Еңбекпен шыңдалған — Ағатайым!

0

Биылғы жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек адамы» жылы деп атап, еңбектің қоғам өміріндегі алатын орнына ерекше мән беріп, бұрын еңбек еткен, қазір еңбек етіп жүрген адамдардың елеусіз қалмауын, оларға құрмет көрсетілуі қажеттігін еске салған еді. «Еңбек –бәрін де жеңбек» деп бекер айтылмаса керек. Еңбек қоғамды алға жылжытушы, дамытушы, қорғаушы, әртараптандырушы. Еңбек-адамдардың өндіріс құрал жабдықтарына қатынасынан пайда болатын күрделі процесс. Біздің қоғамда қарапайым мамандықтар бойынша еңбек ететін азаматтар көбінесе тасада қалып, олардың жасаған еңбектері дүйім жұртқа белгілі бола бермейді. Мәселен, көлік жүргізуші, шопан, бақташы, сауыншы, сушы, егінші, тігінші сияқты мехнатты мамандық иелері ескеріле бермейтіні рас. Міне, осы жағдай ел Президентін де ойлантқан болуы керек, биылғы жылды еңбек жылы, еңбек мамандықтары жылы деп жариялады. Жылдың осылай аталуы еңбекке, еңбек адамдарына деген көптеген оң өзгерістер алып келгенін көріп те, байқап та жүрміз. Осы жерде айта кетуіміз керек еңбек, еңбек адамы дегенде біз тек қазіргі еңбек етіп жүрген еңбеккерлерді ғана қамтымай, бұрын еңбек еткен, ауданымыздың, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне үлетерін қосқан еңбек ардагерлерін де ұмытпай есте ұстауымыз керек. Менің бүгінгі мақалама негіз болатын кейіпкер де кешегі кеңес өкіметі тұсында көлік жүргізушісі болып еңбек еткен еңбек ардагері, еңбекпен әбден шыңдалған, әкемнің інісі Төлеубай ағатайым. Сәл шегініс жасап біздің әкеміздің інісін ағатай деп неге атап кету себебіне тоқталайын. Марқұм шешем Алтынсары туған қайныларының атын атамай ат тергеп қоятын, кішісін «кенжем», одан үлкенін «ортаншым» деп ал, әкеме тетелес қайнысының атын атамай өле-өлгенше «інішек» деп атап кетті және бізге, балаларына ол кісіні ағатай деп атауды санамызға сіңірді. Міне, 70 жылға жуық уақыт біз анамыздың айтқан ақылымен Төкең ағамызды Ағатай деп атап келуіміздің сыры осы.

Ақділдаев Төлеубай 1940 жылы шілде айының 27 жұлдызы күні Серго атындағы колхозда орта шаруа Ақділданың отбасында дүниеге келді. Серго атындағы колхоз қазіргі Жаңатас қаласына су айдайтын сорғы қойылған, «Көкбұлақ» деп атап жүрген жерде орналасқан болатын. Анасы, үлкен шешеміз Күлия орта жүздің қарақұс атасынан тарайтын еді. Ақділдамен 1920 жылдың соңына қарай шаңырақ көтеріп, дүниеге оншақты перзент алып келеді. Сол кезде емі табылмаған шешек, безгек деген аурулардан үш перзенті шетінеген екен, қалған жеті баласын, үлкені Жұмабай, одан кейін Рымкүл, Аман, Төлеубай, Есенқұл, Аманай, Дүйсенқұлды өсіріп жетілдіреді. Яғни, ағатайымның бір ағасы, екі әпкесі, екі інісі болған. Болған деп айтуымыздың себебі қазір осылардан Аманай қарындасы мен Дүйсенқұл інісі ғана қалды. Ақділда атамыз әділдік пен шындық жағында жүретін, өз ісіне мығым, еңбекқор, шаруа болған екен. Өзінің отбасылық шаруасымен қоса колхоздың түрлі жұмыстарын да қоса ат­қарады. Соның арқасында сол кездің өзінде 200 бас қой-ешкісі, 30-40 сиыр малы болған орта шаруа екен. Серго колхозындағы бақуатты отбасы болған. Ташкент қаласына мал айдап апарып сатып, ол жақтан мата, азық-түлік алып қайтатын көрінеді. Бір жолы ауылымыздағы Тобаш атамен бірге барған екен. Сол жолы сүт тартатын сеператор алып келді және заттарды тиеп алатын бір бас түйені де қоса сатып алыпты дейді ағатайым.
