Аналар аманаты-ұлт болашағы

0

Заң — бұл мемлекет пен қоғамның тәртібін, әділдік пен жауапкершілікті қамтамасыз ететін басты кұрал. Ал ізгілік адамның жүрегінен туындайтын, адамгершілік пен мейірімнің бастауы. Осы екі ұғым тоғысқанда ғана қоғамда үйлесім, тыныштық, әділдік пен адамдық қасиет орнайды. Ал осы қасиеттерді бала бойына сіңіретін, өмірдің алғашқы сабақтарын үйрететін ана. Ана-ізгіліктің, имандылықтың және заңға кұрметтің алғашқы ұстазы. Әрбір ананың сөзі мен ісі баланың болашағына бағыт сілтейтін компас іспетті.
Бала қоғамның болашағы десек, ананың тәрбиесі сол қоғамның келбетін айқындайды. Егер ана өз баласына заңға бағынуды, әділ болуды, өзгеге құрметпен қарауды үйрете білсе, онда ол мемлекетке адал азамат тәрбиелеп отыр деген сөз.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Анаға тағзым» орталығының директоры, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мырза-ғали Эльмира Иниятқызының аудандық аналар кеңесі мүшелерімен «Аналар аманаты-ұлт болашағы» атты кездесу өтті.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Модабеков жүргізіп отырды.
Басқосуда Аналар кеңесінің төрайымы Светлана Қожаназарова «Аудандық аналар кеңесінің қызметі туралы» хабарлама жасады:
-Сарысу ауданы ардагерлер кеңесінің шешімімен 2024 жылдың 6 қаңтарында №1 хаттамаға сәйкес ауданның «Аналар кеңесіне» өзгерістер енгізе отырып, қайта кұрылды. Сонымен катар, Жаңатас қаласымен 9 ауылдық округінде аналар кеңесінің құрамы жасақталды. Олар, белсенді деген 45 аналар алқасының мүшелерінен құрылған. Біздің ауданның әжелері белсенді. Сарысу ауданы «Аналар алғысы» қоғамдық құрылымының 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес бірнеше іс-шаралар өтті. Ауданның аналар алқасы, жылдық жоспарға сәйкес, 6 бағыт бойынша өз қызметтерін ұйымдастырды. Олар «Әжемнің ертегісі», «Ұрпақ тәрбиесі-Ұлт тәрбиесі», «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт», «Ене мен келін сыйластығы», «Әжелер ансамблі» «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» жобалары бойынша жұмыс жүргізілді. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар алқасы толайым жақсы істерге ұйытқы әрі мұрындық болып, қоғамдық жұмыстарға араласып, аудан көлемінде өтіп жатқан барлық саяси, мәдени-рухани, діни шаралардың басы-қасында жүріп, еңбек адамдары мен жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Ол кісілердің ақ шағаладай болып, ұлттық киіммен кимешек киюі немерелеріне «Ер Төстігім бір төбе»-деп, ертегі айтуы ұлттық құндылығымызды орнықтырудың озық үлгісі деп білеміз. Бүтін отбасы-мемлекеттің байлығы. Біздің ауданда да іргесі мықты, босағасы берік, шаңырағы биік отбасылар бар.
«Аналар мерекесіне орай» ауданда «Асыл аналар» атты кең ауқымды іс-шара өтті. Батыр бабаларды, дарынды балаларды тәрбиелеуге үлес қосқан аналар, ауданға елеулі еңбегі сіңген аналар, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісі бар аналар, жалғызбасты аналар, өмірлік қиын жағдайға тап болған, аналарды қатыстыру арқылы марапаттады. Облыстық «Достық керуен» жобасын Сарысу — ауданында ұйымдастыру және өткізу шараларына барлық ауылдық округтердегі аналар алқасы атсалысып, өнерлерін көрсетті. Аймақта кітап оқу жылы болып жариялануына байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулие ата-кітап оқитын — өңір» жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты-өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Осыған орай Ақтоғай ауылында ақын, қоғам қайраткері Рафаэль Ниязбековты еске алуға арналған рухани кеш өтті.
Осы кеште, ауылдық округінде аналар алқасынан кұралған «Шабыт» тобы ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады. Әшір Бүркітбаев ауылдық округінде балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан қаламгер Совет Әлімкұловтың шығармаларына арналған әдеби кеш өтті. Осы кеште Асыл әжелеріміз халық әндерін орындады.
1 қазан-«Қарттар күніне орай, спорт кешенінде «Ата дәстүр салтымыз-қастерлейік жалпымыз» атты кеш өтті. Атап айтсақ «Сымбатты әжелер» командасы «Шаш өру», «Жүн сабау» дәстүрлерін, «Өнерлі әжелер» командасы «Ұршық иіру» және «Асыл әжелер» командасы «Күбі пісу» дәстүрін ұсынды. Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен кеш өткізіліп, аналар алқасынан құрылған «Шабыт» тобының өнерпаздарына құрмет көрсетілді.
Киелі сахнада өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген ақ жаулықты аналар мен абзал ағаларға алғыс ретінде ауыл әкімі Жалғас Дүйсенов зерделі шапан жауып, сый-құрмет танытты. Бұл тек кұрмет емес, кейінгі ұрпаққа үлгі, тағылымды тәрбие. Ұрпағым ұлықтаған қарттар амандығы-елдің амандығы.
Сөзімді қорытындылай келе, ұлт болашағы ананың алақанында.
Бүгінгі қоғамда ананың тәрбиесі мен заңның беделі қатар тұрса ғана біз ізгі де әділ қоғам құра аламыз. 2026 жылға арналған іс- шаралар жоспары бекітіліп, алдағы уақытта осы жоспар бойынша жұмыстар атқарамыз,-деді.
Одан кейін «Анаға тағзым» орталығының директоры, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Э. Мырза-ғали бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және аналардың қоғамдағы рөлін талқылай отырып, ұрпақ тәрбиесіне ортақ үлес қосу туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.
-Қазіргі танда заңсыздық, зорлық-зомбылық, әдепсіз мінез-құлық сияқты келеңсіз әрекеттердің көпшілігі отбасындағы тәрбиенің осалдығынан бастау алады. Сондықтан отбасындағы ананың беделі мен сөзі заңнан кем емес.
Ана баласына: «Әділ бол!» десе, ол аділ азаматқа айналады. «Мейірімді бол!» — десе, ол ізгі жүректі тұлға болады, «Еліңе адал қызмет ет!» -десе, ол өз Отанын сүйетін азамат болып өседі.
Қазақта: «Ананың бір ақ сүтіне барша әлем сыймайды» деген даналық бар. Расында да, ананың жүрегіндегі мейірім мен заңға деген құрмет баланың мінезінде, ісінде, таңдауларында көрініс табады.
Сондықтан, заң мен ізгілік тоғысқанда- ананың рөлі ерекше. Ана-заңның орындалуына да, ізгіліктің орнауына да тікелей ықпал ететін тұлға. Әрбір ана өз баласына мейіріммен қарай отырып, қоғамның заңға бағынған, парасатты азаматын тәрбиелейді,-деп түсіндіріп өтті.
Бүгінгі кездесуде аналар тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісті сала басшыларына жолданатын болады.

Сәулет ЕСҚАРА, «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.