Аудан әкімі халық алдында есеп берді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр тоқсан сайын «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы естеріңізде болар. Яғни, халық үнін еститін Үкімет тұжырымдамасының бір парасы десек те болады. Сол Жарлыққа сәйкес Жайылма ауылында аудан әкімі С.Мамытов есептік жиынын өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның прокуроры, аудандық мәслихаттың төрағасы, ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсаттарға да тоқталып өтті.
— Аудан экономикасының басты бағыты әрине – агроөнеркәсіп кешені екені баршаңызға мәлім. Сондықтан да, бұл салаға деген көзқарасымыз да айрықша.Жалпы алғанда ауданымызда ауыл шаруашылығы саласының, оның ішінде мал өсіріп, егін өсірудің әлеуеті орасан зор. Қазіргі таңда ауданымызда тіркелген 1 586 шаруа қожалығының 1 459-і белсенді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарға 533 442 гектар жайылымдық, 34 230 гектар шабындық және 25 031 гектар егістік жерлер берілген. Бүгінге дейін егістік алқаптарының 24 793 гектарына дақылдар егіліп, 99% толығымен игерілді.
Ал, тәлімді егістік алқаптарына 1 724 тонна тұқым себу қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтары тарапынан 858 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Ол құнының 50%-ы субсидиялауға жатады. Шаруашылықтар 495 тонна жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізді. Шаруа қожалықтарымыз биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 9 дана трактор және 18 дана қосалқы техникалар сатып алды. Жыл соңына дейін аудандағы техникалардың 6,5% жаңарту көзделіп отыр.
Қамқалы ауылдық округі Шу өзені бойынан бидайық, қамыс, құрақ өскен 15 000 гектар шабындық алқапты шабуға әзірленіп, ауылдық округтерге хабарланды. Бұл жерден шөп шабуға ниетті 13 бригада техникаларымен жасақталған. 13 бригаданың ішінде 6 бригада дайын тұр. Несиелендіру жұмыстарына тоқатала кетсем. «Саудакент несие серіктестігі» арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында арқылы 17 шаруа қожалығы 116 млн. теңге, ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында 2 шаруа қожалығы 23 млн. теңге көлемінде несие қаржысы берілді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жыл басынан бері 220 млн. теңгеге 28 жоба несиелендірілді. Алдағы уақытта 54 млн. теңгеге қосымша 7 жобаны қаржыландыру күтілуде.
Сондай-ақ, кәсіпкерлікті несиелендіру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 716 азаматқа 1 млрд. 508 млн. теңгеге несие берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы игерілмей жатқан 13 000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Бүгінде 4 411 гектар жайылымдық жерді қайтару жұмысы аяқталды. Аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешіледі. Қайтарылған жердің 1 700 гектары Досбол елді мекеніне жайылымдық жер ретінде бекітіліп беріледі. Аталған жерге су ұңғымасын қазып, ауыл тұрғындарының пайдалануына беруді тапсыратын боламын. Қосымша күні кеше осы Шағалалы елді мекені маңындағы «Байбек» шаруа қожалығының 500 гектар жері қайтарылды. Бұл жерді де елді мекенге бекітіп берілетін болады.
Бұдан бөлек, «Дос-төле», «НАР», «Тоғызкент» ЖШС-і, «Есет» шаруа қожалықтарының пайдаланылмай жатқан 33 700 гектар жерін қайтару үшін жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс жолданды. Алдағы уақытта барлық бос жатқан жерлерді толық мемлекет меншігіне қайтарып, басқа шаруашылықпен айналысуға ниетті азаматтарға беруге, елді мекендердің жайылымдарын ұлғайту жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз.
Жалпы жарты жылдың қорытындысы бойынша аудандағы мал басы 103%-ға артып отыр. Сондықтан жайылым мәселесі үнемі бақылауымызда болады. Атқарылып жүрген жұмыстардың арасында ауданда тұрғын үй қоры бойынша бірқатар игі істер атқарылғанын баяндап өтейін. Бұл бағытта алдағы уақытта республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаражат бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы 1-ші мөлтек аудандағы №45-ші 80 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және 6-шы шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй бой көтереді.
