Дарынды шәкірттер биік белестерді бағындыруда
Домбыра – қазақ халқының киесі, шежіресі, ар-ұяты мен намысының үні. Бұл аспаптың тарихы көне түркі дәуірінен басталады. Орхон-Енисей жазбаларында, көне тас бедерлерінде бейнеленген қос ішекті, шанағы ойық аспаптар осы домбыраның арғы тегі екені күмәнсіз.
Домбыра тек аспап қана емес, ол – ұлттың рухани болмысы. Қазақ халқы барлық қуанышы мен қайғысын, арманын, үмітін домбыраның қос ішегіне сыйғызған. Оның әр үні тереңнен сыр тартады, әр пернесі өмір философиясына айналған. Қазақтың күй өнері – тек музыкалық туынды емес, ол – тарих, тағдыр, таным, тәрбие. Құрманғазының «Сарыарқасы» еркіндікке ұмтылған ел жүрегінің дүрсілі болса, Дәулеткерейдің «Көркем хикаясы» – өмірдің нәзік сәттерін шерткен сыр. Тәттімбет күйлерінен терең толғаныс пен ішкі мәдениеттің шыңын көрсеңіз, Динаның күйлерінен қайсарлық пен аналық мейірдің үйлесімін аңғарасыз.
Домбыра үнімен халық тарихы өрілген. Ұлы Абайдың өзі домбыраны қадірлеп, оны өнердің бастауына балаған. Ақындар мен жыраулар, күйшілер мен шежірешілер, сал-серілер – бәрі де осы қара домбыраны жанына серік еткен. Бір домбыра – бір кітап десек, артық айтқандық емес. Өйткені әр күй – өмірдің бір парағы, бір тағдыры.
Осы орайда тереңнен тамыр тартқан төл құндылығымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің маңызы зор. Бұл тұрғыда Жаңатас қалалық балалар өнер мектебіндегі домбыра бөлімінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жалпы, аталған бөлімде 9 мұғалім еңбек етеді. Ал бөлім меңгерушісі-25 жылдық еңбек өтілі бар майталман маман Жұлдыз Тұрарбек.
Бүгінде домбыра бөлімі бойынша 110 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылын 7 түлек тәмамдап, қияға қанат қақты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, білікті мұғалімдерден дәріс алған жеткіншектер де түрлі байқаулардан топ жарып, мектептің ғана емес, тұтастай аймақтың абыройын асқақтатып жүр.
Мысалы, композитор Н.Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Біз Отанның ұланымыз» атты республикалық байқауға Жұлдыз Тұрарбекқызының жетекшілігімен қатысқан жас өрен Арнұр Баянды үшінші орынды иеленіп, алдыңғы қатардан көрінді.
Облыстық жас музыканттар байқауына қатысқан мұғалім Ғ.Тулешевтің шәкірттері де еселі еңбектің еш кетпейтіндігін аңғартты. Атап айтқанда оқушылар Айару Мектепберген бірінші орынға қол жеткізсе, Айару Айтбай үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, осы сайыста мұғалім А.Қаюптың жетекшілігімен өнер көрсеткен домбырашылар ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Ықылас Дүкенұлы атындағы оркестр бірінші орынды еншіледі. Оркестрдің жетекшісі, әрі дирижері Нұрлан Байдильдаев.
Облыстық «Н.Тілендиевтің музыка әлемі» атты байқаудан да оркестр олжалы оралды. Нақты айтқанда өнерпаздар талантымен талайды тәнті етіп, бас жүлдеге ие болды. Мұнда да жетекші Н.Байдильдаевтың еңбегі ерен. Жұлдыз Тұрарбек жетекшілік еткен «Жігер» ансамблі де бірінші орынды қанжығаға байлап, жерлестерінің мерейін үстем етті. Сонымен қатар жеке орындауда 2-сынып оқушысы Әбілда Әбілмансұрға бірінші орын бұйырды. Бұл тұрғыда жетекшісі С.Маштакованың тынымсыз тер төккенін айтпай кетуге болмайды.
Жеткіншектердің жетістіктері мұнымен шектелмейді. Республикалық «Жаз Дәурен» атты байқауда мұғалім М.Нурханованың оқушылары екінші орынды иеленді. Ал республикалық «Ұлы дала таланттары» атты байқауда оқушы Айсұлтан Сатыбалды (жетекшісі Б.Атабаева) бірінші орын алса, осы байқауда тағы бір оқушы Кәусар Бердібек (жетекшісі Ш.Смаил) екінші орынды қанағат тұтты.
Сонымен қатар Vl республикалық «Мұқағали оқулары» байқауына қатысқан оқушылар Кәусар Бердібек, Айым Наушабек, Мирас Қалмаханұлы (жетекшісі Ш.Смаил) бірінші, екінші орындарға қол жеткізді.
Сондай-ақ 2024 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Ұлы дала таланттары» атты өнер байқауында өнер көрсеткен оқушы Кәусар Бердібек екінші орынды еншілеп, дипломмен марпатталды. Салтанатты сәтте жетекші-мұғалімі Шолпан Жайлыбайқызына да диплом тапсырылды.
Тынымсыз жұмыс бар жерде толайым табыстардың толастамайтындығы сөзсіз. Біз бүгінгі мақаламызда осындай жетістіктердің бір бөлігін ғана тілге тиек еттік. Әйтпесе, нақты іспен келген нәтижелер аз емес. Ең бастысы өнер қонып, бақ дарыған Сарысу өңірінен небір дарынды жастардың жарқырап шығып жатқаны қуантады.
«Sarysý-ақпарат»