Сайлау – құқығыңды пайдалану кепілі!

0

Ағымдағы жылғы ақпан айында Сарысу ауданында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша көшпелі оқыту семинары болып өтті. Аталған семинарға аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясының тарапынан Түркістан, Игілік, Жаңаарық ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын әзірлеу және өткізу кезеңінде учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне оқыту семинарлар ұйымдастырылып, семинар- тренингтер өткізілді. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады.

Түрлі деңгейдегі сайлау комиссиясының мүшесі болу – жауапты жұмыс әрі абыройлы міндет. Комиссия мүшесіне деген халықтың сенімі түптеп келгенде сайлау жүйесіне, қоғамдық-саяси негізіне, стратегиялық даму жолына деген сенім екені сөзсіз.
Қазіргі таңдағы басты мақсат – сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың құқықтық және теориялық білімдерін практикалық дағдылармен жетілдіру, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуде оқыту семинарларын өткізу маңызды шаралар болып табылады.
Ауданымызда ағымдағы жылы бірнеше ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлаушылар өз ауылдық округ әкімдерін жалпыға бірдей, тең сайлауға қатысып, таңдау жасау мүмкіндігін алды. Ауыл азаматтарының белсенділігі артып, саналы түрде дауыс беруге қатысып, сайланған әкімдерден сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы есеп алу мүмкіндігі кеңінен пайдалануда.
Ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңдерінде сайлау процестерін ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында аудандық «Sarysý» газетіне, аудан әкімінің сайтындағы арнайы ашылған парақшада және әлеуметтік желілерде сайлауға қатысты ақпараттар, хабарламалар ұдайы жарияланып тұрады.
Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясы төрағасының «Ауыл әкімдерін сайлау – маңызды демократиялық қадам» тақырыбына газет тілшісіне берген сұқбаты мен төраға орынбасарының «Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар» тақырыбына арналған мақаласы жарияланды.
Сайлау — әрбір азаматтың сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асырылуына негізделеді және қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік механизмнің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатысу құқығы бар.
2025 жылғы 7 тамызда жастарға сайлау туралы заңнаманы түсіндіру және олардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында аудандық сайлау комиссиясы аудандық жастар ресурстық орталығымен «Жас сайлаушылар клубын» құру туралы ынтымақтастық меморандумын жасады. Меморандумда «Жастар сайлауды қолдайды», «Мен болашақ сайлаушымын» тақырыптарында әр түрлі іс-шаралар, флэшмоптар өткізу жұмыстары көзделген.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 28 тамыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына» арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, ағымдағы жылғы 15 қыркүйекте аудандық сайлау комиссиясының жанынан сайлаушылар клубы форматында диалог алаңдары және өзге де жастармен өзара іс-қимыл шараларын ұйымдастыруға бағытталған «Жас сайлаушылар клубын» құру туралы қаулы қабылданды. Клубтың алғашқы отырысы өткізіліп, іс-шаралар жоспары бекітілді.
Клубты құрудағы мақсат – жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Ұйым жастар арасында сайлау құқықтарын түсіндіру бойынша және жас буынның сайлау процесіне қызығушылығын арттырумен айналысады.
Сонымен қатар сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға түсініктерін қалыптастыру, сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру болып табылады.
Клуб қызметін ұйымдастыруда жастарға бағыт-бағдар беретін кәсіби мамандардан жұмысшы топ құрылып, аудан көлемінде клуб жұмысын жетілдіру мақсатында сан түрлу іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Алдағы уақытта жас сайлаушылар тарапынан ұтымды ұсыныстар жасалып, саланың дамуына өзіндік көзқарастарын танытатына сенеміз.
Сайлау – әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей әсер ете алатын маңызды сәт. Бұл – тек құқық қана емес, үлкен жауапкершілік пен сенімнің көрінісі.

Д.Шортанбаев,
Сарысу аудандық сайлау
комиссиясының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.