Ұлттық құндылықтарды ойын арқылы дамыту
Игілік ауылында аудандық семинар өтті.
Игілік ауылының «Балбөбек» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық құндылықтарды балаларға ойын арқылы дамыту» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қабілеттерін ойын арқылы дамыту, ұлттық тәрбие берудің тиімді жолдарын насихаттау болды.
Семинарды бөбекжайдың меңгерушісі Г.Сертекеева ашып, қатысушыларға консультациялық пункттің жұмыс барысын түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті.Семинар барысында тәрбиешілер өздерінің ұлттық ойын түрлерін көрсетіп, әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Атап айтқанда С. Төленбекова қатысушыларға «Бескеней» ойынын, Н. Нұрмаш «Бестемше» ойынын, Д. Шардарбекова «Ханталапай» ойынын, ал Ж. Барақбаева мен М. Исаева балаларға арналған пазл ойындарын көрсетті.
Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында тәрбиеші Қ.Ахабаеваның тәрбиеленушілері ұлттық нақыштағы «Торсық» биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Педагог-психолог балалармен бірге «Текшелер» ойынын ойнатып, олардың логикалық ойлауын дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді көрсетті.
Семинардың көрігін әжелердің орындауындағы әсерлі «Дедімай-ау» әні қыздырды. Ал ата-аналар өз аттарынан бөбекжайға ұлттық ойын жиынтықтарын сыйлап, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты.
Іс-шара соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері А. Ташенова белсенді қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттап, семинардың маңыздылығын атап өтті.
Бұл семинар қатысушыларға ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызын терең түсінуге мүмкіндік беріп, мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың тиімді жолдарын айқындады.
А. Балашова, «Балбөбек»бөбекжай-бақшасының әдіскері