Қаланың тазалығы-баршамызға ортақ!

0

Сенбіліктің қоғамның назарын аудан көшелерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор. Аудан көлемінде екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары жүруде.

Осыған сәйкес, ауданда орналасқан барлық мекемелер мен бөлімдер өздеріне бекітілген көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сенбілік нәтижесінде жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөптерден тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен бірнеше тоннаға қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар қаланы көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары атқарылды. Әр сенбі сайын көшелер күл-қоқыс, тасталған бос құты мен қураған шөптерден тазартылып, сыртқа шығарылуда. Себебі тазалық-күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе. Уақыт өте қаламыздың келбеті біршама оңалғандай. Екі айға созылатын тазалық шарасы аудан тұрғындарына жаңа серпін беруде. Аудан әкімінің игі бастамасымен әр мекемеге белгіленген аймақ, қоқыстан тазартылып, нәтижесін көрсетіп жатыр. Қала әкімі аппаратынан алған мәлімет бойынша тазалық жұмыстарына 43 мекеме қатысып, 2,1 тонна қоқыс шығарылып, 340 метр арықтар тазаланған. Дегенмен, сенбілікке шаһардағы кейбір мекемелер шықпай, тазалық науқанына салғырт қарағаны көңіл мұңайтады. Мәселен, Балалар өнер мектебі, «Шапағат» балабақшасы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы, Қазақтелеком, Халық банкі, «Жаңатас» темір жолы станциясы, Балалар шығармашылық орталығы тазалық жұмыстарында төбе көрсетпеген.
Жыл сайын өткізілетін айлықтың мақсаты-туған жерді түлетіп, қолдан келгенше жайқалту. Қашанда халық үшін туған жеріміз-руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтың алтын бесігі, береке-байлықтың бастауы. Сондықтан өз тұрған жеріміздің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір азамат атамекенін қадірлеуге тиіс.
Қай кезде де болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі. Аталмыш шараның аудан тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор екендігін ұмытпайық!

С.Рысбекұлы,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.