Адал еңбек, абыройлы міндет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.Қазіргі заманда кез келген мемлекеттің табысты дамуы, тұрақты экономикалық өсімі мен әлеуметтік әл-ауқаты еңбек адамдарымен тікелей байланысты. Ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген азаматтар – қоғамның шынайы қаһармандары. Сондықтан «еңбек адамы» ұғымы бүгінгі күннің өзекті және құрметке лайық тақырыптарының бірі болып саналады.
Еңбек адамы – бұл тек кәсіпорындар мен зауыттарда жұмыс істейтін жұмысшы ғана емес, бұл – өз ісіне адал, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын кез келген маман. Мұғалім де, дәрігер де, инженер де, шаруашылық иесі де – барлығы қоғам дамуына өз еңбегімен үлес қосуда. Олардың барлығын ортақ қасиет біріктіреді – ол маңдай термен келген адал еңбек.Қазақ халқы ежелден еңбекті ерекше құрмет тұтқан. «Еңбегімен ер сыйлы» немесе «Еңбек түбі – береке» деген халық даналығы еңбектің мәнін терең түсіндіріп берген. Бүгінде бұл ұстаным өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ел болудың басты шарты – еңбек мәдениетін дәріптеу, еңбек адамына жағдай жасау және оны қоғамның басты кейіпкеріне айналдыру болып отыр.
Жас болса да ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып, адал еңбекпен ел құрметіне бөленген азаматтарымыз баршылық. Осындай азаматтардың бірі Айдос Кенжеғалиұлын газет оқырмандарымен таныстырғанды жөн санадық.
Айдос Кенжеғалиұлы 2000 жылдың 30 шілдесі күні Жайылма ауылында дүниеге келген. Әйтеке би атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 9-сыныптан кейін 2015 жылы Алматы электрмеханикалық колледжіне оқуға түсіп, 2018 жылы электрмеханикалық мамандығын алып шығады.
Оқу орнынан кейін диплом алған жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге өзі ниет білдіріп, әскери борышын Түркістан облысы, Шардара ауданында абыроймен өтейді.
Айдос Кенжеғалиұлы 2019-2024 жылдар аралығында алғаш еңбек жолын Алматы қаласындағы «Сайман» завотында электрик болып бастайды. Бес жыл табан аудармай аталмыш заводта еңбек етеді.
Туған жерге оралып, 2024 жылы «ЕвроХим» компаниясына құжатын тапсырып, слесарь болып жұмысқа қабылданады.
Қазіргі таңда адал еңбек, маңдай тердің арқасында ауданымыздағы алпауыт компанияда білікті маман.
Айдос ауылда дүниеге келген. Бала кезінен әжесінің қолында өсіп, ауылдағы қызу қайнаған еңбекте шыңдалды.
-Осы жұмыс орнында қызмет жасағаныма 2 жылдай ауқыт өтіпті. Жұмысқа қалыптасып, тәжірибе алмасудамын.Әріптестерім білмегенімді үйретіп, ағалық ақылдарын айтып, жөн сілтейді. Жұмыстың қиын-жеңіліне қарамастан бала-шағаның қамы деп адал еңбек етудеміз. Алдағы уақытта да туған жердің гүлденуіне өзіндік үлесімді қосатын боламын. Айбынды Алаш ұлдарының қазақ қоғамындағы атқарар өзіндік рөлі бар. Олар – ел қорғаны, отбасының тірегі. Себебі әрбір азамат туған жерін, елін, ата-анасы мен бауырларын қорғай білуі тиіс. Ал оның бойындағы жігерін шыңдайтын – әскер. Әскердің сапы «мен» деген жалынды, от жүректі жастардан құралады.
Сондықтан ізімізді басып келе жатқан жастарымызға зиянды заттардан аулақ болып, Отанына, еліне абыройлы қызмет етіп, мемлекетіміздің гүлденуіне өзіндік үлестерін қосуға шақырамын,-деді.
Елімізде осындай білімге, қызметті соңына дейін адал атқаруға, жақсылыққа ұмтылатын жастар көп болса, онда болашағымыз жалынды жандардың қолында десек, артық айтпаспыз.
С. Есқара, «Sarysý»