Қазіргі таңда 6-шы мөлтек ауданнан кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, онда 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.Бұдан бөлек, ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бюджеттен 10 пәтер сатып алуға 143 млн. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, биыл пәтерге мұқтаж 90 бюджет қызметкерлеріне үй беру жоспарланып отыр. Өздеріңіз білесіздер жол мәселесі қашан да аса маңызды салалардың бірі. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген жақсы сөз бар. Біз, аудандағы автомобиль жолдарын сапалы деңгейге көтеруге, әрі барлық ауылдарды қамтуға ерекше мән беріп келеміз.
Мысалы, аудандағы автомобиль жолдары – 535,47 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы 5 елді мекеннің 9 көшесінің жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін құны 717,5 млн. теңгенің 8 жобасы әзірленген. Жобалардың барлығы облыстық бюджетке ұсынылды. Ендігі кезекте осы қаржыландыру мәселесін күтіп отырмыз.Бұдан бөлек, Шығанақ және Қамқалы ауылдары ортасындағы 17 шақырым жолды жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады деп отырмыз. Биыл 7 шақырым жолды, 2026 жылы қалған 10 шақырым жолға асфальт төселетін болады.
Саудакент және Жайылма ауылдары 11 шақырым жолды жөндеу жұмыстары да ағымдағы жылдың тамыз айында басталады деп күтілуде. Биыл аталған жолдың 3 шақырымы жөнделіп, қалған 8 шақырымын 2026 жылы жалғастыру жоспарланған. Аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған аса маңызды шаралардың бірі – ол елді мекендерді газдандыру болып отыр.
Облыс әкімінің қолдауымен газ тарту жұмыстарына 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, мердігер тарапынан құбыр тарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнге 14 елді мекендегі 39 582 адамды (Жаңатас — 25,8 мың адам) табиғи газбен қамту бойынша жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба бойынша 13 елді мекенге (Жаңатас қаласынан басқа) сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді. Биылғы жылы аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейі 76%-ға, ал халық санымен есептегенде 94%-ға жететін болады. Бұл шалғай орналасқан біздің Сарысу ауданы жұртшылығы үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған аса үлкен қамқорлық деп есептеймін,-деді. Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңінен айтып өтті. Өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Есептік жиында ауыл тұрғындары жарыссөзге шығып, Талас өзені суының Жайылма ауылдық округінің шабындық жеріне дейін жеткізу бойынша шара қабылдау, Жайылма мен Маятас ауылдарына орталықтандырылған ауыз суды тұрақты түрде тәуліктеп беруді қамтамасыз ету, төрттүлік мал су ішетін артизан қазып беру сынды мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңдері жайында айтып өтті. Сондай-ақ ауылдық округ әкіміне жиында айтылған пікірлерге іс-шара жоспарын жасап, жұмыстар атқаруды жүзеге асыруды тапсырды.
Жиын барысында Маятас ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Қойшыбаев сөз сөйледі.
— Соңғы жылдары әкім есебінің бітімі бұрынғыдан өзгерек. Халыққа жаңа талапқа сай, слайд арқылы атқарылған жұмыстың нақты дерегін көрсетіп, халықпен етене жақын жұмыстар атқарып жүр. Нәтижесінде халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, тұрғындардың сұранысы ескеріліп, көтерілген мәселелер көп ұзамай өз шешімін табуда. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды естіп, көріп отырмыз. Ауданымыз гүлденіп дамуда. Өте қуанышты жайт. Жайылма ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылға қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан, ауыл әкімдеріне алғысымды білдіремін,-деді.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға жазылған тұрғындарды да қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Бұдан кейін тұрғындармен кездесу жиыны Игілік ауылындағы клуб үйінде жалғасын тапты.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы, ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу жиынында аудан басшысы сөз алып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ алдағы жылдар ішінде атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар, Игілік ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.
