Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың аудан жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті сарысулықтар!
Баршаңызды Ұлы Дала елінің төріне шыққалы отырған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл — өткен жылға лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын, адамзат баласына рухани серпіліс беретін, жарқын өмірге жол сілтейтін, сенімге серік болатын айтулы мереке. Біз жыл сайын оны үкілі үмітпен, ақ ниетпен, ізгі тілектермен қарсы алып, толайым табысқа ұласқан сән-салтанатымен шығарып саламыз. Ал, Арқада кісінеген дауысы Қаратауға жететін, бауыры даладай жазылған, шапса айналасын дүбірге, кеудені мың үнге толтыра келе жатқан көркем жаңа — Жылқы жылы да осындай табысты, жемісті, әрі шаруаға жайлы жыл болсын деп тілеймін!
Егемен еліміз үшін 2025 жыл да берекелі әрі жемісті жыл болды. Тарих жылнамасына кетіп бара жатқан жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айқын көрініс тапқан жасанды интеллект жүйесі арқылы еліміздің жаңа дәуірдегі жаңғыру жолдары бастау алып, алдағы жылдардағы даму кезеңдері айқындалып отыр.
Өтіп бара жатқан жылы қазақтың ұлан-ғайыр даласы Ұлт Тәуелсіздігіне алғаш жол ашқан Декларацияның қабылданғанына 35 жылдық, Ата Заңымыздың қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуын, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын, ұлт ұстазы, кемеңгер Абайдың 180 жылдығы сынды көптеген айтулы күндерін атап өтті. Сондай-ақ, елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы», «Таза Қазақстан» жобасы мен қасиетті Көкшетауда қоғамдық санаға тың серпіліс әкелген Ұлттық құрылтайдың IV отырысы да өткен жыл еншісінде қалды. Сонымен қатар, өнер мен мәдениеттегі, спорттағы жетістіктері елімізді әлемге кеңінен таныла түсуіне үлкен ықпал етті.
Осындай игілікті істердің барлығы келер жылы 35 жыл толатын Ұлт Тәуелсіздігінің алдында атқарылып келе жатқан сындарлы мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияның нәтижесі екені баршаға аян.
Ал, тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2025 жыл біздің табиғаты қатал болғанымен, жұрты-еңбекқор, жастары-бас­тамашыл Сарысу ауданы үшін де табысты болды. Өйткені, өткен жылы өндірісіміз өркендеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз нығайып, түрлі салалар бойынша игі өзгерістерге қол жеткіздік.
Атап айтқанда:
1) 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 112 млрд. 883 млн. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 101%-ды құрады (2024 жыл-79 млрд. 255,3 млн.тг,НКИ -93,3%);
2) Ал, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 24 млрд. 852,5 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 99,3%-ға орындалды (2024 жыл-17 млрд. 843 млн.тг, НКИ -99,6%);
3) Барлықтарыңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Елімізге қомақты инвестиция тарту» бойынша міндеттер қойылған болатын.
Бүгінде ауданымызда инвестиция тарту саясаты үлкен қарқын алып келеді. Негізгі капиталға 109 млрд. 809 млн. теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 280%-ды құрады (2024 жыл-35 млрд. 74,5 млн.тг, НКИ -70,1%);
Бұл бағытта ірі кәсіпорындармен жұмысты одан әрі жалғастыра беретін боламыз.
Агроөнеркәсіп кешені де жылды табысты аяқтады. Шаруа қожалықтарымыз биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 18 дана трактор және 18 дана қосалқы техника сатып алды. Аудандағы техникалардың жаңару көрсеткіші 6,5%-ды құрап отыр.
Несиелендіру жұмыстары бойынша «Саудакент несие серіктестігі» арқылы 21 шаруа қожалығына 155 млн. теңгеден астам несие берілді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 305 млн. теңгеге 42 жоба несиелендірілді.