Үлкен шешеміз Күлия да өз абысын-ажындары қатарында адуынды, сөзі өткір кісі болған екен. Мені немересінің алды болған соң қай үйге қонаққа барса да қасынан тастамай алып жүре­тін еді. Ол кісінің өзіне жарасқан кең етекті кимешегінің астында жүріп өстім, 6 жасқа келгенімде марқұм бақилық болды.
Шаруа отбасында дұниеге келіп есейген Төлеубай ағатайым да жас кезінен үйдің шаруасына, қой бағу, лақ-қозы қайыру, шөп ору сияқты жұмыстарды істеп ширығып өседі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қайта қалпына келтіру жылдары ауылдар үшін оңай болмады. Ер адамдардың көбісі соғыста опат болған. Кейбір колхоз жұмыс­тарына бұғанасы қата қоймаған балаларды да жекті. Ағатайым да 6-7 жасында Жондағы Қай­нардың бойында орналасқан Сергоның пунк­тін­дегі қырманда егін малалаған кезде бидайды сабағынан ажыратып үгітетін құрал, мала жегіл­ген өгіздің немесе биенің үстінде айдаушы болып істегенін есіне алады. Кейде бір орнында айналып жүре берген соң маужырап, басың айналып қалғып та кетеді екен. Сол маңайда жүретін бригадирлер қамшымен түртіп оятып, ұйықтама деп ескертіп қоятын дейді. Жұмыс соңында бригадир көкеміз балалар бидай салып алмады ма деп күдіктеніп қалтамызды тегіс қарап шығатын еді, әне, біз сондай заманды да көрдік деп күрсініп қояды Төкең.
Күндер өтіп мектеп табалдырығын аттайтын мезгіл де келеді. Көлменің шығыс жақ бетіндегі қара төбенің күн батыс жағына орналасқан 1935 жылы жұмысын бастаған бастауыш мектепке өз қатарлары Төлеутай, Бөкенбай, Бүтінбайлармен бірге бірінші сыныпқа келеді. Сауатын ашып, әріп таниды, жазу жазады, есеп шығарады. 1952 жылы ағасы Жұмабайды жұмыс бабымен қазіргі Маятас ауылына мектепке мұғалім етіп жіберіп, отбасымен бірге бұрынғы Карл Маркс елді мекеніне қоныс аударады. 2-сыныпқа дейін ауылда оқып, 8-сыныпқа дейін осы жерде білім алады. Мектепке кештеу барған соң 8-сыныптың өзінде кәмелеттік жасқа толған Төлеубай ағатайым әрі қарай Саудакенттегі Әбіш атасы даярлайтын шоферлық курсқа оқуға кетеді. Курсты ойдағыдай аяқтап автокөлік жүргізушісі деген куәлік алып шағады. Жасынан техникаға құмар болып өскен жігіт қашан машинаның рөліне отырсам деген арманы орындалар шақты асыға күтеді. Көп ұзамай ауылдас ағалары Бейсенбек Мәдібеков пен Әмет Зикирияев деген тәжірибелі шоферларға стажер етіп бекітіп, 3 ай тәлімгерлік тәжірибе жинақтайды. Осы кезде төменгі Шу бойынан Жайлаукөл совхозы ұйымдастырылып Жаңарық, Ақтоғайдан біраз ел сонда қоныс аударады. Совхозға гараж меңгерушісі болып бара жатқан Әмет ағасы жаңа машина алып беремін деп ағатайымды да ала кетеді. Бірақ, қандай себеп болғаны белгісіз ағатайыма жаңа машина тие қоймайды да, ауылға, Түркістан совхозына жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Су таситынды «водовоз», май таситынды «бензовоз» деуші едік қой. Ағатайым май таситын бензовоздың рөліне отырады. Тараз бұрынғы Жамбыл