ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМТУ — АТА ЗАҢНЫҢ НЕГІЗГІ КҮШІ
Конституция-бүкіл құқықтық жүйенің тірегі. Оған енгізілген әрбір түзету азаматтардың құқығына, мемлекеттік органдардың жұмысына және ел дамуының жалпы бағытына тікелей әсер етеді. Сол себепті мұндай реформаның маңызы айрықша, ол күнделікті тіршіліктен алыс көрінгенімен, әр адамның мүддесіне қатысты.
Жаңа жобада әлеуметтік кепілдіктер мен мемлекеттік қолдау нақты көрсетілген. Азаматтардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басты мақсат. Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында ақпараттық-түсіндіру тобы білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов Конституция-елдің негізгі заңы ғана емес, қоғам дамуының берік іргетасы екенін, ұсынылып отырған өзгерістердің халықтың мүддесіне сай әзірленгенін айтып, конституциялық реформалар ел болашағы үшін маңызды қадам ретінде бағаланатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, мектеп-гимназияның директоры Ержан Көлбаев та сөз сөййлеп, жаңа Конституция жобасы әділеттілік, теңдік және заң үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ ол бұл өзгерістер азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтетінін және қоғамдық келісімді сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын жеткізді.
К.СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»