Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Адамзаттың асылы Мұхаммедке және оның отбасына Алланың сәлемі мен салауаты болсын!
Он екі айдың сұлтаны рамазан айы да келіп қалды. Барша әлемнің мұсылмандары сағына күткен ай. Сауаптар еселенетін, жүректер жұмсаратын, мейірім төгілетін берекелі де мерекелі ай.
Қасиетті кітап Құран Кәрімде Жаратушы иеміз: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден алдыңғы қауымға бұйырылғанындай, сендерге де рамазан айында ораза тұту әмір етілді! Бәлкім тақуалық етерсіңдер» (Бақара сүресі, 183-аят) – деп бұйырды. Осы аяттың мағынасы рамазан айында ораза тұту арқылы тозақ отынан құтыларсыңдар, ораза тозаққа алып барар күналардан сақтайтын қалқан деп тұр.
Алла елшісі (ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Ислам бес негізден тұрады: Алладан басқа ешнәрсеге құлшылық етпеу, намаз оқу, зекет беру, қажылығын өтеу, Рамазан айында ораза тұту», — деп айтты. Исламдағы бес парыз дегеніміз осы.
Оразаның артықшылықтарын айтар болсақ олар мынандай:
1. Алланың алдында дәреженің көтерілуі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Адам баласының жасаған әрбір амалы өзі үшін, ал ораза мен үшін. Ораза тұтушының сауабын мен ғана өлшеп, мен ғана беремін», — дейді. Бұл хадистен рамазан айының оразасын тұтушының дәрежесінің қаншалықты биік екенін көре аламыз. Оның сауабын тек бір Алланың өзі өлшеп, өзі ғана беретін болса не деген биік дәреже!
2. Ораза да күнәлардың кешірілуі. «Кімде кім рамазан айының оразасын шынайы иманмен, бар ықыласымен ұстаса, Алла Тағала ол адамның алдыңғы күнәларын кешіреді» — деген хадисте.
3. Нәпсіқұмарлықтан арылу. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бір хадисінде: «Расында шайтан Адам баласының қан тамырында жүреді. Сол үшін оның жолдарын аштықпен байлап тастаңдар» — деп келген. Нәпсіқұмарлық лағынетінің сыбырлауымен болатынын ескерсек, ораза ұстау арқылы, шайтанның уәсуәсасы мен арыстандай ақырған нәпсінің азғыруынан ада болатынымыз шындық.
4. Оразада садақа көбейеді. Оған не себеп болады десеңіз. Атамыз қазақтан қалған сөз бар «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген. Осы айда Алланың разылығын іздеп ораза тұтқан ауқатты адам аштықтың не екенін түсініп, мұқтаждықта жүрген адамдарға мейірімі түседі. Осыдан келіп садақа беру көбейеді.
5. Аллаға шүкіршілік артады. Күнделікті тоқшылықта жүрген адам астың қадірін, баршылықта жүрген адам жоқтың қадірін білуден қалатыны белгілі жағдай. Сол арқылы өзіне келіп жатқан тоқшылық пен баршылықты солай болуы керек қалыпты жағдай деп біліп Ұлы Жаратушыға шүкір айтуды ұмыт қалдыратынымыз өтірік емес. Ораза тұту арқылы адам тәубесіне келіп шүкірін арттырады.
Ораза ұстаушы неден сақтануы керек?
Ауыз ашуды әдейі кешіктіруден. Ғайбат айтудан. Өсек айтудан. Өтірік айтудан. Алла елшісі (ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Кім өтірік айтудан және арам қылықтарды жасаудан тыйылмаса, Алла Тағалаға оның жәй ғана ішіп-жеуден бас тартқаны керек емес» — деген. Сәресіге тұрмаудан. Сәресіде береке бар. Бұл дұғалардың қабыл болатын кезі. Дәрет алғанда кеңсірікке және тамаққа суды жәй уақыттағыдай терең алудан. Өйткені ішке судың кетіп қалу қаупі бар. Ол өз кезегінде ауыздың ашылуына себеп болады. Сол себепті ораза кезінде ауызға, кеңсірікке суды қатты тартпау керек.
Сөз соңында барша аудан халқына, соның ішінде кәсіпкерлерге айтпағым бар! Құрметті дүкен иелері, кафе, тойхана иелері осы рамазан айының құметіне ішімдік сатуды тоқтатсаңыздар! Алла баршамызға берекесін берер еді! Ішімдік қаншама қасіреттер алып келіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз!
Қадірменді ағайын!
Баршамызға келіп жеткен Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Алла Тағала барлықтарымыздың осы айда жасайтын амалдарымызды разы болып қабыл алсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ғ. Қонақбаев,
«Сарысу аудандық» мешітінің бас имамы