Қоғам тұрақтығының тірегі

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында: заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттің басты басымдықтары екенін айқындап келеді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан – ортақ арманымыз. Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз» деген нақты міндеттерді алға қойған болатын. Сарысу ауданында 2025 жылы «Заң мен тәртіп» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Осыған орай апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті.

Кездесуге қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

Жиынды аудан әкімінің  орынбасары Н. Молдабеков ашып жүргізіп отырды.

-Аудан көлемінде «Заң мен тәртіп» апталықтары ұйымдастырылып, Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерде өткен қоғамдық қабылдауларға 5 000-нан астам тұрғын қатысты. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында прокуратура, полиция және білім саласы қызметкерлерінен құралған 3 мобильдік топ тұрақты жұмыс атқарды. 72 рейд жүргізіліп, 478 әкімшілік хаттама толтырылды, түнгі уақытта қараусыз жүрген 206 жасөспірім анықталды және ата-аналары заң шеңберінде жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар 50%-ға, құқық бұзушылықтар 33,3%-ға төмендеді.  жұмыстардың нәтижесінде ауданымызда қоғамдық тәртіп нығайып, құқық бұзушылық деңгейі төмендеді, тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен заңға деген құрметі артты,-деді.

Жиын барысында

аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ. Салимова «2026 жылға арналған алдағы жоспарлар мен жобалар туралы»  хабарлма жасады.

-2026 жылдың басында сіздерді «Заң мен тәртіп» жобасы аясында өткізілетін есептік кездесуге шақырып отырмыз. Бұл жоба – тек құқықтық іс-шаралар жиынтығы емес, біздің қоғамымыздағы тәртіп пен тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты нығайту – ел дамуының басты басымдығы. Біз, Сарысу ауданының ішкі саясат бөлімі, осы міндетті 2026 жылы одан әрі тереңдетіп, нақты іске асыруға дайынбыз.

Бірінші бағыт – құқық бұзушылықтың алдын алу. Аудан көлемінде құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін кешенді іс-шаралар өткізілетін болады. Бұл тек рейдтік тексерістер мен мобильдік топтардың қызметін кеңейту емес, тұрғындармен тұрақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды да қамтиды. Қоғамдық бақылау, құқықтық кеңестер, консультациялар арқылы әрбір тұрғын заңға құрмет көрсетіп, қоғамдағы тәртіпті сақтауға үлес қосады.

Екінші бағыт – жастар мен кәмелетке толмағандардың құқықтық тәрбиесі. Біздің мақсатымыз – әрбір жас ұрпақтың қауіпсіз әрі саналы ортада өсуі. Осыған байланысты 2026 жылы мектептерде, колледждерде құқықтық тәрбиеге арналған кездесулер, тренингтер, семинарлар өткізіледі. Мобильдік топтар құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында оқушылармен және жастармен тұрақты жұмыс жүргізіп, олардың құқық бұзушылыққа бармауы үшін жан-жақты қолдау көрсетеді.

Үшінші бағыт – ата-аналар мен педагогикалық құрамның құқықтық сауаттылығын арттыру. Бала тәрбиесінде ата-ана мен мұғалімнің рөлі шешуші. «Даналық мектебі» және «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары арқылы ата-аналар мен мектеп ұжымына құқықтық білім беру жұмысын кеңейту жоспарланған. Форумдар, тағылымдық сабақтар мен профилактикалық қойылымдар арқылы ата-аналардың жауапкершілігі артып, балалардың құқықтық мәдениеті қалыптасады.

Төртінші бағыт – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту. 2026 жылы аудан көлемінде ақпараттық іс-шаралар санын көбейтіп, бейнебақылау жүйесін дамытамыз. Қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту – тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Әрбір іс-шара тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқыққа құрмет көрсетуге бағытталған.

Соңғы бағыт – азаматтардың құқықтары мен заңға деген құрметін арттыруға арналған жаңа жобаларды енгізу. Бұл жаңа бастамалар тұрғындардың құқықтық мәдениетін дамытуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және ауданымыздағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. 2026 жылы біз инновациялық жобалар мен іс-шаралар арқылы әрбір азаматтың заңға деген құрметін арттыруға, жастардың қауіпсіз әрі саналы дамуына жағдай жасауға күш саламыз.«Заң мен тәртіп» жобасы – баршамыздың ортақ ісіміз, біздің ауданымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. 2026 жылы біз осы жобаны кеңейтіп, әрбір іс-шараны сапалы әрі нәтижелі түрде жүзеге асыруға міндеттіміз. Әрбір ұсыныс, әрбір пікір – бұл жобаның жетістігіне қосылған үлес. Сондықтан белсенді қатысып, ұсыныстарыңызды білдіруге шақырамыз,-деді.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сәулет ЕСҚАРА, «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.