Ернар Бақытұлының баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарға сәйкес жүргізу керектігін жеткізді.
Комиссия отырысын қорытындылаған Жұмат Сақыпбеков күн тәртібіндегі мәселелер бойынша назарға алынып, тиісті мекеме, бөлім басшыларына кәмелетке толмағандардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған мобильдік топтар тарапынан түнгі рейдтік іс-шараларды жандандыру туралы тапсырмалар жүктелді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»