Тазалық-мәдениеттіліктің өлшемі
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау-әрбір азаматтың басты міндеті. Осы орайда әр сенбіде ұйымдастырылған күзгі тазалық жұмыстары аудан тынысының кеңеюіне үлесін қосуда.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәдениет және спорт, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, жалпы 294 адам қатысты. Арнайы техникалар қатыстырылып, жиналған қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстары барысында 1,9 тонна қоқыс шығарылып, 350 метр арықтар тазаланды.
Айта кету керек, аудан көлемінде, барлық ауылдық елді-мекендерде әр сенбі сайын тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Дегенмен, «Тазалық-мәдениеттіліктің өлшемі» деген қағиданы ұғынып, өзіміз тұратын үйге, оның айналасына, ауланың тазалығына мән берсеңіздер.
Мәдениеттілігімізді көрсететін тазалықтың адамзат баласы үшін орны ерекше. Туған жерімізді, оның ішінде қоғамдық жерлерде тазалық сақтау арқылы көпшіліктің ризашылығын алатынымызды естен шығармаған жөн. Ол үшін әрбіріміз осы тазалықтың төңірегінде жауапты екенімізді сезіну ғана жеткілікті. Сананың тазалығы арқылы айналаның тазалығына үлес қоса алатынымыз анық.
Жалпы аудандық сенбіліктің мақсаты-аудан көшелерінің тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Әркім өз ауласын, есігінің алдын, көшесін тазалап отырса, қаламыз да көркейе түседі.
Жалпы әр апта сайын өткізіліп келе жатқан тазалық шарасының нәтижесі көңілге қонымды. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда аудан орталығындағы көрініс бірте-бірте реттеліп келе жатқаны көзге көрініп тұр. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытты. Сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына арықтарға, талдың түптеріне қоқыстарын тастаумен әлек. Тіптен бүгінгі сенбілік жұмысына жауапкершілікті сезініп, тізе бүгіп атсалысқан бірде бір қала тұрғынын көре алмадық. Сонда тазалық кімге керек?!
Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық-отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да-тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын. Ендігі жерде бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске белсене атсалысайық. Себебі сенбілік ат төбеліндей адамдармен ғана емес, көппен бітетін жұмыс.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»