АУДАН ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

0

Босағамыздан аттап, төрімізден орын алатын Жаңа жыл барша адамдар үшін ортақ мереке, әсіресе, оның балалар өмірінде алар орны айрықша.
Қаламыздағы спорт кешенінде жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті.
Жаңа жылдық шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов және мекеме басшылары қатысып, мерекелік кештің құрметті қонақтары болды.
Мерекелік шараға мектептерден 200 оқушы қатысып, қызықты кештің куәсі болды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сөз сөйлеп, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады:
— Құрметті ата-аналар мен ұстаздар, балаларды жақсы көріңіздер, жақсы тәрбие мен білім беріңіздер. Өйткені, олар біздің болашағымыз. Жас бүлдіршіндерге зор денсаулық тілеймін, оқуда озат болып, зерек те білімді, тәрбиелі азамат болуларына тілектеспін. Жаңа жыл жаңа жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге толы болсын, — деді.
Салтанатты шарада барша қатысушылар жайдары көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салды. Жаңа жылдың басты сәні — жасыл шыршаны айналған балалар шаттық пен қуанышқа бөленіп, арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар еніп, түрлі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, балалар аудандық білім беру мекемелерінің өнер үйірмелері әзірлеген концерттік бағдарламаны қызықтады. Ескі жылды ризашылықпен шығарып салған балақайлар жылқы жылын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, балаларды қуанышқа бөледі.
Бұл думан балалар көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов балаларға арнайы сыйлықтар үлестірді.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.