ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕҢДІК САҚТАЛУЫ ТИІС
Аудандық білім бөлімінде аудан әкімі Сәкен Мамытовтың қатысуымен Конституциялық Жаңа реформаны түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.
Жиын барысында аудан басшысы: — Бүгінгі күн – халқымыз тарихында алтын әріппен жазылар, ұрпаққа үлгі болар ұлы белес. 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен V Ұлттық Құрылтай – ел тағдырын айқындаған, мемлекеттің болашағын бағдарлаған тарихи сәт болды. Сол қасиетті жиында Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпыхалықтық референдум өткізу қажеттігін жария етіп, әрбір азаматты ел ертеңін бірге ойлауға, ортақ мақсатқа жұмылуға шақырды, — деп саяси науқанның маңыздылығына тоқталды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Конституция жобасы» туралы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Сәлимова толыққанды ақпарат беріп, аудандағы құрылған ақпараттық түсіндіру жұмысшы тобының негізгі бағыттарын атап өтті.
К.СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»