ЖАҢА РЕФОРМА-ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Ата Заңына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының 20-сы күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында осыған орай нақты тапсырмалар берген болатын.
Жаңа Конституция жобасы-бұл тек заң мәтінін жаңарту емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін нақты көрсетуге бағытталған стратегиялық құжат.
Осы аптада аудан әкімі Сәкен Мамытов «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінде болып, ҚР Конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында қызметкерлермен жүздесті.
Жиынның басты мақсаты-конституциялық реформаның негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндіру, енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызын талқылау, сондай-ақ қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау болды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков Конституцияның міндеттемелерін айтып, аудандық ақпараттық түсіндіру жұмысшы тобының жоспарларымен бөлісті.
-Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір азамат оның мазмұнын дұрыс түсініп, өз пікірін білдіруі маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі, – деді.
Кездесуде осы өзгерістердің мәнін түсіндіру, оларды ашық әрі түсінікті түрде талқылау баршамыз үшін ортақ міндет екені атап өтілді.
К.СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»