Тамшылатып суару – табысты егіншіліктің бастауы
Су үнемдеу технологиясын өндіріске енгізу аймақта қолға алынуда. Яғни, егістік пен бақшалықты тамшылатып суғару және егістік жерлерді жаңа технология бойынша тегістеу негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жұмыстарын жүргізу керек-ақ. Осыған байланысты ауданымызда тамшылатып суғару әдісін пайдалану қолға алынып келеді.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы бағытта Игілік ауылдық округіне қарасты «Иманберді» шаруа қожалығының төрағасы Жұматаев Мейрамбек Кеңесбекұлы тамшылатып суғару әдісін тиімді пайдаланып, 1.2 гектар егістік алқапқа бақша дақылдарын отырғызды.
Заманауи тамшылатып суғару технологиясы әрбір өсімдікке қажетті мөлшерде су жеткізіп, суды үнемдеуге, топырақтың құнарлылығын сақтауға және өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әдіс әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлер үшін аса тиімді.
Шаруа қожалығының мақсаты – сапалы әрі экологиялық таза өнім өндірумен қатар, ауыл шаруашылығында озық технологияларды кеңінен қолдану. Биылғы маусымда егілген бақша дақылдарынан мол өнім алу жоспарланып отыр.
Жұматаев Мейрамбек Кеңесбекұлы жаңа технология-ларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып, өңір диқандарына үлгі көрсетуде. Тамшылатып суғару жүйесін пайдалану еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға да жол ашады.
Осындай бастамалар ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына серпін беріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Шаруа қожалық төрағасы:
— Тамшылатып суғару жүйесіне көшкен шаруаларға барып, егістікті тамшылатып суғару әдісін өз көзіммен көріп қайттым. Содан да тұрғындардың сұранысына байланысты картоп, көкөніс егістіктерін қолға алып, оларды тамшылатып суғару арқылы күтіп-баптауға бетбұрыс жасаудамын. Тамшылатып суғару – егістік пен бақша дақылдарына суды арнайы түтіктер мен тамшылатқыштар арқылы тікелей өсімдіктің тамыр жүйесіне жеткізетін заманауи су үнемдеу технологиясы. Бұл әдіс суды 50%-ға дейін үнемдеп, егін өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді,-дейді.
Шаруаның мол өнімі суға байланған. Егінді өсіруде, суғаруда да заман көшінен қалмай, жаңа әрі тың тәсілдерді игеріп отырса, базар мен дүкен сөресін Игілікте өсірілген өніммен толтырары анық.
Айта кетейік тамшылатып суғару – өсімдіктерді тиімді және үнемді ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи суғару технологиясы. Құрғақшылық кезеңдері жиілеп бара жатқан Қазақстан жағдайында бұл әдіс бағбандар мен фермерлер үшін нағыз құтқаруға айналуда.
Тамшылатып суғару – бұл суды түтіктер, таспалар және тамызғыштар жүйесі арқылы аз мөлшерде өсімдіктердің тамыр аймағына тікелей жеткізетін әдіс. Су жер бетіне таралатын дәстүрлі суғарудан айырмашылығы, тамшылатып суғару ылғалды қажетті жерге жеткізеді. Бұл булану, ағын су немесе жолдар немесе арамшөптер сияқты қажетсіз жерлерді суғару салдарынан судың жоғалуын азайтады.
Су тамшылап баяу ағып, топырақтың ылғалды жақсы сіңіруіне және өсімдіктердің оны тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе Қазақстанның су ресурстары шектеулі қуаң аймақтарында өте маңызды. Сонымен қатар, тамшылатып суғару тыңайтқыштарды бір уақытта қолдануға мүмкіндік береді, бұл олардың тұтынылуын азайтады және қоректік заттардың шайылып кетуіне жол бермейді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»