АУДАН ӘКІМІ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ КЕСТЕСІНЕ СӘЙКЕС, АУДАН ӘКІМІ СӘКЕН МАМЫТОВ ЖАҢААРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ТҰРҒЫНДАРЫ АЛДЫНДА ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП БЕРІП, БИЫЛҒЫ ЖОСПАРЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ.
Аудан әкімі жиында өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, жыл ішінде атқарылатын оң істерді де тілге тиек етті.
— 2025 жылы Жаңаарық ауылдық округінде 9 жоба қаржыландырылды.
Атап айтсақ, Ұ. Сыздықбайұлы ауылына волейбол және балалар ойын алаңшалары орнатылды, ауылға спорт алаңшасы (стрид воркаут) салынды. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылына «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы орнатылса, Жаңаарық ауылдық әкімі аппаратының ғимаратына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус қойылды. Жаңаарық ауылдық округіне қарасты екі ауылда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Ұ.Сыздықбаев ауылындағы саябақ абаттандырылды.
Ұ.Сыздықбайұлы ауылына кіре берістегі арка жарықтандырылды және екі ауылдағы көшелердің жарық шамдары ағымдағы жөндеуден өтті.
Қыс мезгілінде ауыл ішілік жолдарды күтіп ұстауға арнайы қаржы бөлінді,-деді.
Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары мүгедектікке шығу, жайылым жерлер туралы мәселелерді қозғады.
Аудан басшысы бұл сұрақтарға заң аясында жауап берді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Аудан әкімі С.Мамытовтың халықпен есеп беру жиыны Түркістан ауылдық округінде жалғасын тапты.
Кездесу барысында аудан әкімі С.Мамытов ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс жоспарын баяндады. Сондай — ақ, ауылдағы көтерілген мәселелер бойынша жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
-Бүгінде төрт түлікке бай елдімекен саналатын Түркістанда тіршілік түрленуде. Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан ауылдық округінде 8 жобаға қаржы қаралды.
Атап айтсақ, Қаратас ауылына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді.
Қаратас ауылына кіші футбол алаңшасы орнатылды. Ә.Бүркітбаев ауылына жасыл белдеу қорғаныш алқабы салынды. Ә. Бүркітбаев ауылындағы саябақты қоршау жұмыстары жүргізілді. Ә. Бүркітбаев ауылындағы саябаққа бейнебақылау камералары орнатылды.
Түркістан ауылдық округіне қарасты үш елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жасалды.
Қыс мезгілінде ауыл ішілік жолдарды күтіп ұстауға Арыстанды ауылындағы футбол алаңшасы ағымдағы жөндеуден өтті,- деп жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Жиында ауыл тұрғындары жарыссөзге шығып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізіп, бақылауға алып, жұмыс жасау үшін жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Биылғы жылы да аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесе атқару керектігін айтты. Ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жиын соңында азаматтарға жеке мәселелерімен қабылдау өткізді. Есептік жиыннан кейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы кеңінен айтылып, оның негізгі бағыттары түсіндірілді.
Сәулет ЕСҚАРА, «SARYSÝ»