Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында нашақорлық күрделі әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылып, наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әлеумет­тік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағ­дайға жетті.
– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономи­калық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар мен ғалымдар наркотизм ұғымы­ның нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін, әлеу­меттік, экономикалық және құқықтық проблема­лармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мә­се­­ле­сімен ұштасып жатқанын айтады.
Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауық­тыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.
– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұрт­шылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралу­ын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайды.
Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды.
Жиында есірткімен байланысты құқық бұзушы­лықты анықтау, жолын кесу мен жазалаудың тиім­ділігін арттыруға қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.
– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдас­қан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алудың маңы­зына тоқталды. Бұл түйткіл құқық қорғау орган­дарының назарынан тыс қалмауға тиіс.
Президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңызды екенін атап өтті. Сон­дай-ақ Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға нашақорлықтан сақ­тан­дыру және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейіне кө­теруді тапсырды. Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті жандандыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.