Мектеп пен ата — ана: ортақ мақсат, жарқын болашақ

0

Қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуіне жол бермеу. Құқықтық мемлекет құру жолында саналы, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – мемлекетіміздің бас­ты мақсаттарының бірі. Бұл міндетті жүзеге асыру жасөспірімдерді жаңа көзқараста, құқықтық сауаттылығы жоғары, заңды құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеумен тығыз байланысты.

Сондықтан да жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Сарысу орта мектебінде «Мектеп пен ата — ана: ортақ мақсат, жарқын болашақ» тақырыбында ата-аналар форумы өтті.
Алдымен келушілер фойеде мектеп оқушыларының қолөнер көрмесімен танысты. Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, аудандық прокуратурасының аға прокуроры Ердәулет Аманбаев, аудандық полиция бөлімінің ювеналдық тобының бастығы, полиция майоры Жандос Амангелдиев, аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда және ата-аналар қатысты.
Форумның басты мақсаты – мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті бірге сезіну. Өйткені бала тәрбиесі – қоғамның болашағын қалыптастыратын ең маңызды іс.
Жанұя – әрбір бала үшін алтын бесік. Баланың өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ана – баланың алғашқы тәрбиешісі, ал ұстаз – оның білім мен тәрбиесін толықтырып, бағыт-бағдар беретін тұлға. Сондықтан бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығы бір-біріне ауадай қажет.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Мектеп пен ата — ана: ортақ мақсат, жарқын болашақ» тақырыбында Сарысу орта мектебінің директоры Амина Шегірова баяндама жасады:
-Бүгінгі ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – қазіргі қоғам талаптарына сай жан-жақты дамыған, білімді де тәрбиелі тұлға қалыптастыру. Егер біз ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып, бойына адамгершілік, адалдық, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіріп өседі.
Бұл қасиеттердің барлығы адамның бойында бала кезден бастап қалыптасады. Баланың өмірге деген құштарлығының оянуы, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі – оның өскен ортасына, ата-анасының тәрбиесіне, достары мен құрбы-құрдастарының ықпалына байланысты.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның әрбір мүшесіне ортақ міндет,-деп мектепте оқу жылында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Мұнан соң «Құқықтық сауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғам негізі» тақырыбында аудандық прокуратурасының аға прокуроры Ердәулет Аманбаев, «Кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау – қоғам мен отбасының бірлескен міндеті» туралы аудандық полиция бөлімінің ювеналдық тобының бастығы, полиция майоры Жандос Амангелдиев хабарлама жасады.
«Бала тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі» тақырыбында аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов ата- ананың бала алдындағы міндеттеріне тоқталып өтті.
-Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Әрбір баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының, мектептің және ұстаздың орны ерекше. Баланың өмірге бейімделуі, дұрыс бағыт алып, саналы азамат болып өсуі – осы үш жақтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғамның негізін қалайтын маңызды іс. Бүгінгі тәрбиелі, білімді, саналы ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан бала бойына кішкентайынан ізгілік, жауапкершілік, адалдық пен сыйластық қасиеттерін қалыптастыру – ата-ана мен ұстаздың ортақ міндеті.
Қазақ халқының ұлттық өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес қазына. Халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті мен ұлттық құндылықтары осындай өнер арқылы жас ұрпақтың бойына сіңеді. Бүгінгі жас ұрпақтың ұлттық өнерді құрметтеп, оны дәріптеуі – біздің мәдени мұрамыздың жалғасып, құндылықтарымыздың сақталып келе жатқандығының айқын көрінісі.
Бала тәрбиесі – ең жауапты әрі қасиетті міндеттердің бірі. Бұл жолда мектеп пен ата-ананың бірлігі – болашақтың кепілі,-деді.
Форум аясында бірқатар белсенді ата-аналарға аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Шара концерттік бағдарламаға ұласып мектеп өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызы артып келеді. Отбасы институтын нығайту – бүгінгі күннің басты талабы. Форум отбасының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша ашық диалог жүргізілетін орынға айналды.
Иә, баланың жүрегіне мейірім мен ізгіліктің дәнін сеуіп, өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыратын да – ата-ана тәрбиесі. Сондықтан әрбір отбасы балаға тек білім ғана емес, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіруге ерекше мән беруі қажет. Отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғырта түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.