Ерлік-ұрпаққа өнеге
Қазақстан халқы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың-Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуын ерекше құрметпен атап өтуде.
Бұл-халқымыздың қайсар рухын, батырлығын және ел бірлігінің шексіз күшін әйгілейтін маңызды тарихи белес. 1941–1945 қасіретті жылдарда Қазақстан халқы ерлігімен де, еңбегімен де жеңіске сүбелі үлес қосты. Ал бүгін, арада сегіз онжылдық өтсе де, сол Ұлы Жеңістің маңызы кеміген жоқ-керісінше, елдік сана мен ұрпақ тәрбиесінің темірқазығына айналды. Ұлы Жеңіс-отансүйгіштік пен қаһармандықтың мәңгілік үлгісі. Бұл мерейтой өткенді еске алу ғана емес, бейбіт өмірдің, тәуелсіздіктің және ел бірлігінің қадірін ұғынуға бағытталған. Жеңістің 80 жылдығы еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде ауданымызда кең көлемде аталып өтуде.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Жайылма ауылдық клубында «Желбіре, Жеңістің жалауы» атты өнер фестивалі өтті. Кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов:
-Біз батыр бабаларымыз бен ардагер аталарымызға бейбіт күн үшін құрмет көрсетеміз. Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Жеңіс туы көкте желбіреп тұрсын,-деп ата-бабаларымыздың сұрапыл соғыс кезіндегі көзсіз ерлігі мен жанқиярлығының арқасында бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылыққа, даму мен өркендеуге қол жеткізгенімізді ерекше атап өтіп, ізгі тілегі мен ықыласын білдірді.
Сонымен қатар бірқатар ауданға еңбегі сіңген азаматтар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы тапсырылды.
Шарада Жайылма ауылдық өнер мектебінің қыл қалам және қолөнер шеберлерінің туындылары көрмеге қойылды. Одан кейін ауылдық кітапхана қызметкерлері «Жеңіс туы желбіресін» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Сондай-ақ сахнада Әйтеке би атындағы орта мектептің оқушылары жайылмалық соғыс ардагерлері Домбайұлы Кертай, Ыбыраев Байұлы, Игенбаев Ақпан, Баймаханов Адамбай, Қасымбеков Қалқаман аталарға арнаған көрініс қойып, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Аталмыш фестивальде ауылдың өнерпаздары ұлттық домбыраны нақышына келтіріп, дәстүрлі әндерден шашу шашса, оқушылар мың бұрала би билеп, көрермендердің қошеметіне бөледі.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»