қаласынан совхозға солярка, бензин майларын тасиды. Ол кезде қазіргідей тақтайдай жолдар салынбаған. Көлік ойлы-қырлы, қотыр-шотыр, шаң, лай, топырақ жай жолдармен жүреді. Азанда сағат 6-лар шамасында ауылдан шығып кешкі сегіздерде ауылға зорға жетеді. Совхоздағы трактор, машиналар қимылдап жүру үшін май уақтылы келу керек. Осы тапсырманы ағатайым тындырымды атқарып совхоз басшыларының назарына ілігіп, жұмыс істеп жүрген кезде әскери борышын өтеуге шақырған қағаз келеді. 1961 жылы желтоқсан айында әскер қатарына алынады. Алдымен Омск қаласында 1 ай палаткада тұрып, дайындық курсынан өтеді. Содан соң Красноярск өлкесі Яр ауданына поезбен жеткізеді. Қалың ағаш, тайганың ішіне келіп жайғасады. Күн 30+35 градус суық, аязға қарамастан орналасатын жердің талдарын қырқып, жерін тегістеп, солдаттар жататын палаткалар құрады. Палаткалардың ішінде темір пештер қойылады. Жайғасып болған соң қызу жұмыс басталады. Негізгі жұмыс тайганың ішіне қарай енетін темір жол салу керек екен. Айтпақшы, ағатайымның жанында ауылдасы Баймұратов Шалқар да бірге әскери борышын өтейді. Олармен бірге украин, орыс, өзбек, кәріс, түрік жігіттері болыпты. Ағатайым мұнда ЗиЛ-157 маркалы адам тасуға жабдықталған көліктің жүргізушісі болып істейді. Солдаттарды жұмысқа алып барады. Алып қайтады. Арасында түскі тамақтарын жеткізіп береді, күнделікті атқаратын жұмысы осы. Алайда, оңтүстік жылы өңірден бар­ғандықтан ба, ағатайым өкпесіне суық тиіп ауырып қалады. Бірден Красноярск қаласындағы әс­кери госпитальға жатқызады. Осында табаны күректей 6 ай жатып емделіп, дәрігерлердің қоры­тындысы бойынша елге қайтарылады. Елге ке­ліп жақсы ем алған соң дертінен толық айығып кетеді.
1962 жылғы жазға қарай өзі жұмысын баста­ған Түркістан совхозына жұмысқа келіп, бензовоз машинасына отырады. Совхоз басшылығы, инженерлер жас жігітті қуана қарсы алады. Бұ­рынғы үйренген жұмысына кірісіп, тыңғылық­ты, жауапкершіліпен атқарып жүріп жатады. 1963 жылы совхоздың теңгеріміне жаңа «ГАЗ-51» маркалы май таситын машина келеді. Гараж маңындағы адамдар су жаңа машинаны анау алады екен, мынау алады екен деп гулетіп жат­қанда, совхоз директоры Шапавалов Василий Пан­телеевич кабинетіне Ақділдаев Төлеубайды шақыртады. Келген бетте ағатайымның қолынан ұстап тұрып «құттықтаймын, еңбегіңді бағалап саған жаңа машина бергелі тұрмыз, жақсылап жүргізіп, жұмысыңды атқара бер» деп жаңа машинаның нүктесін қояды.Тақымына жаңа машина тиген Төкең жұмысты бұрыннан да бетер жақсы атқарып, еселеп еңбек ете береді. Бала болсақ та есімде сол бензовоздың шофер мінер жақ кабинасында қызыл жалау мен сол кез­дегі көсеміміз Лениннің бас суреті тұратын. Кейін білсек бұл белгі еңбекті жақсы атқарғаны үшін «Коммунистік еңбектің екпіндісі» деген марапаттың, еңбекке деген құрметтің белгісі екен. Осы жылы В.И.Лениннің 100 жыл толуына орай мерекелік медальмен де марапатталады.
