КӘСІПОРЫН КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0

Ел тәуелсіздігі мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдейтін комплексінің фосфор кенін өндіре бастағанына биыл 79 жыл толып отыр. Жаңа кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болды. Жетпіс тоғыз жылдың ішінде кәсіпорын фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойып, төрт аяғынан тең тұрып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Міне, сол уақыттан бері облысымызда химия өнеркәсібі қанат жая бастады.
Жаңатас көпсалалы колледжінде кәсіпорын күніне арналған мерекелік шара өтті. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың экономикасының негізгі діңгегі болған «Қазфосфат» ЖШС-нің тарихына тоқталды. Мұнан соң «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Әділхан Ералиев пен кәсіподақ төрағасы Ізбасар Әбілғазиев те ізгі тілектерін жолдады.
Ауданымыздың кәсіпорын саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін бірқатар сала мамандары мен ардагерлері «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы» төсбелгілерімен, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, Тараз қаласындағы Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің студенттері Аружан Алпысбай мен Наргиза Темен «Қазақ жастары» әнін шырқаса, колледж өнерпаздары патриоттық рухтағы әндерді орындады.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.