ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

0

Егемендік жылдарында өңірлерді дамытуға, оның ішінде ауылдардың ахуалын жақсартуға баса назар аударылып келеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан байыпты бағдарламалар мен жарқын жобалар қолға алынып, өзінің оң нәтижесін беруде. Бұл тұрғыда Байқадам ауылдық округінде де ауыз толтырып айтарлықтай істер аз емес.

Сан ғасырлық тарихы бар Саудакент ауылы бүгінде серпінді даму үстінде. Іргелі елді мекенде 25 мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мысалы, білім  саласында Б.Адамбаев атындағы тірек, Байқадам атындағы орта мектептері өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Орта мектеп жанындағы интернатта да жас жеткіншектер қамқорлыққа алынып, жайлы жағдаймен қамтылған. Сонымен қатар   мектептен тыс мекемелердің де жұмысы жолға қойылған. Атап айтқанда, техникалық шығармашылық орталық, балалар саз мектебі, Саудакент аула клубы өрендердің бос уақытын тиімді пайдалануға, олардың шығармашылығын шыңдауға, ізденістерін ілгерілетуге күш салуда. Ал «Ақбота» балабақшасында 11 топ бойынша 240 бала тәрбиеленеді. Осы жерде айта кету керек, қазіргі таңда ауылдық округте балабақша кезегінде тұрғандар жоқ. Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде бұл бағыттағы мәселелердің оң шешімін тапқаны қуантады.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында емхана мен аурухана өз дәрежесінде қызмет атқаруда.

Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың қай кезде де маңызы зор. Осы орайда  жұртшылықтың спортпен айналысуына жағдай жасау да күн тәртібінен түскен емес.  Қазіргі таңда Саудакент ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 627 бала спорттың 9 түрінен білім алуда. Ауыл ішінде 1 спорт кешені, 1 спорт зал, 6 кіші футбол алаңы, 4 тренажер және 1 балалар ойын алаңы орналасқан.

Ұлттық құндылықтарды насихаттауда, рухани қазынаны молайтуда мәдениет саласының өкілдеріне де жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда бір мәдениет үйі мен екі бірдей кітапхана жұмыла жұмыс істеуде. Заман талабын ескере отырып ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтың да тиімділігі мол. Бүгінде округ тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ қажетті анықтамаларды осы жерден алуда. Сонымен қатар округте 2 саябақ, 5 тарихи ескерткіш, 1 мешіт орналасқан.

Тарихи орындар туралы сөз қозғалғанда Саудакент қалашығына арнайы тоқталмасақ болмайды. Кезінде әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның өзі Саудакент қалашығын зерттеп, сүбелі еңбек жазып қалдырғаны белгілі. Сонымен қатар Рубрук, Колосовский, Бернштам сияқты ғалымдардың жазбаларынан да көне қалажұрт туралы деректерді кездестіруге болады.

Саудакент қалашығының айналасы 4 метр биіктіктегі қорғаныс дуалдарымен қоршалған. Зерттеулер нәтижесінде, көне қалажұрт VIII-XIII ғасырларға жатады. Қорғаныс дуалдарының ішінде 11 қорғаныс мұнарасы бар. Ежелгі деректерде қалашық X ғасырда Сугулхан атымен, ал XIII ғасырда Сулхан деген атпен белгілі болған.. Бізге жеткен деректер бойынша, Саудакент кезінде мәдениеті мен қолөнері қатар дамыған қала болған. Мұнда Қытай, Пәкістан, Иран елдерінен саудагерлер келіп, түрлі-түсті маталар мен кілемдер саудалаған. Бұл кезең Шыңғыс ханның билік құрған уақытымен тұспа-тұс келеді. Алайда, Шыңғыс хан Саудакенттің соғыссыз берілуін талап етіп, бірнеше рет әскер жіберген деген де деректер бар. Бірақ қала халқы бірден берілмеген. Содан кейін үлкен шайқас болып, қала қиратылады. Күні бүгінге дейін Саудакент қалашығынан қылыштың сынықтары, теріден жасалған тегенелер мен түрлі қару-жарақ табылады. Қазір 5000-нан астам жәдігер мен 1000-нан астам экспонат Саудакент ауылындағы Төкен Мақашев атындағы аудандық музейде сақтаулы тұр.

Ұлағат тұнған Ұлы даламызда ежелден өркениеттің болғаны, озық мәдениеттің қалыптасқаны шын. Тарихтан белгілі, XIV ғасырда сауда жасаушылар үшін теңіз жолы ашылды да, құрлық арқылы жүретін керуен жолы өмір сүруін тоқтатты. Одан кейін ірі сауда орталығы болған қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы орталықтарға шоғырлана бастады. Мәселен, тарихшылардың айтуынша, бүгінгі Жамбыл облысының аумағындағы Меркі, Аспара, Баласағұн, Құлан, Өрнек қалашықтары VI-XIV ғасырлар аралығын қамтыған қалаларға жатады. Сонымен қатар теңіз жолы арқылы жүру сол кездегі еуропалықтар үшін әрі қауіпсіз, әрі тиімді болған. Алайда, сол кездегі ірі сауда шаһарлары Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтарға шоғырланғандықтан, Саудакент қаласы да өзінің өмір сүруін тоқтатты деуге болады. Әрине көздің жауын алатын жібек, атлас маталар мен әйелдердің алтын, күміс алқаларын, моншақ, сырға, білезік, шолпы сияқты құндылықтарды, сонымен қатар бай-манаптардың қымбат киімдері мен қолөнер бұйымдарын саудалайтын сауда орталығында бұдан өзге де кәсіп түрлерінің болғаны ақиқат.