1971 жылы Түркістан совхозынан енші алып бөлек «Жаңатас» қаракөл совхоы болып құрыл­ған кезде ағатайым да сол жаңа «бензовозымен» бірге осы совхозға жіберіледі. Жұмыс жағ­дайы бұрынғыға қарағанда жеңілдейді. Бұрын Ақтоғайдан Түркістанға қатынап істейтін еді, енді көрші Жаңаарыққа келіп істейтін болды. Аға­тайымның еңбегіне бұрыннан қанық, жақсы білетін Жаңатас совхозының директоры Ақатай Ақбаевтың тапсырмасымен совхозға келген су жаңа «Газ-53» маркалы бортты машинаны бере­ді. Жүк көлігін алған соң жұмыстың түрлері де өзгереді. Шөп, жем, мал, қозы тасу, малшыларды жаз жайлауға, көктеуге, қыстауға көшіріп қон­дырады. Осы жұмыстардың ішіндегі ең жауаптысы елтірісі үшін сойылатын қозыларды тасу болды. Жаңатас совхозы қаракөл малын өсірумен айналысатын болған соң, қаракөл елтірісін дай­ын­даудың да жоспары болатын. Туылғанына он­шақ­ты күн болған қозыларды совхоздың орта­лығындағы мал сою пунктіне алып келіп, елтірісі үшін соятын. Ол терілердің стандартты өлшемдері болатын. Жүнінің ұзындығы, терінің көлемі деген сияқты. Ағатайым ол стандарттарды әбден біліп алған, қозы жинағанда басшылыққа алады екен. Көктемгі төлдеу науқаны кезінде қозыларды әр мал отарларын аралап жүріп жинап алады. Ауылдан азанғы сағат 6-да шығып Ақжар, Ақпанбет, Қанай, Ұзынқақ, Қызылқақ, Сорбұлақта көктеуде отырған мал отарларын аралап, елтіріге жарамды қозыларды машинаға тиеп алып, сою пунктіне кешкі сағат 8-9 дарда жеткізеді, санап тапсырады. Сою пунктіндегі қасаптар лезде оларды іреп елтірісін алады, тұздап, тегіс жерге жазып кептіреді. Дайын болған елтірілерді жеке тайлап буып, Шымкенттегі қаракөл елтірісін өңдейтін зауытқа апарады. Бір рейспен 3000-4000 дана елтірі апарады екен. Бұл шаруа да ағатайыма сеніп тапсырылады.
Осы Жаңатас қаракөл совхозында еңбек етіп жүріп Ағатайым 5 жаңа машинаның рөліне отыр­ған екен. Олардың үшеуі «ГАЗ-53» маркалы, екеуі «ЗиЛ -130» маркалы автокөліктер болды. Ал, ол кісіге неге жаңа көлікті бере берген деген сұ­раққа жауап іздеп көрейік. Біріншіден, Төкең еңбекке адал, асқан жауапкершілікпен қарайды, өзіне тапсырылған жұмысты тындырғанша дамыл таппайды, тілалғыш, жұмысты уақытпен санаспай істейді. Екіншіден, біздің үй мен Ағатайымның үйі көшенің екі жағына орналасқан көрші. Бала болсақ та, кейін есейе келе байқағаным ол тех­никаға өте ұқыпты қарайды. Ол кезде, машиналар жекеменшік үйдің ауласында тұра беретін. Ағатайым рейске шығар алдында және рейстен келген соң міндетті түрде машинаға техникалық қызмет көрсететін. Қазақшалап айтқанда, көлік­тің асты-үстін түгел қарап шығады, май-суын көре­ді, дөңгелектің жел қысымын тексереді, таза­лайды, жуады, сүртеді. 6-7 сыныптарда оқып жүрген кезімізде дөңгелекке механикалық насоспен жел беруге де көмектескеніміз есімде. Тазалайды демекші ағатайымның тоқтаған жерде машинасын тряпка ала салып сипалап, сүртіп тұрған шағын талай көрдік. Ағатайымның «тряпкаға бір-екі тамшы автолды тамызып барып машинаны сүртсең жалтырап шыға келеді» дегенін де ес­тігенмін. Соның арқасында жүргізіп жүрген көлігі әруақытта техникалық жағынан сақадай сай, тап-таза болып тұратын. Тіпті, ол кісінің 3-4 жыл айдап жүрген автокөлігін өткізгенде сов­хоздың басқа жүргізушілері сол машинаны алуға ұмтылатын, таласатын. Міне, осындай адам қызы­ғатын, еңбегін бағалап совхоз басшылары жаңа машиналарды берген ғой.
