ҰЛТЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ
Мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаев өз дәуірінің ұлы саясаткері бола білген біртуар тұлға күрделі, қарама-қайшылыққа толы кезеңге қарамастан, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, төл мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Осыған орай, аудандық «Коворкинг» орталығында Д.Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына арналған «Елін танытқан ер» атты еске алу кеші өтті.
Салтанатты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев, зиялы қауым өкілдері, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің, кітапхана қызметкерлері мен жастар қатысты.
Шараның басты мақсаты – ел тарихында өшпес із қалдырған Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолын,
мемлекетті басқарудағы салиқалы саясатын, адами болмысын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту, жас буынның тарихи сана-сезімін қалыптастырып, отансүйгіштік рухын нығайту.
Іс-шара Дінмұхамед Ахметұлының өмірі мен қызметіне арналған «Ғибратты ғұмырнама» атты бейнебаянмен ашылды.
Кеш барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев, ақын Советкүл Жарылқасынова ұлт қайраткерінің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды.
Кеш аясында Қонаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған мазмұнды баяндамалар жасалып, оның тарихи тұлғасын айшықтайтын деректер мен естеліктер айтылды.
Сондай-ақ кітапхана қызметкері Луиза Рахымбаева Д.Қонаевтың 10 қасиеті туралы тілге тиек етсе, Ақжарқын Жанжолова «Елу жыл ел ағасы» естеліктер айдарын айтты. Сонымен қатар, кітапхана қызметкері Меруерт Серікбаева «Ұлыларды ұрпақ үшін ұмытпа» виртуальды кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, ақын Үміт Битенованың «Димаш ата рухына» өлеңін оқып берді.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп, ұлт ретінде ұйысуына Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі ерен. Ол әрдайым ел мүддесін, болашақ қамын бір сәт естен шығарған жоқ. Содан болар, тұтас жұрт қайраткерді нағыз ұлт жанашыры, кемеңгер басшы ретінде таныды.
С. РЫСБЕКҰЛЫ, «SARYSÝ»