Кескен талдың көлеңкесін сағындым
Бас редактордың уақытша міндетін екі айға жуық мінсіз атқардым. Бас редактор боп Жаңаарық ауылдық округіндегі Ақтоғай орта мектебінде директор боп жүрген Диханбай Ақділда келді. Мен үшін көлденеңді көк атты, бейтаныс азамат емес. Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу, тонның ішкі бауындай боп кеткен жандар едік. Біздің таныстығымыз бен әзілімізге дейін жарасып кеткен сыйластығымыз сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдардан басталды. Одан бері сынаптай сырғып күндер, апталап айлар, жылжып жылдар өтіп, ғасырлар да тоғысты. Көптің бірі емес бірегейі, ойы мен бойында адамгершілік қасиеттердің қыры көп Диханбайды қалай мақтарымды білмей отырған да жайым бар.
Бәрінен де маған асқар тау әкесінен жұғысты болған қайсарлығы, асыл анасының ақ сүтімен сіңген мейірімділігі, көптің ортасында кісілік емес кішілік танытқан қарапайымдылығы қатты ұнайды. Өнерімен өрге жүзген, сегіз қырлы, бір сырлы азаматымыз да желісін тартып отырған мақаламыздың кейіпкері. Отырыстың, той думанның гүлі десем артық айтқандық болмас еді. Олай дейтінім құшағына алған, бебеулете тартқан сырнайдың сырлы сазына қосылып қазақ халқының дәстүрлі, бүгінгі жастардың хит әндерін әуелете шырқағанда құлақ құрышыңды қандырады. Ризашылық сезіммен қошемет көрсете қол соққанда алақаныңның ауырып қалғанын да кеш байқайсың. «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп ұлы Абай бекер айтпаса керек. Қиыннан қиыстырып өлең де жазатын Диханбай ініміз бап тілеп, шабыт шақырып отырған емес. Жылы жүрегін тербеген жыр жолдарын ақ парақ бетіне төгілдіріп табан астында жаза салатыны да таң қалдырып, таңдай қақтырады. Сезімі сергек, ойы жүйрік спортшылар арасында өтетін бәсекелі қызықты ойындардың бірі-шахмат. Осы шахматтың шаршы тақта бетінде өткен шайқастарында Диханбай ешкімге дес берген емес. Аудан ардагерлері арасында өткен сайыстарда қарсыластарын қапы қалдырып, жүлделі орындардың тұғырынан көрініп жүргеніне куә болып та жүрміз.
Өмірі мен еңбек жолдары өнегелі болған Диханбай Ақділда кілең жауапты мемлекеттік қызметтердің тізгінін қақты. Мәдениет үйінің директоры да болды. Зейнет демалысы алдындағы алты жылда «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» ТКӨК әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері боп тау қопарып, кен қазып тастағаны да бар. Жоғары тиісті орындардан еңбегіне қарай марапаттаулардан кенде болған жоқ. Құрмет, мадақтау грамоталары өз алдына бір төбе. ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Сарысу ауданының құрметті ардагері» атанған кейіпкеріміз «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына 95 жыл», «Жаңатас қаласына 55 жыл» мерекелік медальдарын омырауына қадады. Бүгінде Диханбай зейнет демалысына шықса да жаз жайлауда сапырылған сары қымызды сіміріп, арқасын кеңге салып жүрген жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде ауыл мен ауданда өтіп жатқан іс-шаралар мен берекелі істердің бел ортасында жүр.
Оттағы қазандай қайнап жататын өмірдің қызығы мен шыжығы көп-ақ. Боямасыз өмірдің шынайы шындығын қаз қалпында айтқанда бір ғанибет. Енді Диханбай екеуміздің арамызда болған жарасымды әзілдерімізді тілге тиек етейін. Мектеп ұжымдары тазалық, көгеріштендіру, көріктендіру жұмыстарына ерекше назар аударады ғой. Диханбай да білек сыбанып қызметке кіріскен бетте редакция ауласындағы тазалық пен көріктендіру істеріне көңіл бөлді. Есік алдында күн ыстық күндері көлеңкелеп жүрген қисықтау өскен екі қаратал бар еді. Неге ұнамағаны өзіне ғана аян. Екеуін де қыл мойнынан кестіріп тастады. Өтеуі ретінде күншығыс жақ беттен төрт-бес қаратал көшеттерін отырғызды. Сонымен қош, арада жылжып жыл өтті. Кадрлық ауыс-түйіс болды да Диханбай мырза Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы боп сайланды. Ұжым мүшелері жақсы азаматқа бауыр басып қалған едік. Амал жоқ, қимастық сезіммен қоштасып қала бердік.
