Халық қауіпсіздігінің қалқаны

0

Қазанның 19-ында азаматтық қорғау органдарына 30 жыл толды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті-елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік берілген орталық атқарушы орган ретінде құрылды. Қазақстан Рес­публикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі-Құтқарушылар күні.
1995 жылдан бастап азаматтық қорғау жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде МКЖС комитет, агенттік, министрлік болып қайта құрылды, ІІМ жүйесінде болды, одан әрі 2020 жылы министрлік қайта құрылды. Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылып келді.
Бұл жылдар Төтенше жағдайлар Министрлігі жүйесінің қалыптасу, даму және жетілу кезеңі болды. Қазіргі таңда тамырын тереңге жайған бұл саланың өзіне бағынышты аумақтық органдары, құрылымдары барлық облыс, қала, ауыл-аймақтарда жасақталған. Заманның түрлі қажеттіліктеріне байланысты азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар саласының сан алуан қызметтері құрылып, жұмыс жасап келеді.
Ауданның Төтенше жағдайлар бөлімі қазіргі таңда аудан тұрғындарын қауіп-қатерден құтқарып, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын атқарып келеді.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлардың 30 жылдық кәсіби мерейлі мерекесі өткен аптаның жұмасы күні аудандық мәдениет үйінде аталып өтті. ЛЭД экраннан «Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің авариялық құтқару қызметі» видеоролигі көрсетілді.
Жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Төтенше жағдайларды жою кезінде қызметтік міндеттерін адал атқарған және ерліктерімен ерекшеленген құтқарушыларды «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.

«Құтқарушы мамандығы қарапайым болғанымен қоғам алдында мәртебесі өте жоғары. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, ең басты байлық-адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалу, төтенше оқиғаның алдын алу мақсатында аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы мен ризашылығы қашанда зор. Отанымыз үшін, халқымыздың амандығы үшін атқарған еңбектеріңізге мың алғыс!»-деді аудан басшысы.
Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың амандығы жолында аянбай еңбек етіп, қауіптің ортасында жүріп, адам өмірін арашалап жүрген ержүрек азаматтардың еңбегін бағалап, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды тапсырды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алмаз Мелдеев ҚР Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі министрліктің 10 қазан 2025 жылғы арнайы бұйрығы негізінде аудан басшысына «ҚР төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі министрліктің құрылғанына — 30 жыл» мерекелік медалін тақты.
Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің ұжымына 30 арнайы жұмыс формасы тарту етілсе, «Қазфосфат» ЖШС-нің Құтқару бекеті мен «Орталық» көлі демалыс орнының құтқарушы ұжымына сый-сияпат жасалды.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Жезтаңдайлар әншілер: Мейіржан Омаров, Қолқанат Темірбекқызы «Қазақ елі», Диана Сейдіш «Қазағым сөнбесін», Ахат Кенжебаев Үкілі Ыбырайдың «Ыбырай», Әмірғали Бақытов «Ақ сиса», Айдана, Қолқанат, Диана «Бақыт», «Сарысу» триосы «Өз елім» әндерін тамылжыта шырқаса, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы «Хорезм» биін мың бұрала билеп, көрермендеріне мерекелік көңіл күй сыйлады.

Камели Сүлейменова,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.