Үздік учаскелік полиция инспекторы
2025 жылдың 23 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде учаскелік инспекторлардың имиджін көтеру және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту, әлеуметін көтеру, тұрғындармен кері байланыс орнату, отбасындағы жанжалдарды шешу, тұрғындарға заң мен тәртіп қағидасын ұстануды насихаттау, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау тағы басқа өзекті мәселелерді атап өткен болатын.
Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен «Үздік учаскелік полиция инспекторы» конкурсының аудандық іріктеу өткізу бойынша ашылуы өтті. Ашылуда аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту мақсатында өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ринат Оразбайұлы конкурстың ережелері мен бірқатар ұсыныстарды жеткізді.
Конкурстың ашылуында шараға қатысты талаптардың орындалуы бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Еске сала кетейік, конкурс үстіміздегі жылдың 22 — 29 шілдесі күндері аралығында өтеді.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»