Алғашқы қоңырау сыңғыры
Жайдары жаздың үш айын қызықты да мазмұнды өткізіп, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін барша қазақстандық оқушылар алтын ұя мектептеріне қайта оралып, жаңа оқу жылына қадам басты. Міне, осынау алғашқы қоңырау салтанаты аудан көлемінде де ерекше аталып өтті. Бұл орайда, біз аудан орталығындағы іргелі оқу орындарының жаңа оқу жылын үлкен дайындықпен қарсы алғандығына куә болдық. Мерейлі мерекені паш еткендей, ертеңгілік білім ордасының ауласы безендіріліп, мектеп, ұстаздар туралы сазды әуендер ойналып тұрды. Қолдарына ұстаздарға арналған гүл шоқтары мен түрлі шарларды ұстаған оқушылар мектеп ауласына жиналды.
Оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген.
Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек Білім күні мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Жалпы аудан бойынша 2025-26 жаңа оқу жылында 8298 оқушылар білім нәрімен сусындамақ. Оның ішінде 816 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап, партаға отырғандар.
М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы
Қаламыздағы іргелі білім ордасы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының алдында қолдарына гүл шоқтарын ұстаған жас бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Аталмыш білім ордасында биыл 1656 шәкірт білім алады. Оның ішінде бірінші сыныпқа келген 170 бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылып, жоғары сынып оқушылары да оқу жылының басталуымен бір-бірін құттықтауда.
Алғашқы қоңырау мерекесіне орай «Мектебім-мейірім мекені!» атты салтанатты жиын өткізілді. Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы Ермағанбетов және аудандық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Бекзада Жұмағұлова қатысып, оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Сөз кезегін алған мектеп директоры Кенжекүл Сарсекова да жаңа оқу жылында жаңа табыстарға жетуге тілектестігін білдіріп, өткен оқу жылының жетістіктерін атап өтті. Білім күніне арналған салтанатты жиынға келген ата-аналарды, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтады.
Салтанатты жиында қоңырау соғу рәсімі мектеп мақтанышы, 11 «Ә» сынып оқушысы, мектепішілік парламент мүшесі, облыс, аудан пән олимпиада жеңімпазы, «Алтын белгі» үміткері Әбілқасым Нуридин мен 1-сынып оқушысы Бекболат Аминаға берілді (суретте).
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы
Шоқан Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясында1 қыркүйек Білім күніне орай «Мектебім-мейірім мекені!» атты салтанатты жиын өткізілді. Жиынға 1,9,11 сыныптар және құрметті қонақтарымыз аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Оңғарбекұлы Молдабеков және аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлдана Кабулова қатысты.
Іс-шарада мектеп-гимназияның директоры Ержан Жиенбайұлы Көлбаев және кеш қонақтары Білім күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Білім ордасының оқушылары Мадияр Кәусар «Тәуелсіз Қазақстан» әнін, Елеубек Алтынбек «Әліппе» әнін, Абдали Зере «Сыңғырла қоңырау» әнін тамылжыта шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шарада жаңа оқу жылын қарсы ала отырып, халқымызға білім шырағын жаққан ұлы ағартушыларымызды да еске алды.
– Қазақтың бағына біткен екі алып-Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы. Олардың сөзі-ұрпаққа өсиет, еңбегі-елге мұра. «Білім шырағы» атты сахналық қойылым қойылып, Отанға деген сүйіспеншілігі басым, кішкентай патриоттар мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары Білім күніне арналған арнау өлеңдерін оқыды. Алғашқы қоңырауды күмбірлете соғу рәсімі 11 «А» сыныбының үздік оқушысы Оспанбек Даниалға және мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-сынып оқушысы Болат Амираға және 11 «Ә» сыныбының үздік оқушысы Исабекова Аружан және мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1 сынып оқушысы Айтуған Амирланға табысталды.
Абылай хан атындағы мектеп-лицейі
2025 жылдың 1 қыркүйек күні мектеп лицейінде 1,9,11-сынып оқушыларына арналған «Мектебім-мейірім мекені» тақырыбында салтанатты жиын өткізілді. Мектеп-лицейінің директоры Өмірбекова Гүлмира ата-аналар мен ұстаздарды, оқушыларды Білім күнімен құттықтап, 2025–2026 жаңа оқу жылында білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттер тұрғандығын атап өтті. Мектеп ұстаздарына олардың еңбектері арқылы білім алушылар сапалы білім, саналы тәрбиені бойына сіңіріп, қоғам дамуына үлес қосатын адал азамат болып қалыптасады деп сенім білдірді.