Шаруа қожалықтардың жұмсаған шығындарының бір бөлігін қайтару бойынша ауданымыздан шаруа қожалықтары 675 млн. теңгеге субсидиялауға өтініш жолдады. Бүгінгі таңда, оның ішінде 90 шаруа қожалыққа 354 млн. теңгесі төленді, ал қалған 321 млн. теңгенің өтініштеріне 2026 жылдың І-тоқсанында төлем жасалатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аудандағы 13 000 гектар жайылымдық жерді кері қайтару жос­пары бекітілді. Нәтижесінде бүгінде пайдаланылмай жатқан 15 146 гектар жайылымдық жер қайтарылып, жоспар 117%-ға артығымен орындалды.
Ағымдағы жылы ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналас­тыру бойынша екі мәрте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, «ҚазақСода» және «ЕвроХим» компанияларына жұмысқа орналасуға ниетті 1 054 азаматтың түйіндемелері жинақталды. Нәтижесінде бүгінде «ЕвроХим» компаниясына 156 адамды, ал «ҚазақСода» компаниясына 9 адам тұрақты жұмысқа қабылдады.
Бүгінде ауданда «ЕвроХим» және «ҚазақСода» компаниялары зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы зауыт құрылысы жобаларының құны 638 млрд. теңгені құрайды. Жоспарлы түрде аталған зауыттар 2027 жылы толық қуатта іске қосылады деп күтілуде. Зауыттар іске қосылған соң, жалпы 2 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бірқатар аудан тұрғындары Жаңа жылды жаңа пәтерлерде қарсы алатын болды.
2023 жылы 1,5 млрд. теңгеге 160 пәтер, 2024 жылы 3,2 млрд. теңгеге жекелей 263 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілсе, 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамтамасыз ету үшін «Самұрық Қазына» қорынан 1 млрд. 882 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Бұл қаржыға, жалпы аумағы 7 200 шаршы метрді құрайтын Жаңатас қаласындағы 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізіліп аяқталуда және 60 пәтерлі 1 шағын аудандағы № 45 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды.
Аталған үйлер коммуналдық меншікке сатып алынуда. 2026 жылдың 1 тоқсанында «Отбасы Банк» АҚ арқылы түрлі санаттағы кезекте тұрған 120 отбасын пәтермен қамтитын боламыз.
Сондай-ақ, мәдени-рухани саладағы жаңа ізденістер де нәтижелі болды. Оның ішінде қасиетті Сарысу жерінде осы өлкелі өңірден шыққан өнер дарабозы, қазақ жастары арасынан атақты Ла-Скала опера театрында тұңғыш білім алған дүлдүл опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің туғанына 80 жыл толуы мен медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Рес­публикасы денсаулық саласының үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабековтің 75 жасқа келуіне арналған шаралар мен айбынды ақын жерлесіміз Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған алғаш рет республикалық «Маралтай оқулары» да үлкен табыспен өтті.
Құрметті жерлестер!
Татулығы мен бірлігі, ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан аудан тұрғындарының туған өлкемізді өркендеу мен гүлдендіру жолындағы ерен еңбектері мен рухы биік сүйіспеншіліктері үшін алғысымды жеткізгім келеді. Өйткені біз, осыншама толағай табысқа жұдырық болып жұмыла жұмыс атқару мен ұлы мақсаттарға жету жолындағы табандылығымыздың арқасында қол жеткіздік.
Жаңа жыл жаңа жеңістер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын. Ойлаған ойларымыз орындалып, татулық пен достық нығайып, қоғамда өзара әлеуметтік берік сенім орнықсын. Өйткені, біз әр жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша келе жатқан Жаңа Жылдан жақсылық пен қуаныш, бақыт пен мерекелік салтанат күтеріміз белгілі.
Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ашық аспан, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын! Жаңа Жыл барша сарысулықтар үшін зор жетістіктерге қол жететін, ой-мақсаттар жүзеге асатын, арман-үміттер ақталатын жайдары Жыл болсын!
Жаңа жылда баршамызға сәттілік серік болсын!
Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болып, балалардың шат күлкісі шалықтасын!
Жаңа жылдағы әрбір бастамамыз берекеге ұлассын!
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ардақты ағайын!

Ізгі ниетпен, Сәкен МАМЫТОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.