Абай күнінде туған сәбиге ақын есімі берілді
Дана Абай, дара Абай есімі құт қонған Сарысу жерінде кеңінен ұлықталып жатыр. Іс-шаралар ұйымдастырылып, ғұламаның өлеңдері мен қарасөздері оқылып, әндері шырқалуда. Ұлы Абай күні ақынның ұлылығын асқақтатып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға да негіз бола бастады. Рухани кеш әлі де жалғасып жатыр.
Осы айтулы күнге орай Абай күнінде дүниеге келген сәбидің анасын арнайы құттықтау үшін аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов аудандық перзентханаға барды.
Халқымыз-ырым мен дәстүрді ұстану арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Расында дәстүрді дәріптеу-ұлттық кодымыздың негізгі тетігі болып табылады.
10 тамыз-Абай күнінде келген сәбиге Ұлы ақындай дана болсын деген ниетпен Абай есімі қойылды. Арнайы сәбидің анасын құттықтап барған аудан әкімінің орынбасары Е. Ермағанбетов сәбиге ұзақ ғұмыр тілеп, сый — сияпат жасады.
Дүние есігін ашқан сәбидің әкесі Жандәулет Мұратұлы отбасындағы үлкен қуанышқа ортақ болып құттықтап келген аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Сәулет Есқара, «Sarysý»