Сергек ұрпақ-Сергелдеңге түспейді

0

Осы бір тарамыс денелі, ұзын бойлы, көкшіл көзді, ізеті иілген жігіт ағасымен әрдайым кездескенде сәлеміміз түзу. Оның бір ерекшелігі сол, ауылдағы «Майлыбай» мешітінің қапталында орналасқан кішігірім спорт алаңындағы турниктерде, түрлі білтемір снарядтарда шырқ айналып жатады. Алпысты алқымдаса да арынды қимылдап, шымыр шиырады. Жылдың төрт мезгілінде құбылмалы ауа-райына қарамастан таңсәріден бұл әдетінен айнымайды тағы.
Аракідік сол тұстан әрлі-берлі өтіп тұратынымыз бар. Бірде, сәл тыныстап, дамылдап отырғанда жолығып, әңгімелесіп қалдық.
-Салауатты өмір салтын ұстанған ұлт қана саналы ұрпақ қалыптастырады, тәрбиелейді.Спорт-ең алдымен денсаулық кепілі, сергектікке үйретеді, тазалыққа баулиды. Ал, ой-санасы сергек, жан сарайы кіршіксіз таза адам ғана отбасының, туған елінің тірегі емес пе? Әкем Белей өмір бойы мал баққан кісі. Ауданның, мал шаруашылығының өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұзақ жылдардың бедерінде. Мен Калинин совхозының Бүйреккөл деген жерінде малшының отбасында дүниеге келіппін. Өмірден өкінішім сол, мен бір жасқа жетер жетпес-те жан әкем келместін кемесіне мініп кетіпті. Арқа сүйерімізден айырылғаннан кейін тағдырдың тауқыметін бір өзі көтерген анашым Калинин ауылының шығыс жағындағы «Откорм» деген жерге қоныс аударып, сауыншы болады. Жалғызілікті жесірге оңайма, шиеттей бала-шағаны жеткізу үшін таңның атысынан белін жазбай, бекем буынып уақытпен санаспай еңбек етеді. Мен үйдің сүт кенжесімін. Сондықтан болар, анашымның маған деген ықыласы, ілтипаты ерекше еді. Көп қате қылықтарымды, тентектігімді кешіретін. Сонымен қатар көп нәрсені талап ететін және менің келешегімнен жарқын жақсылық күтетін. Бәріміз үшін анамыздың қуанғаны немесе ренжігені жеңістерімізді не болмаса жасықтығымызды бағалаудың басты өлшемі еді. Шешеміздің мақтауы аса маңызды, ал айтқан сыны өте ауыр болатын. Ол кісінің барлық ойы мен іс-әрекетінің басында отбасының қамы тұратын. Анашымның ең жанына жақын шаруасы-бізді ұдайы қамқорлығынан тыс қалдырмауға бағытталатын. Әкенің аялы алақанын сезінбеген маған жан анашымның махаббаты жанұяның қадір-қасиетін, жылуын дарытты.
Адамның ғұмырында төтеннен келер ойлар, төтелеп тартып кетер сораптар жетіп артылары. Төрт құбылаңды түгендеу қиын. Жаратушының өлшеп берген уақыты оған мүмкіндік те бере қоймайды. Айтайын дегенім, жарқын балдаурен балалық шағым келмеске кеткенін, енді сол қымбат кезеңнің елеске айналғанын сезінгенде әрине, көңілге мұң ұялайды.
Ойды-ой қозғайды ғой. Міне, пайғамбар жасына да жетіппіз. Еңсені көтеріп, етекке көз жіберсек билік ұстап ел басқармасақта елеулі ғұмыр кешіппіз. Әлі есімде, 1969 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Біздің «Откормнан» мектепке дейін әудем жер, әупірімдеп жүріп әрең жетесің. Оның үстіне, екі ортада қорым-бейіт бар. Жанынан өтуге үрейленесің, жас баламын ғой. Сонда анашым күнделікті сабаққа өзі таңсәріден тұрып апаратын, кешке қарай алып қайтатын. Жұмысына да үлгеретін 1979 жылы оқуды аяқтап, совхоздың гаражына слесарь болып еңбекке араластым. Бұл шешіміме анашым ерекше қуанды. 1981 жылы әскерге алынып, Отан алдындағы міндетімді өтеп келдім. Совхозда еңбек ете жүріп Дүрменбекқызы Баянмен көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. 1987 жылы аудан орталығына қоныс аудардық. Өзім аудандық білім бөліміне, жұбайым ауылдық ауруханаға жұмысқа тұрды. Шүкір деймін, қазір үш ұлды тәрбиелеп өсірдік, бәрін аяқтандырдық. Бүгінде соңымнан ерген ұрпағымнан тоғыз немере көріп отырмыз. Осы жерде айта кетейін 1989 жылы аудандық музыка мектебіне дәулескер қобызшы Ықылас Дүкенұлының есімі берілгенде маған сенім артылып, Алматыдан қобызшы атамыздың мүсінін Жеңіс Токталиев ағаймен бірге алып келдік. Бүгінде қасиетті қобыз абызы ауылымыздың шырайын келтіріп тұр. Әрине, бұл үлесімді мақтаныш санаймын.
Салауатты өмір салтын ұстанған Ысқақ Белейұлының қысқаша өмір жолы осындай. Біз ет пісірім уақыт әңгіме шерттік. Айтылған сыр-сұхбаттың желісі алдағы жазарымызға да арқау болады.Сәкеңнің «Сергек ұрпақ-сергелдеңге түспейді»-деген тәмсілі өскелең жастарға өнеге боларына бек сенімдемін. Ең бастысы, отбасы құндылықтарын, салауатты өмір салтын насихаттаудан жалықпайтын отағасына мерейлі күнің баянды болсын дейміз де!

Берік Қарсыбай, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.