Еңбек адамы-ел мақтанышы

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз адал азамат дегеніміз кім екенін осылайша өз сөзінде пайымдаған еді: «Адал азамат дегеніміз-жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс»-бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады»,- деді Президент. Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама өз ісіне адал жандар қаншама. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді. Бүгінгі күні арамызда белгілеп алған мамандығы болмаса да, ауыр еңбектен бел жазбай жұмыс істеп, балаларын жетілдіріп, абыройы артып жүрген жандар жетерлік. Халқының көрегенділігі, даналығы, дарқандылығы, мен кіршіксіз ақ көңілдігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген азаматтарын жіпке тізсек жетіп артылады. Ал осындай баға жетпес қасиеттерді бойына сіңіре білген Серікбек Өтегенов жайлы болмақ.

Серікбек Өтегенов 1968 жылы 26 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келді. Туған жерім-менің тірегім, ал балалық шағы қызықты да есте қаларлық сәт­терге толы, бірлігі жарасқан еңбек­қор ауыл адамдарының ортасында өтті.
1975 жылы Өндіріс ауылындағы орта мектеп табалдырығын аттап, білім алып 1983 жылы 8-сыныпты аяқтайды. Ал, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінде 2 жыл 9-10 сыныпты бітірді. Жас жігіт 1985 жылы Жамбыл Технологиялық Университетінің “Жеңіл тамақ өнеркәсібі” мамандығына оқуға түседі. 1986–1988 жылдары Кеңес әс­кері қатарында әскери борышын абыроймен өтейді.1993 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолын Сарысу ауданының автобазасында бастады.
2000 жылдан бастап Астана қала­сына қоныс аударып, ауа райы саласында қызмет етеді. Кейін қызметтік себептермен Бурабайға, одан соң ту­ған ауылға оралады. Білімін жетіл­діріп, техника мен электр саласына қызығушылығына байланысты ауылға электрик болып орналасады. Бұл жұ­мыс Серікбекке жауапкершілік пен тәжірибені ұштас­тырып, кәсіби тұрғы­да өсуге мүмкіндік берді.
Кейіпкерімізді әңгімеге тартқаны­мыз­да: -Қазіргі таңда елдің күнделікті тұрмысының жарықпен қамтамасыз етілуі, шаруашылықтардың тоқсыз қал­мауы-менің басты міндетім. Өз ісімді адал атқарып, халық сенімін ақтап, об­лысаралық марапаттарға ие болдым. Туған жерімнің игілігіне қызмет ету, әрбір елді мекеннің тіршілігін тоқ­татпай, жарық сыйлау-менің өмірлік ұстанымым. Отбасылымын. Жұбайым екеуміз 6 бала, 6 немере тәрбиелеп отыр­мыз. Оларды да еңбекқор, елге қыз­мет ететін үлгілі азамат етіп өсіруді мақсат еттік.
Бүгінде туған жеріме қызмет ету-мен үшін үлкен мақтаныш. «Ауыл-Ел бе­сігі» демекші, сол бесіктің тербелісін тоқтатпай, жұртымның әр шаңырағына жарық сыйлап келемін. Мемлекет басшысының биыл «Жұмысшы маман­дық­тары жылы» деп жариялауын қол­дай­мын. Жылдың төрт мезгілінде де құрылыстың басында жүретін жан­дар­дың еңбегі қашанда еленуге тиіс. «Еңбектің наны тәтті» дейміз, ешкімнің ала жібін аттамай, жан баласына қиянат жасамай тапқан табысыңның берекесі мол. Өзіңе сеніп тапсырылған қызметті адал, жауапкершілікпен атқарған дұ­рыс. Сонда ғана елдің алғысына бө­ле­несің, мәртебең өседі. Адал жүріп, абыройға кенелгенге не жетсін. Ауданымыз күннен-күнге дамып құлпырып келеді, кеншілер шаһары да гүлдену үс­тінде. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді.
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жандар десек, бүгінгі кейіпкеріміз де осы атқа әбден лайық. Еңбек адамы диқан бола ма, малшы бола ма, тазалықшы бола ма, бәрібір. Бастысы маңдай терін төгіп жұмыс істеген әрбір адам қадірлі! Жұмыстың жаманы жоқ, адал жасайтын адам болса.
Иә, жұмыстың жаманы жоқ, кез кел­ген еңбек-қадірлі. Ең бастысы, қай са­лада болсын адал еңбек қашан да лайықты бағаланып, табыс пен құр­метке жеткізетін қоғам қалып­тастыра білсек, ұлт сапасы артып, ел дамуы алға озары хақ.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.