Қарияға құрмет-басты құндылық
Үлкенге ізет көрсеткен дана халқымыз: «Қариясы бардың — қазынасы бар», — деген қанатты сөз қалдырған. Бұл үлкенін ізеттейтін, кішісін құрметтейтін елге ғана тән құбылыс десек артық айтқандық емес.Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап, немерелері қойнына тығылып, мойнына асылып жатса – еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», — деп құдайға құлшылық етуінің мәні де, мәнісі де осында.
Ауданымызда қарттарымызға құрмет көрсету, үй шаруасына қолғабыс ету аясында ауқымды игі бастамалар жүзеге асып келеді. Осыған орай «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері Тоғызкент ауылының тұрғындары Абдіралиев Үсен ата мен Қуатбекова Әтіркүл апаның шаңырағына арнайы барып, амандасып, хал-жағдайларын сұрап қайтты.
Кездесу барысында қарияларға ізгі тілектер айтылып, арнайы сый-сияпат табысталды.
Бұл игі іс – үлкенге құрмет көрсету, адамгершілік пен мейірімділік құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да орталық тарапынан осындай тағылымды шаралар жалғасын табады.
С. РЫСБЕКҰЛЫ, «SARYSÝ»