Дәуірбековтің дара жолы

0

Игілік ауылының тұрғыны, домбыра жасаудың хас шебері-Балтабай Дәуірбековтің есімі ел-жұртқа етене таныс. Бұл күнде 75-тің жайлауына ат шалдырса да кейіпкеріміз шаршауды білмейді. Төл өнерімізді төрге оздыру жолында тынымсыз тер төгіп келеді.

Шебердің өзі де домбыра, қобыз тарта­ды. Әйгілі өнер шебері Жаппас Қаламбаевтың жиені болып келетін­діктен, музыка жағынан тиянақты білім алуға мүмкіндіктері болған. Әуелі Жам­был мәдени-ағарту училищесін тәмам­дап, сосын Қазақ Ұлттық консерватория­сында қобыз сыныбында оқыған. Кейін­нен ұстаз болып, жүздеген шәкіртті музыканың, домбыра және қобыз аспап­тарының қыр-сырына баулыды. Ол кезде Сарысу аудандық мәдениет бөлімін Мейрамбек Күздеубаев басқарып тұр­ған. Білікті басшы музыка маманы Бал­та­байға үйірме ашып беріп, жақсы қолдау көрсеткен. Қылқобыздан сабақ берген Балтабай ұстаздың алдынан Қазақ­станның халық әртісі Дулыға Ақмолда, оның інісі Саян Ақмолда сабақ алған.
Шебер 25 жасынан бастап қазақтың ұлттық аспабы-домбыра жасаумен тұ­рақты шұғылданып келеді. Ақсақалдың алтын қолынан қаншама бағалы домбыралар жасалып, шеберлігіне қанша ел таңдай қақты десеңізші! Кейінгі жыл­дары қария қос домбыра жасаумен де ерекшеленіп жүр. Шеберді іздеп Түркістан, Қызылорда облыстарынан және өз өңіріміздің алыс аудандарынан келетіндер қатары аз емес.
–Бір домбыраны толық жасап шы­ғуға шамамен 10 күн уақыт кетеді. Сон­да айына 3 домбыра жасап шығуға болады. Аспаптың сапасына ерекше мән беремін. Домбыра жасауға көбіне­се жеміс ағаштарын пайдаланамыз. Се­бебі, олар жақсы иіліп тұрады. Өрік, жаң­ғақ ағаштарымен қатар, қызыл ағаш, қайыңнан да сапалы аспап әзірлеп шығу­ға болады. Менің қолымнан шық­қан домбыралар сапасына қарай бағала­нады. Қазіргі таңда Алмас деген немерем жолымды қуып, домбыра жасай бастады. Тараз қаласында пәтер жалдап, домбыра жасаумен айналысып жатыр,-дейді Б.Дәуірбеков.
Балтабай Бекболұлының отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының об­лыстық кезеңінің жүлдегері. Асыл жары­ның да жас ұрпақ тәрбиесіне сіңір­ген еңбегі көп. Балтабай Дәуірбековтің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білім беру ісінің үздігі, ауданның Құр­метті азаматы атанды.
Өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар шебермен тығыз қарым-қатынас орна­ту­ға құштар-ақ. Ал, киелі сахна төрін­дегі талантты жандардың талайы әйгілі «Аққу» домбырасының авторы дайын­да­ған дүниелерді әлі күнге дейін қол­данып келетіні ақиқат. Осы ретте «Қозы­құйрық» және «Абай» деп аталатын қос домбыраның өлшемінен алынып, аққу құсына ұқсастырып жасалған дүниенің шығу тарихына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.
Жалпы, егемен елімізде домбыра жасау өнерінде әр аймаққа тән өзін­дік ерекшеліктер бар екені белгілі. Мәсе­лен, батыс өңірлерде бұл аспап қозы­құй­рық пішіндес болса, Шығыс аймақта қалақ түрінде жасалады. Соған сәйкес пернелері де әртүрлі. Сонымен, алпыстан астам элементі бар ішекті аспап­тың дыбысының тазалығы, үнінің кең тыныстауы, бір сөзбен айтқанда, домбыра­ның сапалы шығуы оны жасайтын қолөнер­шінің шеберлігіне тікелей байланысты.
Қасиетті Әулиеата өңірі он сауса­ғы­нан өнер тамған дәл осындай шеберлерден кенде болған емес. Біздің өңір­де ағаштан әрқилы дүние жасайтын шын таланттар қазір де жетерлік. Бірі мұны кәсіп етсе, өзгесі бұл өнерді хоббиіне балайды. Бүгінгі таңда ұлт­тық құндылығымызды жаңғыртып, мәде­ниетімізді дәріптеп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің бірі- Балтабай Дәуірбеков. Мәдениет қайраткері, Мәскеуде өткен ІІ дүниежүзілік фестивальдің лауреаты Балтекеңнің шеберханасынан бұған дейін де түрлі ұлттық аспаптар жасалған еді. Алайда, «Аққу» домбырасының орны бөлек. Өйткені, осынау дүниенің авторлары: бейнелеуші Жұматай Сүйінбаев пен оны жасап шығарған Балтекең қазір­гі қоғамның ащы шындығына айнал­ған мәселеге де өзіндік үн қосуды қалаған.
– Қазақтың қара домбырасы өз қал­пында өзгертілмей жасала береді. Оны ешкімнің өзгертуге қақысы жоқ. Әйтсе де, заман талабына сай әрбір шебердің өз мақсат-мұраты, ой-толғауы болатыны анық. Ал, оған халық төреші. Жалпы, қазақтың домбырасының мойыны ұзын болып келетіні шындық. Сол себепті, домбыраның мойнын аққу құсына теңеген. Халқымыз күйінгенде күй тартып, қуанғанда жырлаған. Осылайша, ішіндегі шерін тарқатқан. Жасыратыны жоқ, бұл күнде жастардың арасында ажырасу көбейіп барады. Шебердің аққу құсын таңдауының себебі де осы. Бұл домбыра жастардың бір-біріне деген сезімі аққу құстың махаббатындай болса екен деген ойдан туған. Аққу-жұп құрып қана тіршілік ететін, өте сымбатты әрі сұлу құс. «Аққу» домбыраны жастарға ар­налған домбыра деп білеміз,-дейді ау­дан­дық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Эльмира Кокушева.
Иә, қазақ халқы аққу құсын ежелден-ақ бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың символы әрі құстың төресі деп қастерлеген. Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйі, Сә­кен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақа­таевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығар­масы қазақтың осынау тіршілік иесіне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындаса керек. Ал, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым деп жырлауы өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, хас шебер Балтабай Дәуірбековтің бола­шақта бұл тақырыпта ән жазу жоспарында бар.

Бақыт Жалғас,
Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.