Бабалар еккен шынарды балалары саялайды
«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу-маңызды істердің бірі. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады.
Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді тигізу үшін сенбіліктер өткізіп, қаламыздың, ауылымыздың, ауламыздың аумағын тазартып, абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын әрлендіре түсуіміз керек.
Аудан әкімінің тапсырмасымен қала, ауылдық округтер мен елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан қараша айына дейінгі аралықта санитарлық тазартуға және абаттандыруға бағытталған сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Бұл игі шараға ерікті негізде екі айлық мерзімде барлық мекеме-кәсіпорын ұжымдары, білім ордаларының ұстаздары қатысты.
Екі айлық тазалық жұмысы барысында арықтар, тротуарлар, үйаралық автокөлік жолдары тазартылып, талдарға және бұталарға санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп, кеуіп қалған ағаштарды жинап, көпқабатты үйлердің айналасы мен көшелерге тазалық жұмыстары және тал егу жұмыстары жақсы жүргізілді.
Атап айтар болсақ, аудан аумағына «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында тал егу жұмыстарын аяқтау туралы, тал егу жоспарына сәйкес, Байқадам ауылдық округіне 1110 тал егу белгіленген. Қазіргі таңда Саудакент-Жаңатас тас жол бойына арнайы қоршалған жерге 1110 түп қара тал толық егілді. Сонымен қатар Сұлтанғазиев көшесі бойына, Б.Адамбаев тірек орта мектебінің алдына 20 түп шырша талдары отырғызылды.
Ал, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан ауылдық округінде ауқымды экологиялық шара өткізіліп, іс-шара барысында ауыл жастары, мекеме қызметкерлері және еріктілердің қатысуымен жалпы 1500 түп ағаш егілді.
Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көгалдандыру жұмыстарын жандандыруға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосады. Егілген талдар болашақта ауылдың көркін арттырып, тұрғындарға жайлы да жасыл орта қалыптастырады.
Акция барысында әрбір көшет мұқият отырғызылып, суғарылып, алдағы уақытта тұрақты күтімге алынатын болды. Түркістан ауылдық округі тұрғындары «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, табиғатты қорғау ісінде белсенділік танытты.
Тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» демекші, отырғызған жасыл желектеріміз тез жерсініп, балғындарымыз мақтанышпен айта жүріп, саясында емін-еркін асыр салып ойнауы біз үшін үлкен қуаныш. Ағаштарды егіп қана қоймай, оларды стандартты жағдайға жеткенге дейін кемінде үш жыл бойы толықтыру, күтім, қорғау жұмыстарын орындап отыруымыз қажет екендігін ұмытпаған жөн.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»