Тағы бір айта кетерлігі, әйгілі ғалым Александр Бернштам өз еңбектерінде Саудакент қаласында ерте заманда-ақ металлургияның дамығанын жазған. Расында да, Саудакент қалашығы орналасқан Шабақты, Үшбас өзендерінің жағалауы, одан қала берді Қаратаудың теріскейі тұнған қазына. Тарихшылардың айтуынша, мұнда кезінде қорғасын, қалайы, мыс кен орындары болған. Көне қалажұртты мекендеген түргештер мен қарлұқтар кен өндірудің жаңа технологияларын пайдаланған.

Сонымен қатар мұнда зергерлік бұйымдарды жасау кең етек алған.

Негізі Саудакент қаласы үш бөліктен тұрған. Қаланың Шахристан бөлігі, шаруашылық аймағы болған. Бүгінде қаланың орталық бөлігі ғана сақталған. Ал басқа бөлігі бүгінгі Саудакент  ауылының астында қалып кеткен болуы мүмкін деген нұсқалар бар. Жалпы, Саудакент қалашығы туралы тарихи деректер де, аңыз-әңгімелер де көп. Алайда, көне тарих көмбесін ашып, көне қалашықтың көркем әлеміне бойлау – бүгіннің басты талабы. Осы орайда кең ауқымдағы тиісті зерттеу жұмыстарының қолға алынатындығына  сеніміміз мол. Ал біз тарапымыздан көне қалашықтың маңайында тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. «Тазалық-табалдырықтан басталады» деген сөз тектен тек айтылмаған. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында тарихи ескерткіштердің айналасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, ондағы жиналған күл-қоқыстар  арнайы орындарға шығарылады. Көктемгі және күзгі тазалық айлықтарына байланысты округке қарасты мекеме қызметкерлері мен ауыл  тұрғындары арасында сенбіліктер ұйымдастырылып тұрады. Биыл  Саудакент ауылы бойынша 100 түп жеміс тал, 500 түп қара тал, 40 түп қылқан жапырақ көшеті егілді. Осы егілген талдар күтіп бапталуда.

Бүгінде Саудакент ауылында 38 көше бар. Осы көшенің барлығына асфальт төселген. Түнгі жарықпен қамтамасыз ету  бойынша да ауыз толтырып айтуға болады.

Биыл  А.Байтұрсынов көшесін түнгі жарықтандыруға аудандық бюджеттен 4,5 миллион теңге бөлініп, мердігер  «Шах» жеке кәсіпкерлігі тиісті  жұмыстарды толық аяқтады. Әйтеке би көшесін түнгі жарықтандыруға аудандық бюджеттен 2,4 миллион теңге  бөлініп,  мердігер  «Маржан» жеке кәсіпкерлігі  міндеттемені өз уақытында орындады. Сонымен қатар  Ш.Құдайбердиев және М.Жұмабаев көшелеріне 2,7 миллион теңгеге  «Акыжанова» жеке кәсіпкерлігі түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда ауылдағы 38 көшенің 34-іне  түнгі жарық шамдары орнатылған.

Бұдан бөлек ауыл орталығында орналасқан кіші футбол алаңшасын ағымдағы жөндеуге 3,5 миллион теңге қаржы бөлініп,  бұл жұмыстарды «БМ» жеке кәсіпкерлігі атқарды.

Сондай-ақ Ы.Алтынсарин көшесінің бойын абаттандыруға 13,9 миллион теңге қаралып, мердігер  «SHOLAN-BAY» ЖШС  тиісті шаруаны атқарды.   Осы көшенің бойына волейбол ойын алаңшасын орнатуға 6,2 миллион теңге бөлініп,  «Мирас» жеке кәсіпкерлігі тапсырысты орындады.

Ауылда көп жылдан бері жеке меншікте болған жастар стадионын сатып алуға  «QazaqSoda» компаниясы демеушілік танытып,  11 миллион теңге бөлді. Қазіргі таңда аталған нысан  жергілікті әкімдіктің  теңгеріміне берілді. Нысанның сәйкестендіру құжаттары рәсімделді.  Аудан әкімінің келісімімен жобалық сметалық құжаттар әзірленіп,  259,0 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді.

Ауызсу және газ құбырын тарту мәселесі бойынша да нақты нәтижеге қол жеткізіліп келеді. Бүгінде ауыл бойынша 22 көшеге  ауыз су құбыры желілері жүргізілді. Осы 22 көшеде орналасқан 450 тұрғын үйге ауыз су құбыры  жеткізіліп, су жіберуге тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл ішіне газ жүйесінің құбыры толығымен жүргізіліп қойылды.

Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі ауыл-шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Округтің жалпы жер көлемі  45828,1 гектар болса, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер  7525,1 гектарды құрайды. Сонымен қатар  333,9 гектар егістік,   7319,5 гектар жайылымдық бар.

Қазіргі таңда округте 24 шаруа қожалық  тіркелген.  Оның 13-і  мал шаруашылығымен,  11-і  егін шаруашылығымен айналысады.

«Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша несие алуға ниет білдірген 12 азаматтың жобасы ұсынылды. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 5 азаматтың құжаттары өткізілді. Қалған 7 азаматтың құжаттары жинақталуда. Жалпы кәсіпкерлік саласында 396   субъекті жұмыс істеуде. Ауылдық округті дамыту бағытындағы жұмыстар ары қарай да жалғасын таба беретін болады.

Мейіржан Өксікбаев,

Байқадам ауылдық округінің әкімі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.