— Аудан халқының денсаулығын жақсарту мен сапалы ем қабылдауларына барлық жағдайды жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Ағымдағы жылы Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 156 млн. теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Жұмыстарды жылыту науқаны басталғанша толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 2025 жылы 16 млн. теңгеге қан қысымдарын тұрақты бақылауға арналған 2 дана «Смад» аппараты, 24 сағат бойы жүрек жұмысын бақылауға арналған 2 дана «Холтер» аппараты, созылмалы өкпе ауруларын тексеруге арналған 1 дана «Спирометр» аппараты, медицианалық құрал жабдықтарды залалсыздандырғаннан кейін қаптауға арналған аппарат, қан құрамы қышқылдық негіздік талдауына арналған аппарат сатып алынды. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жыл соңына дейін цифрлы маммограф аппараты, ай күні жетпей туылған нәрестелерді жатқызуға арналған тасымалды инкубатор аппараты, заманауи планшет УЗИ аппараты, ауыз қуысы және тыныс жолдарын тазалауға арналған электрлі сорғыш аппараты, нәрестелерге арналған өкпені жасанды демалдыру аппараты алынады деп жоспарлануда. Аудандық аурухана есебінен 30,0 млн. теңгеге КТ аппаратына қосымша инжектор, өте ауыр жағдайдағы науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған тасымалды жиынтық, қан қысымы мен жүрек қағысын бақылауға арналған тасымалды монитор, өкпені жасанды демалдыруға арналған тасымалды аппарат, әйелдерге арналған кольпаскоп аппараты, 5 дана туберкулез таяқшаларын жоюға арналған бактериоцитті лампа және тағы да басқа құрылғыларды сатып алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында 4 дәрігерді жұмысқа алу жоспарланып отыр. Оның ішінде, акушер гинеколог, травматолог, окулист және инфекционист дәрігерлер бар. Әрине бүгінгі есепті кездесуде мен аудан дамуының ең басты бағыттарына тоқталуды жөн санадым. Осыншама игі істер – ауданымыздың экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар. Сонымен қатар, ауданымыздың өркендеуіне ірі кәсіпорындарымыз көрсетіп отырған демеушілік қолдауларын да арнайы атап өткім келеді. Мысалы, «Казфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» ТКӨК кәсіпорны «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының иелігіне ақысыз беру жолдарын қарастырып отыр.
Сонымен қатар, бұл кәсіпорын мамыр айында өткен Азия чемпионатына қатысушы біздің спортшыларымызға 1 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Жалпы, 2024-2025 жылдары түрлі қайырылымдылық шараларына 5,5 млн. теңгеге демеушілік жасады. Ал, «Жаңатас ЖЭС» және «Шоқпар ЖЭС» ЖШС-і биыл Жаңатас қаласындағы Дегерез, МЭЗ аумақтарына 40 млн. теңгеге балалар ойын алаңшасы мен субұрқақ соғуды жоспарлап отыр. Біздің бастамаларымызды қолдап, осындай саналы қадамдар жасап отырған кәсіпорын басшыларына алғысымды білдіремін. Мен бүгінгі халық алдындағы есебімде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына барынша басымдықтар бердім. Өйткені, ауданымыздың қоғамдық-саяси және рухани даму бағыттары бойынша да қыруар істер атқарылуда. Сонымен қатар, ардагерлеріміз бен жастарымызды қолдауға да үлкен көңіл бөлініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз жыл санап экономикалық және әлеуметтік даму бағытында алдына қойған мақсатты жұмыстарын табысты атқарып келе жатқанын ашық айтқым келеді,-деп есептік жиында көтерілген сұрақтың орындалу барысына тоқталды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы, кәсіпкерлік саласы, ірі компаниялар мен инвестициялық жобалар, тұрғын үй бойынша, құрылыс жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, елді мекендерді ауыз сумен қамту, автокөлік жолдары, елді мекендерді газдандыру, аудандағы әлеуметтік сала, бюджеттік-инвестициялық жобалар, мобильді байланыс және интернет туралы, жолаушылар тасымалы және жарықтандыру бойынша тоқталып өтті. Ауылдың тыныс-тіршілігін толықтай қамтыған жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында қолға алынған жұмыстар да қамтылды.
Ауыл тұрғындары аудан әкімінің есептік кезеңде атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы ел игілігіне арналған жоспарларына сәттілік тіледі. Жиын соңында тұрғындарды жеке қабылдады.
Аудан әкімі әр елді мекендегі күрмеулі мәселелерді саралап, шешу жолдары мен мерзімдері бойынша қосымша түсіндірді.
Жиындардың соңында аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Д.Ақділда, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қ.Жандарбек ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан ардагерлерді Алғыс хатпен және «Ауданның құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»