Көпбалалы аналар ардақталды
Аудан әкімінің мәжіліс залында аудан әкімі С.Мамытов Жаңа Жыл қарсаңында бір топ көп балалы аналарды мерекемен құттықтап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады. Аудан әкімі көпбалалы аналарға қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі айрықша еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, отбасылық бақыт, бақуатты тұрмыс тіледі. Аудан басшысы әр көпбалалы анаға гүл шоқтарын тапсырды. Көпбалалы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін тағып, қуаныш құшағына бөленді. Мемлекет басшысының Жарлығына орай алтын және күміс белгілері тағылған аналар да аянып қалмады, осынау қошеметке ризалықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды. Айта кетейік жыл сайын ауданымызда бала туу көрсеткіші көтеріліп, көпбалалы жас аналар қатары көбейе түсуде.
Атап айтқанда 4 ана алтын алқа тағынса, 13 ана күміс алқаға ие болды. Жалпы аудан бойынша бүгінгі таңда 1767 алтын құрсақты аналар бар, оның ішінде 716 ана «Алтын алқа» және 1051 ана «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған. Батыр аналарымыздың саны — 134.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»