Салтанатты жиынға аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Бапашұлы Мұсабеков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлмира Тультаева қатысып, жаңа оқу жылымен құттықтап, мектеп үшін табысты, нәтижелі жыл болсын деген ізгі лебіздерін білдірді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бейіндік сыныптар құрылатындығын және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде тәрбие жұмысының жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Шараға 1-сыныптар бойынша -156 оқушы, 9-сыныптар бойынша 132 оқушы, 11-сынып бойынша 38 оқушы, сонымен қатар ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Жиын мектептің жас өнерпаздары мен 1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің Отан, оқу-білім туралы әсерлі өлең жолдарымен жалғасты.
Д.Қонаев атындағы орта мектебі
2025 жылдың 1 қыркүйек күні Д.Қонаев атындағы орта мектепте 1, 9, 11-сынып оқушыларына арналған «Мектебім-мейірім мекені» тақырыбында салтанатты жиын өткізілді.
Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн Д.Қонаев атындағы орта мектебі оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық. Аталмыш мектеп білім мен тәрбие беру ісінде ауданымыздағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Іргелі алтын ұядағы салтанатты шараға да ата-аналар көп келіпті. Білім күніне арналған алғашқы қоңырау жиынының беташар сөзін мектеп директоры Ләйла Шукеева алды.
— Мыңдаған оқушылар мен мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын бүлдіршіндер үшін 1 қыркүйек жаңа шығармашылық ізденістердің бастамасы болмақ. Дәл осы күннен алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады, — деп атап өткен мектеп басшысы аталмыш алтын ұяның оқу үрдісіндегі жетістіктеріне де тоқталып өтті. Салтанатты жиынға Жаңатас қаласының әкімі Ильяс Әліпбайұлы Домалақов пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Жамила Оразбаева қатысып, жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мектептің жас өнерпаздары мен 1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер тақпақтар айтып, ән мен жырдан шашу шашты.
Ақтоғай орта мектебі
«Ақтоғай» орта мектебінде 2025-2026 оқу жылының 1 қыркүйек-Білім күніне орай, мектебіміздің табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-сынып және бітіруші 11-сынып түлектері үшін «Мектебім-мейірім мекені» атты салтанатты жиын өткізілді. Жиын ортаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын енгізген соң, мемлекеттік әнұранды шырқаумен басталды.
Мерекелік шара барысында 1-сынып оқушылары мектепке, ұстаздарына арнап өлең жолдарын оқыды. Мектеп директоры Аманжол Ақылбекұлы Сауханов мектеп оқушыларына, барша ұстаздарға және ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, мектептің өткен жылғы жетістіктерін айта өтіп, алдағы жаңа оқу жылына шамшырақ болсын, келген оқу жылында да осындай жетістіктерге жетейік деген жүрекжарды тілегін білдірді.
Салтанатты жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Дүйсенова, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Жалғас Дүйсенұлы, ардагер ұстаздар Диханбай Ақділда, Айжан Өтешова және Сарысу ауданы ПБ бөлімінің жергілікті полиция қызметінің участкелік полиция қызметкері, полиция капитаны Несіпбаев Мәди Шоханұлы қатысып, бүгінгі білім күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Оқушылар ән айтып, би билеп, күмбірлете күй тартып,1-сынып оқушылары Қадір Инабат пен Сәбденбек Жантөре алғашқы қоңырау соғуымен өз мәресіне жетті.
Сарысу орта мектебі
Биылғы Білім күні «Мектебім-мейірім мекені» атты тақырыппен өтті. Бұл атау-жай ғана сөз тіркесі емес, әр оқушының жүрегінен орын алған мектепке деген сүйіспеншілігін, жылуын, сағынышын білдіретін терең мағыналы ұғым. Себебі мектеп-тек білім беретін орын емес, ол-тұлға тәрбиелейтін, арманға жол ашатын, өмірге бағыттайтын алтын ұя.
Салтанатты жиынды ашу рәсімі мектеп директоры Амина Шегіроваға берілді. Өз сөзінде мектеп директоры былтырғы оқу жылының нәтижесіне тоқталып, келген оқу жылында оқушыларға, ата-аналарға және ұстаздарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар жиынға келген қонақтар-аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Данияр Ермекбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғалия Есенбекова, ата-аналар комитетінің төрайымы Дина Дәуірбаева, Қамқоршылық кеңес төрағасы Мұрат Бакенов, ата-аналарға, ардагер ұстаздар атынан ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жұмашбек Әділбеков аталар құттықтау сөз берілді.
Салтанатты шара барысында оқушылар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті. Мектеп табалдырығын аттаған 1–сынып оқушылар әннен шашу шашып, ұстаздарға деген құттықтауларын жеткізе отырып, алғашқы қоңырау соғып, қол ұстасып, білім ордасына салтанатты түрде кірді.
Бұл жиын әр оқушының жүрегіне қуаныш ұялатқан, білімге деген сүйіспеншілігін арттырған сәт болды. Мектеп өмірі осындай шуақты бастамалармен басталса, алдағы оқу жылы да табысты болмақ.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»