Трактор тізгіндеп, шәкірттерді шыңдаған
Еңбек адамының қай кезде де еңсесі биік. «Еңбек — ер атандырады» деген нақыл да бекер айтылмаған. Біз әңгімелегелі отырған, өз ісінің шебері Дүйсенбек Пернебаевтың есімі сарысулықтарға тегіс таныс. Себебі оның жұмысқа деген жауапкершілігі төңірекке кеңінен тараған.
Ертеректе кәсіптік- техникалық училищелерде ауыл шаруашылығына қажетті маман дайындау белең алған еді. Әсіресе, шаруашылықтың барлық жұмысына қажетті трактордың бабын тауып жүргізу өзекті саналып, механизаторға баса назар аударылыпты. Сол жылдары Дүйсенбек Елеусінұлы кәсіптік училищені жақсы үлгеріммен бітіріп, тракторшы атанды. Сол кездегі 21 жасар жас жігіт табаны күректей 5 жыл тракторшы болып тер төкті. Саудакенттің сары даласында, қыстау, күздеу, жайлауларда, егіс алқаптарында ізі қалды. Еңбекқор азамат тракторын бір рет те тоқтатпай, көзге түсті. «Ол кездің өз талабы бар болатын. Әр кеңшардың механизаторларына бөлінген ауқымды жұмыс бар. Трактордың күші шаруашылықтың барлық саласына керек екені белгілі. Жаздың аптап ыстығында, қыстың ызғары мен боранында алып техниканы жүргізу де жеңіл емес. Сол қиын талаптың үдесінен шығып, жауапкершілікті сезіндік», — дейді Дүйсенбек Елеусінұлы.
Техникасын бір тоқтатпаған Дүйсенбектің ұйымдастыру ісіне де бейімі байқалады. Кеңшар директоры тракторшылар бригадасына бригадир етіп тағайындағалы жүргенде, ойламаған жерден ауылындағы Жаңаталап орта мектебінен де жақсы ұсыныс түседі. Ол ұсыныс — директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, шаруашылық меңгерушісі болу. Осылайша, мектепке ауысты. Білім ордасының шаруашылық жұмыстарын басқаруға да үйреніп алды. Қанша директор ауысса да, бәрімен түсінісіп, еңбек етті. Жұмысына қарай құрметке бөленді. Осы жылдары Құлан ауыл шаруашылығы колледжін сырттай оқып, қызыл дипломмен бітіргені де — білімге құштарлығы. Кей жылдары мектепте еңбек және технология пәнінен сабақ беріп, шәкірттерді де шыңдады. Оларға еңбектің маңызды екенін әр сабақта ұғындырды. Аталған мектепте 2019 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықты.
Дүйсенбек Пернебаев ақсақал зейнетке шыққан соң да қарап отырған жоқ. 2019 жылдан бері Жаңаталап ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Оның төрағалық жұмысы да ауылдың барша қарттары мен тұрғындарының көңілінен шығып келеді. Ол атаған ауылдағы бірнеше көшенің асфальтталуына, көше жарықтарының қойылуына тікелей әсер етті. Әр көше тұрғындарымен сөйлесе жүріп, аудан әкімі мен облыстан келген жауапты кісілердің алдында мәселе көтерді. Оның оң нәтижесі болды.
Өзі жұмыс істеген Жаңаталап орта мектебінің мәжіліс залы мен асханасы туралы мәселе көтеріп, облыс әкімдігіне дейін хат жазды. Елдің мәселесін еститін құлаққа жеткізді. Нәтижесінде сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мектепке арнайы келіп, өзекті мәселені көзімен көріп, шешілуіне ықпал етті. «Ықыластың аруағынан қорықпаймыз ба?» атты мақаласы республикалық «Айқын» газетінде жарық көрсе, облыстық басылымдарға да өзектілігі жоғары мақалалары шығып жүр.
Дүйсенбек Елеусінұлы биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Мерейі өсе берсін!
Ол туралы ауылдастары мен барлық замандастары тек жылы сөз, жақсы пікір айтады. Алған марапаттары да аз емес. Атап айтқанда Сарысу ауданы әкімінің , Сарысу аудандық білім бөлімі басшысының және облыстық Кәсіподақ комитеті төрағасының Құрмет грамотасына ие болған. Еңбек майталманының төсінде Қазақстан Респкбликасының Тәуелсіздігіне — 30, Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін, Сарысу ауданының -90, Жаңатас қаласының 55 жылдығына арналған төсбелгілер жарқырайды. Сарысу ауданының Құрметті ардагері.
Дүйсенбек Елеусінұлы перзенттерін де адал еңбек етуге және ізгі қасиеттерге тәрбиеледі. Нағыз төзімділікті, еңбексүйгіштікті, мамандығына деген шынайы құрметті осы кісінің бойынан көруге болады.
Есет ДОСАЛЫ, Сарысу ауданы