Ененің «уставы» (әзіл әңгіме)
Танагүлдің ененің «уставын» жазамын деген ой қаперіне, үш ұйықтаса түсіне кірмеген шаруа еді. Олай етеріне күйеуінің қисық бас Әлиасқар атанып кеткен кластасының әйелінің әңгімесі түрткі әрі қамшы болды. Тәмпіш мұрнын жиі тарту әдеті боп кеткен Қатираш күні кеше шіліңгір шілденің ми қайнатқан шаңқай түсінде үйіне келе қалсын. Ақ босаға аттап келін боп қырық жыл түтінін түтеткен үйі де әудем жерде емес. Ол шеті мен бұл шеті тай шаптырым көшенің аяғында еді. Сіз-біз десіп сыйласып жүрген құрбысының көңіл күйі пәс, ұнжырғасы түсіп, сіркесі су көтермей қалыпты. Көңілдің көк дөнені жүйрік. Танагүлді «Құрбым сырқаттанып қалғаннан сау ма?» деген күдікті ой мазалай бастаған. Қатираш аман саулық та сұрасқан жоқ. Тәмпіш мұрнын бір тартып, маңдай терін сұқ саусағымен сілке сүртіп:
-Бүйтіп сүрген ит өмірі құрысын,-деді де түсі сұр диванға сылқ етіп отыра кетті.
Жаны ашып кеткен Танагүл:
-Өмірден сонша түңілетіндей не боп қалды, құрбым-ау?-деді көңілсіз үнмен.
-Құдайдың оттай жаған күнінде итім лағып келді дейсің бе? Мен сормаңдай өзіңе жан құрбым ретінде сырымды айтқалы, мұңымды шаққалы, шерімді тарқатқалы сүйретіліп жеттім емес пе? Ернім кезеріп, тілім ауызыма сияр емес. Қаңсып кеткен таңдайымды жібітіп алайын. Алдымен бір-екі жұтым шайыңды берші.
Қатираш шайхор еді. Сүт қатқан қою күрең шайдың төрт-бес кесесін ішіп жан шақырғандай болған соң мұңлы сырының қылын шертуді жөн көрді.
-Көпке топырақ шашпайсың. Бірақ кейбіреулердің аяғы емес ауызы жүретін болды ғой. Кімнің екі елі ауызына қақпақ боласың. Солай ойлап айтады. Қатираш келін түсірді, қолдарын ыстық суға малды, немере сүйді, төрт құбыласы түгел деп. Мүлдем олай емес. Солай ойлайтындар сорым бес елі, сыртым бүтін, ішім түтін екенін қайдан білсін. Менен қазір күндіз күлкі, түнде ұйқы қашты ғой. Келініме деген өкпем қара қазанның түп күйесінен әрман қарайып кетті. Құдайдан сұрап алған жалғыз баламыз отау үй тіккенде қуанғаным-ай. Есім шығып кеткені сонша қырық жыл отасқан күйеуімнің атын ұмытып қалып, өзінен «есімің кім еді-ей» деп сұрап көпке күлкі болдым ғой. Мына байлар да жылаған заманда келін түсіру оңай емес, машақаты көп екен. Қатардан қалмайық, досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық, жалғыз баласынан аяды демесін, ұят болып жүрмесін деп шала шабылдық. Боталы нар түйені тайлағымен, қасқа айғырды үйірімен, бір сауғанда жиырма литр сүтті сарқыраманың суындай ағызып беретін «пародасы шветский» сиырды бұзау, тайынша, торпағымен саудаға салдық. Келініміз ақ босағаны аттаған бетте баламызға құлаққағыс жасапты. «Балапандай мәпелеп, алақандарына салып аялап өсірген әке-шешемнен, ағайын туыс, достарынан ұят болып жүрмесін. Өлтірім үш миллионнан кем болмасын. Теңге емес, доллар болғаны дұрыс» депті. Келінімнің бұл хабарламасы құлағыма жаққан жоқ. Өзімді жайсыз сезініп, бұрын-соңды болмаған «давлением» көтеріліп кетті. Жақтырмағанымды сездіріп қитығып қалып ем. Әлиасқар қариям момын әрі ақкөңіл ғой.
-Шығыс болмай, кіріс болған емес. Арқаны кеңге салайық. Айтқаны болсын. Бізге ұрпағымызды үбірлі-шүбірлі етіп өсіретін келін олжа. Мамандығы мұғалім екен. Жыл сайын көтеріліп жатқан мұғалімдердің айлығы көп. Бәрі орнына қайтып келеді,-деп келіннің шотын шауып шыға келді.
Келіннің айтқаны болды. Солай еттік. Той қамына кірістік. Көпшілік барлық қызықшылығын өткізіп жатқан ауылдағы мейрамхананы келініміз менсінбеді. Балама айтыпты.
-Сыйлы қонақтарға әсерсіз, «не красивый кафе» екен. Тойды қалаға жасаймыз. Менің құрбы, достарым көп. «Гулянкаға» екі лимузин жалдамасақ біреуіне сыймаймыз.
Іштен тынып, оған да келістік. Екі жүз елу шақырым қаладағы мейрамханаға ат сабылтып, әуреге түскен сыйлы қонақтарымыздың арасында Қайрақбай екеуің де барсыңдар. Той өткен соң мектепте мұғалім болды. «Бірінші сыныптың оқушыларына сабақ берем. Әліпті таяқ деп білері жоқ. Бәрі шетінен мақау» деп жұмыстан шаршап, шалдығып келеді. Жаным ашыған соң үй шаруасының бәрін өз қолыма алдым. Сиырды сауам, сүтін де пісірем. Жемшөп, суын қариям береді. Ауыл әкімдігінде екінші бастық боп жүрген баладан қайран жоқ. Жұмысы жау шапқандай алашапқын. Ерте кетеді, кештете қайтады. Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да айтып қояды. «Туған ауылымызды көркейтеміз, гүлдендіреміз. Барлық көшеге жарық шамдарын жүргіземіз. Ауыл ортасынан үлкен-кіші бос уақыттарында серуендейтін, демалатын Алатау мен Алтайдың шыршасынан саябақ жасаймыз. Ауылымызға қарасты елді мекендердің бәріне тақтайдай тегіс жолдар саламыз. Шетелден ат сабылтып келген туристер қызықтайтын ауыл болады. Ауыл халқының тұрмыс жағдайларын жақсартамыз. Ауданнан, облыстан, астанадан да кісілер келгелі жатыр» деп шала бүлініп жүреді.
Немерелі болдық. Есіміз шыға қуандық. Бөпелі болғалы келінім үй шаруасынан біржолата қол үзді. Үй тірлігінің бәрі маған қарап қалды. Пенсияға шыққалы қариям да еріккеннің, ауызына келген сөздерін айтатын болды. «Немереміз кімге ұқсайды? Нағашыларына тартып кеткен жоқ па?», «Табаға пісірген нанды жегім келеді», «Еттің қамырын қолдан илеп жайшы» дейді. Келінім болса «Апа, бейнетке ұшырап, несіне әуре боласыз. Нан да, еттің қамыры, лапша да дүкенде толып тұр ғой» дейді жаны ашып. Сосын от пен судың ортасында қалғандай болам. Мен шаршадым Танагүл. Менің көрген күнімді сені басыңа бермесін. Қой, үйіме қайтайын. Бірі бітсе, бірі күткен жұмыстарым басымнан асады. Шерімді тарқатып, үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым.
Қатираш кеткен соң Танагүл тұңғиық ойдың құшағына енді. «Япыр-ай, бүгінгі жастар неге сонша жалқау боп барады? Өткен заман мен қазіргі заманның арасы жер мен көктей боп кетті. Біз де ақ босаға аттап келін болдық. Таң атпай ұйқыдан ояндық. Алдымен ата-енемізге сәлем салдық. Мейірлене айтқан баталы сөздерін естідік. Күн көзі шықпай сиыр саудық. Құдықтан су тартып, үйге әкелдік, мал суардық. Ұйқысынан оянған бесіктегі баланы емізе салып, самаурынға шай қойдық. Тамақты қыста пешке, жазда ошаққа от жағып қазанға, нанды малдың қиына табаға пісірдік. Кірлеген киімдерді су жылытып, он саусағымызды ақжем етіп қолмен жудық. Келген қонақтарға иіліп сәлем салып, мінсіз қызмет етуді ойладық. Алты ай қыста үйге от жағу да міндетіміз болды. Жұмыстан да кешіккен немесе қалған күніміз жоқ. Бала тәрбиесіне де көңіл бөлдік. Бәріне де үлгердік. Шаршап, шалдыққанды білмеуші едік. Ал, қазір ше? Бүгінгі жастардың маңдай терін сылып, белін ауыртып, мұрындарынан шаншылып, діңкесі құритындай тірлігі жоқ. Құдықтағы мұздай су, аристондағы ыстық су ток күшімен келіп тұр. Кірді қолмен жумайды. Кір жуғышқа салса болғаны өзі жуып та, кептіріп те береді. Қыста пешке от жақпайды. Газбен үй іші жылып тұр. Нанды табаға пісірмейді, етке қамыр илеп, жаймайды. Бәрінің дүкен сөресінде дайын тұрғаны рас. Ертелі-кеш келін түсірем деген жақсы ниетте жүрмін. Қатираштың келініндей жалқау боп келсе не істеймін? Жо-жоқ, мен Қатираш құсап келінге келсап болғым келмейді. Есіктен кіріп, «төр менікі» деп келген келіннің ақылына пысқырмаймын. Қатираш сияқты айтқанын істеп, айдауында жүре алмаймын. Қариямыз екеуміздің дегеніміз болады. Құдай қосқан құдаларымды күту мен жоралғысын жасауда жолымнан жаңылмаймын. Тойды дүркіретіп, ағайынның ортасында, ауылдың кафесінде өткіземін. Менің ойымша ақ босағамызды аттаған келініміз әкімнің, ғалымның, данышпанның, соттың, прокурордың, нәшендік полицейдің қызы болса да келіндік міндеттерін абыроймен атқаруға тиіс. Оның үй шаруасына тиіп-қашып қол қатқанына жол бере алмаймын. Ол үшін алдын-ала дайындық, әрекет жасай беруім керек. Сонда не істеймін? «Басқа пәле-тілден» деген. Жас келінмен сөзге келіп, бет, жаға жыртысып жатпаймын. Ененің «уставын» жазамын. Келіндік міндеттерін орындамай, арқасын кеңге салып бара жатса «уставты» қолына табыс етемін. Оқыған соң тәубасына келетін болар.»
Осы ойына тастүйін бекінген Танагүлдің қолына қалам мен қағаз алғанына күйеуі Қайрақбай таң қалып, таңдай қақты. Мұртынан күліп сөзге келді.
-Он саусағың майысып, ине-жіп ұстаған тігінші болып едің. Қағаз, қалам ұстағаныңа жол болсын.
-Устав жазғалы отырмын.
-Баяғыда Лениннің партиясына өткендер устав жаттаушы еді. Сенікі қандай устав?
-Ененің уставы.Түсірген келініміздің тірлігі ұнамай жатса ренжіп, айқайласқым келмейді. Жазған уставымды қолына бере саламын. Оқыған соң сабасына түсетін болады.
-Еріккен екенсің. Келін қандай боп келеді. Бір құдайым біледі ғой.
Танагүл отағасының сөзін құлағына ілген жоқ. Діттеген ойынан айнымаған күйі ененің уставын жазуды қолға алды.
Ененің уставы
Таңғы ұйқыдан ерте ояну
Ата мен енеге жарқын жүзбен амандасып, сәлем салу
Сүт шелекті қолға алып сиыр сауу
Самаурынға су құйып, оттығын тұтату
Ертеңгі астың қамына кірісу
Дастархан басында көңілді отыру
Шай құйылған кесені сыпайы ұсыну
Жұмысқа уақытымен барып, келу
Әйелдің пірі-ер-азамат екенін біле жүріп қадірлеу
Әйел қырық шырақты екенін үнемі есте ұстау
Бөпелі болған соң күтіміне ерекше көңіл бөлу
Ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Ондай жағдайда ашу дұшпан, ақыл дос екенін ұмытпау.
Кең болса кем болмайтынын біле жүру
Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасау
Қырықтың бірі-қыдыр. Босаға аттап, төрге озған меймандарға сәлем салу, мәдениетті қызмет көрсетіп, ақ батасын, алғысын алу
Құдай қосқан көршіңмен бірге туғаныңдай сыйласу. Қазақ халқы «Алыс туыстан жақын көрші артық» деп бекер айтпаған.
«Ененің уставын» жазуды аяқтаған Танагүл үлкен шаруасы біткендей терең дем алды. Екі мәрте оқып шықты да оюлары әдемі сандықтың түбіне салып қойды. Арада екі апта өтпей үлкен ұлы келін түсірді. Дүркіреп той өтті. Жас келін пысық боп шықты. Үй шаруасының бәрін өз қолына алып, ұршықша үйіріп әкетті. Енесінің жазған уставын оқып алғандай таң атпай тұрды, сиырды сауды, самаурынға шайды қойды, өріске шығатын малды да айдады. Еттің қамырын қолдан илеп жайып, нанды далаға малдың қиына пісірді. Пісірген тағамдары тіл үйірді. Танагүл келінінің пысықтығына тәнті болды. Жазған уставы оюлы сандықтың түбінен шықпай қалды. Қолдарын ыстық суға салған Танагүл бүгінде «Келінімді тіл-көзден сақтай гөр» деп жаратқан иеге шүкіршілік етіп, таң атырып, күн батырып жүрген жайы бар.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист