Қазыналы кейуана

0

Қазақта «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» деген нақыл бар. Екі ғасырдың да өтпелі кезеңін бастан өткеріп, тар жол, тайғақ кешудің талайына куә болған ғасыр жасаған әжелеріміздің арамызда бары көңіл қуантады. Көктемнің жайма шуақ күнінде сондай әжелермен жолығып, олардың ғұмырлық тарихынан сыр шерту бұйырыпты. Біз тілге тиек еткелі отырған Бибайша Өмірбаева әжеміз Өндіріс ауылында ғұмыр кешуде. Мереке қарсаңында ғасыр кәуәсі болған әжемізбен жолығып қайтудың сәті туды.
Бибайша Өмірбаева 1922 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Шкалов ұжымшарында өмірге келді. Үлгілі ауылында 6 сыныпқа дейін оқыған.
Өткен ғасырда халқымыз небір «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткергені белгілі. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс, мұның бәрі де ата-бабаларымыз үшін оңай соққан жоқ. Сол тұстағы балалар да тағдыр тауқыметін тартып, ерте есейді. Асыр салып ойнауды білмеді. Бұғанасы бекіместен еңбекке араласып, үлкендермен бірдей тер төкті. Бибайша әжей де 12 жасынан бастап тың игеруге Жамбыл облысына жіберіліп, Мәскеу қаласына дейін барған. 1939 жылы 17 жасында өмірлік серігі Б.Байжановпен жұп жарастырып, отау құрған.
Жас отбасы енді-енді ел қатарына қосылып келе жатқанда соғыс оты бұрқ ете қалады. Сол тұста Бибайша әжей небәрі 19 жаста еді. Ел ішіндегі ер азаматтардың барлығы дерлік иығына қару асынып, майдан даласына аттанды. «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен тылда әжеміз еңбек етті.
Кейіпкеріміз кейіннен соғыс зардабынан бүлінген жерлерді бүтіндеуге, қираған тұстарды қалпына келтіруге атсалысты.
Әжеміз жас кезінен өте пысық, он саусағынан өнер тамған қолөнердің хас шебері болғанын да ауыл жұрты жақсы біледі. Әжеміздің осы жасқа жетуінің бір сыры осы өмір-жолында жақсы адамдардың батасын алып, алғысқа бөленуінен болар деймін.
Ал 1950-1960 жылдары Коммунар кеңшарында жүгері егуге қатысып звеновод сілтемеші болып жұмыс атқарды. Қай кезде де қол қусырып қарап отыруды білмейтін жан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Коммунар кеңшарында ағаш өңдеу цехында еңбек етті. 1970-1980 жылдары егін шаруашылығына бет бұрып, мақта және қызылша жинау жұмыстарының бел ортасынан табылды. Адал еңбекпен абырой биігінен көтерілген абзал ана 1980 жылы зейнетке шықты.
Бибайша Өмірбаеваның өмір жолына көз жүгірте отырып, біз оның болмысымен біте қайнасқан батылдығын көреміз. Ел басына күн туған уақытта ерлермен бірдей еңбек етіп, алдыңғы шептен көрінген ана бейбіт өмірде де табандылығымен көзге түсті. Қазіргі таңда Өндіріс ауылында 30 немере, 10 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Талай оқиғаның куәгері болған кейіпкеріміз бүгінде 104 жасқа аяқ басты. Ғасыр жасаған кейуананың ғұмыр жолы қашанда көпке үлгі.
Әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерлерін ардақтаған текті елдің ұрпақтарымыз. Бүгінде еліміздің өсіп- өркендеуі мен гүлденуі асыл қарияларымыздың өшпес ерлігінің арқасы.
«Елдің амандығын тілеймін. Өмірде тек бейбітшілік болсын! Еліміз өркендеп, дами берсін», — дейді ғасыр куәгері.
Бүгінде өнегелі әулеттің шамшырағы болған ақ жаулықты ана бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді.

Сәулет Есқара, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.