Жаңатас совхозында веттехник, ферма мең­геру­шісі, тауар өткеруші, ветеринар дәрігер болып қызмет еткен, зейнеткер, еңбек ардагері Елі­бай Нұғыманов ағамыздан ағатайым жайлы пікір сұрағанымда: «Төкеңмен совхозда ұзақ жыл бірге жұмыс істедік. Ағамыз қай жұмысты болса да, асқан жауапкершілікпен, тиянақты атқарды. Әсіресе, тауар өткеруші болып қызмет етіп жүрген кезімде Төкеңе жауапты жұмыс елтірі қозыларын тасу тапсырылатын. Ол кісі елтіріге қандай қозы жарайды, қандай қозы жарамайды бәрін білетін. Біз ол кісіге толық сенетінбіз. Төкең қандай жұмыс болса да адал атқарып, совхоз еңбеккерлері арасында абыройлы болды» деп бірге қызметтес болған ағасы жайлы жүрекжарды тілегін айтты. Совхоздың шаруасында атқарылатын жұмыс­тарды да жақсы меңгеріп алған ағатайым еңбек­тің көрігін бұрынғыдан да бетер қыздырып, бір-екі үш жылдың көлемінде кеңес кезіндегі тәуір марапаттың бірі «Социалистік жарыстың жеңім­пазы» ауыспалы вымпелін жеңіп алады. Атаулы вымпельді өзі айдап жүрген машинаға іліп қоятын.
«Ағатай, 40 жыл көлік айдадыңыз, жолда жүргенде есте қаларлық оқиға, жағдай орын алған жоқ па» деп қызығушылықпен берген сұрағыма» Е, бауырым, небір оқиғаларды бастан өткердік қой, қайсыбірін айта берейін» деп біраз ойға шомып кетті. 1969 жыл қаталдығымен,бірнеше күндеп соққан қарлы боранымен, қатты аязымен есте қалды. Сол жылы қыстың соңына қарай Талас бойындағы Көкдала қыстауына шөп апардық. Жанымда Жаңаарықтағы Әділбеков Керімбай аға бар және ауылдасым, құрдасым марқұм Мей­рамбек Сәулебеков бар еді. Қалың қар, бораннан ауылға жете алмай бір апта амалсыз қалдық. Күндіз машиналарымызды оталдырып, қыз­дырып қоямыз. Көкдалада Бектеміс, Әйнек аталарымыздың үйлеріне кезек қонып жүрдік. 6-күні Халық депутаттары Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов қыстауларды аралап жүріп бізге жолықты да «Ертең ауданнан жол таңдмайтын көлік жібере­мін» деп уәде етті. Айтқандай-ақ ертесіне түске қарай «Қазсельхозтехника» мекемесінен жол таңдамайтын үш мостылы жүк машинасы келіп, біздің машиналарды сүйреп таза жолға дейін алып шықты. Қырекеңнің іскер басшы екеніне кө­зім жетті. Сөйтіп, аман-есен ауылға жеттік,- деді.
Тағы бір есте қалған, естен кетпейтін оқиға, осы жұт жылы аудан шаруашылықтары төменгі Шу өзенінің бойынан қамыс-құрақ орған болатын. Орылған құрақты үлгеріп тасып алғаннан қалғанын сонда маялап қояды. Түркістан совхозы да шу бойынан малға шөп дайындаған екен. Қыс қатал, аяз, боран, қыстауда жиналған шөптің қоры таусылған. Енді Шу бойында қалған қамыс-құрақты жеткізу міндеті қойылып, бірнеше жүк көліктері жолға шығады. Олардың қатарында аға­тайым да «бензовоз» машинасымен бірге шы­ғады. Жолда кетіп бара жатып Көкдала елді мекенінің тұсында аялдап тұрған кезде ГаЗ-69 маркалы қызметтік көлігімен совхоз директоры Василий Шапавалов келіп қалады. Қал-жағдай сұрасқан соң, үстіміздегі күпәйке киімімізді көріп: «Мына киіммен жаурап қаласыңдар ғой» деп, көлік жүргізушісіне «әй, бала, мына кісіге бір тон, бір пима бер деді. Сөйтсек, малшыларға қыстық жылы киім таратып жүрген екен.
Ағатайыма «тағы қандай оқиғалар болды» дегенімде «ой, несін айтасың, талай жағдайлар орын алды ғой» деп, біраз ойланып отырды да, көлігімнің кабинасында екіқабат әйелді босандырған жағдай орын алды ғой. Ол кезде аудан орталығы Саудакентте болатын. Жедел жәрдем көлігі де жетіспейтін болуы керек, телефон байланысы да тапшы кезі. Ақтоғай ауылында айы,күні толып толғата бастаған бір ананы Байқадамдағы перзентханаға жеткізуге тапсырма алып, екіқабат ананы кабинама отырғызып, қасында тағы бір адам болды. Ауылдан шығып Жаңатас пен Саудакент арасындағы Итауызға тақалған кезімізде әйелді толғақ қысып, амалсыз кабинаның ішінде босанатын болды. Асып-сасып абдырадық та қалдық. Ортамызда үлкендеу әйел кісі бар еді, сол кісінің арқасында аман-есен босанды. Сол кезде нәрестенің кіндігін байлайтын жіп таппай сасқанымыз есімде. Машинаның бортында отырып бізбен бірге Байқадамға шаруасымен келе жатқан бір кісінің плащының тігісінің бір жерінен жіп суырып алып, сол жіппен байлады. Сөйтіп, әйелді баласымен бірге аман есен орталықтағы перзентханаға апарып тапсырдық. «Диханбай, осындай тағы бір оқиға орын алған, ол туралы кейін айтайын» деп әңгімесіне нүкте қойды.
Ағатайым, еңбек ете жүріп бір отбасының тірегі, ардақты әкесі бола білді. Марқұм жеңгеміз Құрманкүлмен бірге 6 ұл мен 4 қызды дүниеге әкеліп өсірді, тәрбиеледі. Жеңгеміз «Батыр ана» атанған еді, Алланың ісіне не шара, алпыс жасқа жетпей ауыр дерттен бақилық болды. Ұл-қыздары бұл күнде бір-бір шаңыраққа ие болып, түтінін түтетіп отыр. Тұңғышы Ғалия мұғалім, одан кейінгі Дәнияр да ұстаз, Асқары әке жолын қуған баласы, көлік жүргізушісі, Асқарәлі веттехник әрі жеке кәсіпкер, Гүлмира, Элмира, Ардақ та ұстаздық етеді, кенжесі Мұрат жеке кәсіпкер. Ұлдан 26 немере, 20 шөбере, қыздан 10 жиен, 13 жиеншар көрді, бірнеше келін түсірді. 2022 жылы өз ауылымыздың тумасы Биға жеңешеммен бас қосып, екеуі бірге осы балалардың қызығын қызықтап келе жатқан бақытты жандар.
Ағатайым жаңа дәуір басталып, совхоз тарағанша автокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. Ұзақ жылғы еңбегі жергілікті атқарушы биліктің және жұмыс берушінің тарапынан медальдармен, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен де әркез бағаланып отырды. 1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдық» мерекелік медалімен, 1971 жылы «Коммунистік еңбектің екпіндісі» белгісімен, 1974 жылы «В.И.Лениннің 100 жыл толуына орай даңқты еңбегі үшін» медалімен, кейінгі жылдары «Жамбыл облысына сңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Сонымен қатар, «Жаңатас» совхозы партия, кәсіподақ комитеттерінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Биылғы жылы ағатайым мерейлі 85 жасқа толып отыр. Балалары, ұрпақтары адам өміріндегі осы айтулы белесті атап өтеміз деп ниет жасап отыр. Ниет қабыл болсын! Алдымыздағы ақылшымыз ағатайымның жаңа жасы құтты болып, ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді нәсіп етсін!

Д.Ақділда,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.