Кеншілер күні аталып өтті
Бүгінгі таңда елімізде өнеркәсіпті дамыту, өнім сапасын арттыру, қазіргі заман талабына сай өндіріске жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс орындарын ашуға баса назар аударылып келеді.
Бұл бағытта химия өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің алар орны ерекше.
Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Бұл химия саласының алыптары ауданда ғана емес, облыста тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр.
1946 жылы 5 желтоқсанда «Шолақтау» кен орнынан фосфор рудасының алғашқы рудасы шығарылған болатын.
Осыдан 79 жыл бұрын іске қосылған «Каратау» тау-кен өңдеу кешені жаңа өндірісті игеріп, еліміздің химия және тау-кен өңдеу саласының алыбына айналды. Кәсіпорынның даму және өрлеу кезеңдерімен қатар Жаңатас, Қаратау қалалары қалыптасты. Кешен қала құраушы кәсіпорын ретінде ел мақтанышына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында орталық алаңда аудандағы ірі өндіріс орны «Казфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, кеншілер қауымын мерекелерімен құттықтады.
-Қарт Қаратаудың жер қойнауы фосфорлы байлығымен танымал. Қаратау қойнауын бойлап жатқан кен орындарын игеруде және ауданымыздың дамуында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны бөлек. Кәсіпорынның өнім өндіру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Аудан орталығы Жаңатас қаласының даму тарихы да кеншілер тарихымен, осы кәсіпорынмен тығыз байланыста. Сіздердің еңбектеріңіз біз үшін құрметті. Сіздердің жігерлеріңіз бен ізгі ниеттеріңіз ауданның бұдан әрі қарқынды дамуына оң ықпалын тигізе беретіндігіне сенеміз,-деп экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында тау-кен өңдеу кешенінің ерекше орын алатындығын да атап өтіп, кеншілер еңбегінің әрқашан да құрметке лайық екендігіне тоқталды.
Мұнан соң “Казфосфат” ЖШС филиалы “Қаратау” тау-кен өңдейтін комплексінің директоры Әділхан Ералиев те барлық қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
-Сіздерді, бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз-«Химиктер күнімен» шын жүректен құттықтаймыз. Табиғат біздің елімізді бай минералды ресурстармен қарқынды қамтамасыз еткен. Бірақ, бұл жер қойнауында жатқан байлығымызды химия өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің еңбегінсіз қолжетімді болмауы мүмкін еді.
Сондықтан да, күрделі де игі кәсіп иелері болып табылатын химия саласының мамандары шын мәнінде ерекше құрмет пен қошеметке лайықты.
Елімізде өнеркәсіпті дамыту, өнім сапасын арттыру, қазіргі заман талабына сай өндіріске жаңа технологияларды енгізуге баса назар аударылып отыр.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында іргелі кәсіпорын «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны ерекше.
Сондай-ақ, жарты ғасырдан астам тарихы бар Жаңатас қаласының даму тарихы, кеншілер тарихымен тығыз байланысты. Химия өнеркәсібі біздің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі зор,-деді.
Химия өнеркәсібінің жетістіктері барлығымыздың өмірімізде маңызды орын алады. Онсыз адамзат бүгінгі күні даму деңгейіне жете алмайтын еді. Химия кен өндіру, металлургия, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс және тамақ өнімдерінің түрлі салаларында сұранысқа ие. Тәуелсіз Қазақстанның химия өнеркәсібін дамытуға үлес қосқан ардагерлердің еңбектері орасан деп білемін.
Осы салада тынбай еңбек еткен ардагерлерге және осы мамандық иелеріне өндіріс саласының дамуына өзіндік үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтарға кәсіпорын басшылығы арнайы марапаттауларын тапсырып, бағалы сыйлықтарды (теледидар) табыстады. Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығының ұйымдастыруымен кәсіби мереке қарсаңында кешен қызметкерлері арасында спорт түрлерінен өткен жарыста жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрінген командалар сахна төрінде марапатталды.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, эстрада жұлдыздары Нұржан Төлендиев, Ернар Айдар, Заттыбек Көпбасынұлы, Құрмаш пен Әлімхан дуэті, Ерболат Ержанбаев, Талғат Лес және «Рио» тобы әуелете ән шырқап, кеншілер қауымының жүздеріне күлкі, шаттық сыйлады.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»