Жағымсыз әдет жақсылыққа жетелемейді
Қай қоғамның болсын ең қымбат қазынасы – адам. Ал сол адамның денсаулығы мен санасының саулығы – мемлекеттің беріктігінің негізі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда адамзатқа зор қауіп төндіріп отырған кеселдердің бірі – нашақорлық. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың тағдырына әсер ететін әлеуметтік дерт.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен біздің елімізде де нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы қатаң шаралар қолға алынуда. Президент 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде жағымсыз әдеттердің жақсылыққа жетелемейтінін нықтап айтып, нақты міндеттер жүктеді.
–Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол»-деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.
Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын, –деді Мемлекет басшысы.
Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі былтыр мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Қазақстан Республикасында 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті.
Құжат ғаламдық және өңірлік деңгейдегі наркожағдайдың даму үрдістерін талдау, Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың ұсыныстары, сондай-ақ жүйелі ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижелері негізінде қалыптастырылды.
Кешенді жоспар мемлекеттік антинаркотикалық саясаттың негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, наркожағдайды мониторингілеу, алдын алу шаралары, есірткі қылмыстарының жолын кесу, заңнаманы жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Құжатта заманауи технологияларды қолдануға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, талдамалық және жедел қызметте жасанды интеллектіні енгізу, газталдағыштармен және спектралды камералармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен жарақтандыру, заттай дәлелдемелерді сақтау қоймаларын цифрландыру, сондай-ақ цифрлық іздер базасын қалыптастыру айқындалған.
Іс-шаралардың жеке блогы заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, наркоскрининг жүргізудің негіздері мен тәртібіне, параллель қаржылық тергеп-тексерулерге, криптовалюта айналымын реттеуге, спайкингке қарсы іс-қимылға қатысты түзетулер енгізу, сондай-ақ есірткі қылмыстарын анықтауға жәрдемдескен азаматтарды ынталандыру тетіктерін әзірлеу жоспарланған.
Бағдарламалық құжат 7 бөлімнен, 106 тармақтан және 30 тармақшадан тұрады. Кешенді жоспарды әзірлеу барысында ол Премьер-министр жанындағы Республикалық штабтың, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Ішкі істер министрлігі жанындағы Нашақорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің отырыстарында, сондай-ақ халықаралық бейінді ұйымдардың сараптамалық әлеуетін пайдалана отырып қаралды.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде қоғамдағы есірткілену деңгейін және жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмыстарын төмендету, есірткінің және интернеттегі заңсыз контенттің қолжетімділігін қысқарту, есірткі заттарын тәркілеу көлемін арттыру, жойылған есірткі арналары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар санының өсуі, сондай-ақ өңір әкімдіктерінің антинаркотикалық қызметінің тиімділігін бағалау рейтингісін енгізу күтілуде.
Іс-шараларды қаржыландыру үш жылдық кезеңге республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен көзделген.
Осылайша мемлекет тарапынан есірткісіз болашақ қалыптастыруға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынуда. Өйткені, нашақорлық – көзге көрінбейтін, бірақ тамырын тереңге жайған қауіпті құбылыс. Ол адам өміріне ақырын еніп, сананы улап, ерік-жігерді әлсіретіп, ақыр соңында тұлғаны толық тәуелділікке түсіреді. Есірткі алғашында уақытша ләззат, жалған қуаныш сыйлағандай көрінгенімен, оның соңы – өкініш, өкпе, өксік.
Әсіресе, бұл дерттің жас буын арасында таралуы алаңдатарлық. Жастық шақ – арман қуып, мақсат айқындайтын, болашаққа жоспар құратын кезең. Алайда кейбір жастар жеңіл жол іздеп, уақытша қызығушылықтың жетегінде кетіп жатады. Қызығушылық, еліктеу, орта ықпалы, күйзеліс пен жалғыздық сезімі – бәрі де қауіпті қадамға итермелеуі мүмкін.
Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі түрлерінің көбеюі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Оларды заңсыз жолмен тарату тәсілдері де өзгеріп, жасырын сипат алған. Бұл қоғамнан сергектік пен бірлікті талап етеді.
Бағамдап қарай білсек, есірткі – адам ағзасының қас жауы. Ол ми қызметін бұзып, жүрек пен ішкі ағзаларға зиян келтіреді. Уақыт өте келе адам әлсірейді, еңбекке қабілеті төмендейді, өмірге деген қызығушылығы жойылады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, тәуелділік адамды ашушаң, тұйық, кейде агрессивті етеді. Отбасында түсініспеушілік пайда болып, ата-ана мен бала арасындағы сенім үзіледі. Талай шаңырақ шайқалып, талай тағдыр тәлкекке түскені жасырын емес.
Нашақорлық қылмыстың өсуіне де себеп болады. Тәуелді адам есірткі табу үшін заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Осылайша бір адамның таңдауы тұтас қоғамға кесірін тигізеді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді дана халқымыз. Сондықтан нашақорлықпен күресте ең бастысы – алдын алу шараларын жүргізу қажет.
Бұл тұрғыда бірінші кезекте отбасы тәрбиесі маңызды. Балаға мейірім мен бақылау қатар берілуі тиіс. Ашық әңгіме, сенімді қарым-қатынас – жасөспірімнің теріс жолға түспеуінің кепілі.
Білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Жастарға есірткінің зияны құрғақ сөзбен емес, нақты дерек пен өмірлік мысал арқылы жеткізілгені жөн. Сонымен қатар спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға кеңінен тарту – бос уақытты тиімді ұйымдастырудың бір жолы.
Есірткі– ессіз адамның ермегі екендігі сөзсіз. Дегенмен уақтылы көрсетілген медициналық және психологиялық көмек арқылы тәуелділіктен арылуға болады. Ең бастысы – адам өз мәселесін мойындап, көмек сұраудан қорықпауы керек. Қоғам да ондай жандарды шеттетпей, қайта өмірге бейімделуіне жағдай жасауы тиіс.
Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Саналы, салауатты, болашағына сенімді ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, нашақорлыққа қарсы күресті әр үйден, әр мектептен, әр жүректен бастауымыз керек. Есірткіге қарсы күресті құзырлы құрылымдарға ғана ысырып қоюға болмайды. Құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі