Береке бейнетпен келеді

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ел үшін де, жеке азаматтар үшін де үлкен сын мен мүмкіндік кезеңі болды. Экономикалық тұрақсыздық, нарықтық қатынастардың жаңадан қалыптасуы көптеген адамды жаңа жол іздеуге итермеледі. Дәл осы күрделі уақытта тәуекелге барып, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың бірі-Жаңатас қаласының тұрғыны Сабырбек Ордабаев. Қарапайым бастамадан бастап, бүгінгі күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырған бұл кәсіпкердің өмір жолы-табандылық пен сенімнің, еңбек пен жаңашылдықтың жарқын үлгісі. Оның кәсіпкерлік жолы тек қаржылық табыспен емес, елге, қоғамға тигізген пайдасымен де бағалы.

Сабырбек Пірімбекұлы 1958 жылы Сарысу ауданының Маятас ауылында дүниеге келді. Дегенмен оның өмір жолы Жаңатас қаласымен біте қайнасып жатыр. Бала күнінде ата-анасы жұмыс барысымен сол кезде Көксу деп аталған, кейіннен кеншілер шаһарына айналған елді мекенге қоныс аударады. Сол уа­қыттан бастап кейіпкеріміз де осында өсіп-өнді. 1964 жылы Бүркіттідегі М Әуезов атындағы шағын ғана 8 жылдық мектептің табалдырығын аттайды. Ал 1974 жылы Қ Сәтпаев атындағы орта мектепте 10-сыныпты бітіріп шықты.
Кеңес Одағы кезеңінде кә­сіби білім берудің негізгі тірек­терінің бірі- техникумдар болды. Бұл оқу орындары қоғам үшін аса қажетті мамандарды дайындап, елдің өндірістік, құры­лыс, ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларының дамуына үлкен үлес қосты. Орта арнаулы білім беретін техникумдар жастарға теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, өмірлік жолын ерте бастауға мүмкіндік берді. Жұмысшы ма­ман­дығына деген сұраныс жо­ғары болған сол заманда тех­никумда оқу-болашаққа берік негіз қалаудың, кәсіби маман атанудың нақты жолы саналды. Бұл жүйе тәртіпке, жауап­кершілікке және еңбекке баулыды. Сабырбек Ордабаев та 1975 жылы сол тұста аты дүркіреп тұрған Жаңатас құрылыс техникумына түсіп, 1979 жылы тәмамдады.
Сол замандағы жас маман­дардың техникаға деген қызы­ғу­шылығы ерекше болатын. Әр аймақтан келген жас­тар үлкен құрылыс нысандарын, өндірістік зауыттарды, күрделі механизмдерді көріп, таңдай қағатын. Олар үшін әр жаңа құрылғы-тек құрал емес, адамның ақыл-ойы­ның жемісі, болашақтың кілті іспет­ті еді. Техникумда оқып жүріп-ақ, олар сызбалар салып, станоктар мен құрал-жаб­­дық­тар­дың құрылымын үйреніп, өз қолы­мен бөлшектер құрас­тырып, ал­ғашқы өндірістік тәжіри­бе­ден өтетін. Әрбір тетіктің қалай жұмыс істейтінін түсіну, оны жөн­дей білу немесе жаңасын ой­лап табуға ұмтылу-сол буын жастарының бойында техникаға деген шынайы қызы­ғу­шы­лық­тың бар екенін көрсе­тетін. Біз­дің кейіпкеріміз де білім ала жүріп, әрі техни­каға қызығу­шылығының арқасын­да АТП 09007 автокөлік кәсіпорнында алғашқы еңбек жолын жүргізуші ретінде бастап та кетті.
Адал еңбек адам бала­сын қай кезде де алға жетелей­тін­дігі сөзсіз. Сабырбек Ордабаев та кейіннен механик, шар­уашылық басқарушысы, кә­сіп­одақ ұйымының төрағасы ре­тінде ұйымдастырушылық қа­бі­летімен танылды. Істің көзін таба білетін ілкімділігімен көзге түсті.
Әйтсе де тоқсаныншы жыл­дар­дағы тоқыраудың қай салаға болсын оңай соқпағанын жақсы білеміз. Кеңес Одағының ыдырауымен бірге жоспарлы экономика жүйесі де күйреп, халық жаңа, бейтаныс нарықтық қаты­нас­тармен бетпе-бет келді. Жұ­мыссыздықтың артуы, инф­ля­цияның шарықтауы және әлеу­меттік кепілдіктердің жойылуы- осының бәрі миллиондаған адамды күнкөріс үшін өз жолын іздеуге итермеледі. Осындай қиын жағдайда көпшілік амалы жоқтан кәсіппен айналысуға көшті. Бизнеске бет бұру біреулер үшін өмір сүрудің жалғыз жолы саналса, енді біреулер үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Бұл кезең елдегі жеке кәсіпкерліктің негізі қаланған, батыл әрі тәуекелшіл буын қалыптасқан уақыт ретінде есте қалды.
Уақыттың талабын әрі қоғам­ның сұранысын ескере білген Сабырбек Ордабаев сол тұста отбасымен бірге кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Сөйтіп орталық базардан шағын дүкен ашып, аз-маз тауар әкеліп сата бастайды. «Саудада береке бар» деген тәмсіл тектен тек ай­тылмаған ғой. Отбасылық кәсіп те алға басып, айналым қара­жаты толыға түсті.
Кейіпкеріміз 2000 жылдары кәсіпкерлігін кеңейту мақ­сатында жаңа нысан іздей бас­тайды. Содан теміржол стан­сасының маңында қаңырап бос тұрған қойманың кімге тиесілі екенін білмекке бекінеді. Нысан теміржол стансасының менші­гінде болғанмен, ондағылар Тараз қаласында орналасқан бас­қармадан рұқсат сұрау ке­рек­тігін айтады. Не керек, Сабырбек Ордабаев қалың ойдың жетегінде облыс орталығына тіке тартады. Әйтеуір, ол жақ­тағы басшылар кәсіпкердің тал­пынысына түсіністікпен қарап, алқам-салқамы шыққан ғи­марат­ты пайдалануға келісім бере­ді. Ал жекеменшікке алатын кезде бизнес жоба ұсыну қажет болады.
-«Сабақты ине сәтімен» де­ген­дей, бұл нысанды жеке­мен­шікке алуға мүмкіндік туды. Бірақ ол үшін бизнес жоба ұсы­ну керек екен. «Бұл жерден не ашуға болады?» деп көп ойландым. Теміржол стансасының жаны болғанмен, мұнда халық көп жүрмейді. Оның үстіне нысанды қалпына келтіру үшін біраз қаржы салу керек. Сөйтіп «Нар­тәуекел!» деп мақсары майын өндіремін деп шештім. Бас­тапқыда арнайы станок сатып алдым. Келесі кезекте ауыл-ауылды аралап, мақсары еге­тін шаруалардан өнім алуға уағ­даластым. 7-8 жұмысшы қабыл­дап, іске кірісіп кеттік. Бәрі де айтуға оңай ғой. Шаруаның ретін таба жүріп алғашқы өнімдерді де нарыққа шығардық.
Жұмыс алға баса келе шикі­зат тапшылығы байқалды. Ол тұс­та мақсары егетіндер өте аз еді. Содан өзім жалға жер мен техника құралдарын алып, мақ­сары егуге кірістім. Сол жыл­дары мақсарыдан керемет деңгейде өнім алдық. Көл-көсір май өндіріп, оны тіпті Тараз, Шым­кент қалаларына дейін апарып саттық. Осылай бизнестегі бастамамыз сәтті жалғасып жатты,-дейді С.Ордабаев.
Қойманың теміржолдың дәл іргесінде болуы кәсіпкерлік көк­жиегін одан әрі кеңейтуге жол ашты. Осы орайда кейіпкеріміз темір-терсек қабылдап, құры­лым материалдарын сатуға да көшеді. Мұнымен шектелмей, Қостанай, Қарағанды қа­лалары­нан арзан бағада ұн ал­дыра бастайды. Тағы да ойлана келе 2009 жылы наубайхана ашып, Жаңатас қаласының тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етуге кіріседі. Мұн­да да көптеген адам жұмыс­пен қамтылады.
Әрине, кәсіп болған соң түрлі қиындықтардың да кездесіп жа­татындығы даусыз. Үнемі жол үстінде болған соң түрлі жағ­дайлар да орын алады. Әңгіме барысында кәсіпкер сондай оқи­ғаның бірін айтып берді.
-Расында да кәсіпкерлік жолында талай сынақтар кездеседі. Солардың бірі – қыстың қаһарлы күнінде құрылыс материалы тиелген «КамАЗ» көлігімен бастан кешкен жағдай.
Бір күні Шымкент қаласынан құрылыс нысанына қажетті ма­териалдарды жеткізу үшін жолға шықтым. Алғашқыда ауа райы қалыпты еді. Бірақ жолдың жартысына келгенде қар қалың жауып, көктен ақ ұлпа жауынмен бірге боран басталды. Көлік басқару қиындап, жол көрінбей қалды. Бір сәтте көлік жолдан тайып, жыраға түсіп кетті.
Сол жерде көлікті өз күшім­мен шығара алмасымды түсініп, ауылға жеңіл көлікпен кері қай­тып, қажетті құралдар мен кө­мек ұйымдастырдым. Төтенше жағдайға бей-жай қарамайтын азамат ретінде «К-700» тракторын жалға алып, жүк көлігін сүйреп шығуға әрекет жасадық. Бірақ жүгі ауыр болғандықтан, «КамАЗ» орнынан қозғалмады.
Сонда барлығымыз бірі­гіп, көліктегі құрылыс материал­дары­ның бәрін қолмен түсіріп, «КамАЗ»-ды босатып барып қана тартып шығардық. Көлік жолға шыққан соң, жүктің бәрін қайта тиеп, діттеген жерге аман-есен оралдық,-дейді кейіпкеріміз.
Сабырбек Ордабаев табыс­ты кәсіпкер ғана емес, өнегелі отбасының да алтын діңгегі. Жан жары Зағира Серкебаева екеуі 1978 жылы отау құрып, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсір­ді. Құдай қосқан қосағы да сауда саласынан алыс емес. Ол еліміз егемендік алғанша қала­лық дүкендерде сатушы бо­лып жұмыс істеді. Осы ба­ғыт­та жиған мол тәжірибесі отбасылық бизнестің дамуына да оң септігін тигізгенін айта кету керек. Ал тұңғыш қыздары Нұрсәуле Сабырбекқызы Астана қаласында тәмамдаған маман­дығы бойынша экономист болып қызмет атқарады. Жиені Алмас та медициналық акаде­мияны бітіріп, ұлт саулығын нығайту жолында еңбек етіп жүр. Үлкен ұлдары Жеңіс Са­быр­бекұлы болса полковник. Бүгінде Астана қалалық прокуратурасында аппарат бастығы. Ол да жанұялы, екі қыз, екі ұл тәрбиелеуде. Кенже ұлы Дәурен шаруа қожалықтың меңгерушісі ретінде ел ырысын еселеуге үлес қосуда. Қазіргі таңда ол екі ұлдың әкесі.
— «Әлемнің әміршісі-еңбек» деген сөз бар. Расында да кім аянбай еңбек етсе, соның асы­ғы алшысынан түседі. Дегенмен берекенің бейнетпен келе­тіндігін ұмытпау керек. Қандай жұмыста болсын қиын­дық кездеспей қоймайды. Ең бастысы мойымай, алға талпына беру керек. Сонда ғана нәтижесі болады. Аллаға шүкір, бір кездері көзді жұмып тұрып бастап кеткен кәсібіміздің жемісін көріп жатырмыз. Аудан әкімдігінен Құрмет грамотасын да алдық. Өзге де марапаттарға ие бол­дық. Қым-қуыт шаруаның ортасында жүріп, балалардың да тәрбиесіне көңіл бөлдік. Уақыт деген демде емес пе? Олар да өсіп-өніп, оқу бітірді. Артынша жұмысқа тұрды, отбасын құрды. Бүгінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, немерелеріміздің ал­ды мектеп бітіріп, үлкен өмір­ге қадам басып жатыр.
Өзім зейнетке шықсам да қол қусырып қарап отыра алмаймын. Алла денсаулық беріп тұрғанда шаруамен айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Қазір ағаш, темір, шатыр секілді құрылыс материалдарының басым көп­шілігін жеткізіп, жергілікті жұрт­шылыққа сатып жатырмыз. Қо­лы­мыздан келгенше қызмет көрсете беретін боламыз,-дейді Сабырбек Пірімбекұлы.

«Sarysý» ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.