Қыз бала — ертеңгі ана

0

Бүгінгі бойжеткен-болашақ келін, ертеңгі ана, ары қарай ене. Сондықтан да қыз абыройы-отбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы.
Қазақ халқы «қыздың жолы жіңішке» деп, оның абыройлы болуына көбінесе ана жауапты екендігін, анасын ардақтай алмаған қыз, өз абыройын сақтай білмейді деп тұжырымдаған. Өз намысын қорғаған қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы ибалы, иманды болу керек. «Қыз қылығымен жағады» деген нақыл сөз содан да қалған. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына өмірлік міндеттер қойып, оның орындалуын қыздың абыройы деп санаған.
Ізетті болу, әкені күту, ананы сыйлау, дөрекі сөйлемеу, үлкеннің алдын кеспеу, өсек айтпау, бала тәрбиесін білу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау секілді ізгі қасиеттер, иманжүзділік абзал жанды қыздың бойында болу керек деп есептеген.
Ал, қазір ше? Байқап жүргеніміздей, бұл күнде қыздарымыздан бастап, әйел қауымы түгел шалбарланып болды десек, қателеспейміз. Жасы да, егдесі де, арық-тұрық, семізі де, шашы қудай аппақ әже де жарассын-жараспасын, тайлы-тұяғы қалмай жарысып жүр.
«Есті қыз етегін қымтап отырады» дейтін үлкендер. Көйлек деген әйелдің, әсіресе қыздардың көп жері жабық болғандықтан, сырт көз сұқтанбайды. Көйлек әйелдің етек-жеңін қымтап, сыпайы жүріп-тұруына әсер етеді, аяқ-қолын қалай болса солай ебедейсіз қимылдатпайды.Тіпті денесіндегі кем-кетік жері елеусіз қалады. Ал шалбар кигендердің көбі ораң-сораң бұтын керіп жүре береді. Қымсынбай, кез келген ортада аяқты ерлерше айқастырып та, екі аяқты алшақ қойып, тақымын көрсетіп те отыра береді.
Бірде басқосуда замандасымыз әзіл-шыны аралас: «Еркектер әйелдерге билігін берді, жұмысын берді, машинасынан, арағы мен темекісінен де айырылды, қалғаны шалбар еді, оны да шешіп алды. Әйелдер алмаған енді несі қалды?»-деп налығандай болып еді.
Қазіргі кезде әдепті болып, елдің көркіне айналу кез келген жанның қолынан келе бермейтіні ақиқат. Десек те, жаһандану үрдісінен қалмай әрі ата дәстүрді берік сақтаған, тәрбиелі де ибалы қазақ қызы деген атқа лайық болғанына не жетсін! Ата- аналардың қыздарын жеңілтектіктен бойларын аулақ ұстауға, оларға тән ізеттілік пен инабаттылықты бойларына сіңіріп, «Жігіттің күлгені-атының соры, қыздың күлгені-бақытының соры»-деп, тәрбие беруінің үлкен мәні бар. Қыз бала сырын ішіне бүгіп, жұмбақ қалпын берік ұстағаны ләзім. Осы орайда Қадір ақын: «Қыздың сыры шөлдің суы сияқты тереңде ғой,тереңде ғой,тереңде»-десе, Мұхтар Шаханов ағамыз: «Мағынасыз жылтырауықты сақтамайды ел еске, Шын сұлулық тереңдікте емес пе?»-дейді.Барлығынан түйіні бір: тереңдік. Ол-ақыл, ол-парасат, ол-ұстамдылық. Қыздарымыздың бойларынан осы тереңдік табылып жатса, қандай ғанибет болар еді.
Бүгінгі жастар көбіне махаббатты бір сәттік ләззатпен алмастырып алғандай көрінеді. Көпшілігі алдамшы сезімнің жетегінде жүргенін білмей, соны махаббат деп ойлайды. Ертеңгі ана болатын қыздарымыздың көпшілігі ғаламтордың, ұялы телефонның жетегіне кетіп, көп «тәрбиені» сол жақтан алуда. Оның аяғы қайғылы оқиғаға ұласып жататынын күнделікті өмірдің өзі көрсетіп жатыр.
Бір қынжылтарлығы, қалалардағы автобус аялдамаларында, көпшілік жүретін көше бойларында «квартира по суточно, на ночь и по часам» деген жазылған хабарландырулар кейінгі кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Сұмырайдай көрініп, жаныңды жегідей жейтін сол «пәтерлердің» ортасында өзіміздің өрімдей қаракөз қыздарымыздың да емін-еркін сайрандап жүргені дархан көңілімізге кірбің ұялатады.
Осы бағытта қазақтың айтулы ақыны Ақұштап Бақтыгереева кезінде «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Мен қыздардың жігітке өз сезімін білдіруін құптамаймын. Айналайын қарақтарым, «Жаным деген жігітті жек көрмеңдер. Өзі сүю қыздардың соры ғана. Өздеріңді әрдайым қазақ қызы деген аяулы атқа лайықты ұстаңдар.Теледидар көріп отырып, жүгіртпе жолдан өзіміздің қаракөз қыздардың «Я тебя люблю» деген жазбаларын көргенде, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Бізге ұлттық тәрбиенің үлкен мектебі керек. Қыз бала біреуге жар болады, бесік тербетіп, ұрпақ өсіреді.Бұл-оның табиғаттан еншілеген үлесі»,-деп,өзінің ой-пікірін ашық айтып, толғанған еді.
Қорыта келгенде, әрбір отбасының бүгінгі бүлдіршін қызы ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары белгілі. Сондықтан да көңіліңе жақын әдепті қыз, ибалы келін тәрбиелеп өсіру әрбір ата-ана, әулеттің ғана емес, мемлекет пен қоғамның көкейкесті міндеті деп қарауымыз керек.

А.МАҚАШЕВ,
Сарысу ауданы және Тараз қаласының
Құрметті ардагері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.