Сыртылдап үн шығарған сағат тілімен жарысқан уақытта тоқтау болған жоқ. Жазиралы жаз мезгілі де келді. Әр нәрсе өз уақытысымен. Алтын күннің нұрлы сәулесі күшіне енді. Сол жылы жаз айлары, әсіресе шіліңгір шілдеде ми қайнатардай аптапты ыстықтар болды. Редакцияның мекенжай ауласы өте тар әрі биіктігі нар түйенің бойындай цемент дуалмен қоршалған. Төменгі белдеуден үп еткен жел кіретін түймедей тесік жоқ. Аптапты ыстық күндері алтыннан қымбат жұтар ауаны жоғарыдан қабылдаймыз. Көлеңкелеп жүрген екі тал да көзден балбұл ұшқан. Егілген қаратал көшеттеріне шымшық, торғайлар болмаса балабақшадағы тілдері шыға қоймаған балақайлар да көлеңкелей алмайды. Ой деген жүйрік. «Қой, іштен тынып жүре бергенім жөн болмас. Әзіл, қалжың айтпасақ қарнымыз ашып, тауығымыз шақырмай, таңымыз атпай, күніміз батпай қалатындай халықтың ұрпағымыз. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Қалжың сөздің қалтасын қағайын. Диханбай ініме хабарласайын. Үшбу хат жолдайын. Екі талдың көлеңкесін сағынғанымды айтайын» деген ой келе қалсын. Ішіне от жаққандай қыз-қыз қайнаған жұмыс бөлмеме келдім де қолға қалам алдым. Арқан үзген арқасы бар ақын болмасам да ептеп-септеп өлең жазуға да әуесқойлығым бар еді.
Жігіт едің көтерген жүгін нардың,
Қадірін де білесің жоқ пен бардың.
Күн ысып кетті ғой өзің кескен,
Қайтаршы көлеңкесін екі талдың,-деп бір шумақ өлең жаздым да Диханбайдың поштасына жөнелтіп жібердім. Ол да шалқар шабыттың айдынында шалқып отыр екен. Жауабы кідірмей жетті.
Қисық өскен екі талда сән бола ма?
Айтылған артық сөзде мән бола ма?
Ектірген талдарым бар әлі-ақ өсер,
Сонда пана болады бар ағаға.
Оқып шықтым да, жүзіме күлкі шуағы үйіріліп, қолыма қаламымды қайта алдым.
Тал деген перзенті ғой табиғаттың,
Қисық тал, артық сөз деп бекер айттың.
Қисайды деп басын кессе не болады?
Қалжырап, теңселіп жүрген қарттың,-деген жыр жолдары ақын інімізге қайта жол тартты.
Сөз патшасы атанған өлеңнің қадір-қасиетін, құдіретін білетін Диханбайдан қарымта жауап болмады. Мүмкін, үлкенге құрметі, кішіге ізеті үзілмейтін, асыл анасынан арда туған азамат ит көйлек бұрын тоздырған ағасын сыйлаған да болар.
Шіркін, атқан оқтай, ұшқан құстай зымыран уақыт-ай десеңізші. Одан бері де он төрт жыл жел айдаған бұлттай, шапқан аттай өте шығыпты. Басқаларға қайдам? Өз басым Диханбайды жақсы көрем. Кездескенше, құшақ жайысып жүздескеше сағынып жүрем. Айтпақшы, ектірген қаратал көшеттерінің биіктігі алғашқы мүшел он үш жастағы бозбалалардың бойына жетіп қалды. Алла қаласа бес-он жылда көлеңкесіне саялап қалармыз. Оған дейін денім сау, бай, қуатты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ақ тілекті ниетте жүрейік, ардақты ағайын!
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист