Жаңа жыл жаңа өмірдің бастауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді ырыс пен ынтымаққа серпіліс берер Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл — әр адамның өміріндегі ең жарқын мерекелердің бірі. Баршаға жан шуағы мен жайдары көңіл-күй сыйлайтын бұл мереке өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдайтын керемет сәт.
Біз өткен жылды ризашылықпен өткіземіз және 2026 жылға сеніммен қараймыз. Біздің әрқайсымыз оған үлкен үміт артамыз.
Еліміздің экономикасының қазіргі даму деңгейі алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуімізге мүмкіндік беріп отыр.
Ауданымыздың қарқынды дамуына серпін берер қыруар жұмыстар атқарылуда. Біздің жетістіктеріміз, ең алдымен, тұрғындарымыздың ұмтылысының, ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Әр түрлі саладағы күнделікті, қажырлы еңбегімен ауданымыздың өркендеуіне ықпал ететіндер. Тың бастамалар мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға беріліп, әлеуметтік-экономикалық дамуда қарқынды өзгерістердің куәсі болып келеміз. Спортшыларымыз әлем додаларында биік белестен көрініп, елдігіміз бен ерлігімізді тағы бір дәлелдеді.
Сондай-ақ, аудан тұрғындары бірқатар мерейлі мерекелердің куәсі болды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы, ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының туылғанына 180 жыл, сондай-ақ жерлестеріміз Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Ұзақбай Сыздықбаевтың туылғанына 100 жыл, әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембинге 80 жыл, ақын, журналист Ә.Әлменұлының туылғанына 80 жыл, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабековтың 75 жасына арналған шаралар жоғары дәрежеде аталып өтті. Тағылымды іс-шаралар бірлігімізді бекемдеп, тарихымызды түгендеуге, өткенімізді талдап-таразылауға айтарлықтай ықпал етті.
Қадірлі жерлестер!
Сiздердi, Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн.
Алдағы жыл Сіздерге көптеген жарқын сәттер, жақсы өзгерістер әкеліп, жақындарыңыздың жылуына толы болсын.
Жаңа жыл барлық бастамалар мен жетістіктерде сәтті болсын.
Әр күнді қуаныш пен бақытқа толтырсын. Ой-мақсаттар жүзеге асатын жыл болып, жан жадыратар жақсылығы молынан болсын.
Жаңа жыл құтты болсын!
Ш. Мұсабеков,
аудандық мәслихаттың төрағасы