Жаңа орталық ашылды

0

Апта басында аудандық орталық емханада «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ж. Сақыпбеков, қалалық билер кеңесінің төрағасы С. Бегеев құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын және орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік бұл балалар денсаулығын сақтауға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстың бастамасы.
Жаңа орталықтың мақсаты балалардың дамуындағы ауытқулар мен медициналық, әлеуметтік қауіптерді ерте кезеңде анықтап, уақытында көмек көрсету. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін аса маңызды. Себебі сәбидің алғашқы жылдарында кез келген өзгерісті ерте байқау оның болашақтағы денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді.
Ашылып отырған орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарына сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты — балалардың дамуындағы қауіптер мен ауытқуларды ерте анықтап, кешенді медициналық және психоәлеуметтік көмек көрсету.
Одан кейін аудандық орталық аурухананың басшысы А. Каликова орталықтың қызметі жайлы түсіндіріп өтті.
-Орталық қызметі тек баламен ғана шектелмейді. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, кеңес беріледі, үй жағдайында баламен қалай жұмыс істеу керектігі үйретіледі. орталықтың басты қағидаты — ата-ананы серіктес ретінде қабылдау.
Қазір балалардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Оған табиғи емізу, қосымша тағамды енгізу, жалпы баланың бес жасқа дейінгі дамуын бақылау, есту қабілетін анықтайтын аудиологиялық скрининг сияқты шаралар жатады.
Орталық үшін ең маңыздысы — баланы диагнозбен шектеу емес, оның әлеуетін барынша дамыту, ал ата-ананы жалғыз қалдырмай, қолдау көрсету.
Бұл орталықтың жұмысы балалардың қоғамға бейімделуіне, болашақта мүгедектіктің алдын алуға және отбасылардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенемін.
Даму және ерте араласу орталығының есігі әрдайым ашық болсын, ал мұнда келген әр балаға үміт пен сенім сыйлай алсақ — еңбегіміздің ең үлкен жемісі сол болмақ,-деді.
Иә, жаңа орталықтың құрылымы жан-жақты қамтылған. Мұнда жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға арналған әмбебап күтім жасап, бақылау жүргізетін дәрігер кабинеті бар. Сондай-ақ, баланың даму ерекшеліктерін бақылау үшін арнайы баланы дамыту кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде ата-аналарға дұрыс тамақтану бойынша кеңестер берілетін ресурстық орталық та орналасқан. Сонымен қатар, дыбыстан оқшауланған кабинетте аудиологиялық және психофизикалық скринингтер өткізіледі. Аудиологиялық скриниг дегеніміз яғни баланың есту қабілетін тексеру. Бала туылған сәттен перзентханадан тексерілсе, 1 айлықтан кейін осы бөлімге келіп алдын алады. Қандай да бір өзгеріс болса, скриниг арқылы анықтауға болады. Сонымен қатар, біздің орталықта патронаждық қызметтік медбикелер жұмыс атқарады. Ол дегеніміз, әлеуметтік жағдайлары төмен, отбасында қандай да бір қиындық болса, сол балаларды дер кезінде көмек көрсету болып табылады.
Аталмыш орталықтың лентасы салтанатты түрде қиылды.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.