Жаңабай ағаның шарапаты

0

Халықтың үні мен тілі, аудан айнасына айналған «Сарысу» газеті редакциясына ат ізін салып тұрамын. Көп жылдар еңбек еткен, ақ парақ бетінде қаламымды тербеткен, ақпараттар ағыны оттағы қазандай қайнап жататын тілшілер қосыны мен үшін өте ыстық. Сәлемімнің сәтін салып бара қалғанымда Жетенова Жанна қарындасым басшылық еткен ұжым мүшелері, қаламдастарым «Ардагер ағайымыз келді» деп мәз-мейрам болғанда бір жасап қалам. Жуырда тағы жолым түсті. Ыстық ықыласты аман саулықтан соң талапты шәкірттеріміздің бірі болған, бүгінде газеттің жауапты хатшысы Сүлейменова Камели қарындасым күлім қаға тіл қатты.

-«Іздегенге-сұраған» демекші жақсы келдіңіз, ағай. БАҚ өкілдері қызметкерлерінің мерекесі таянып қалды. Газеттің мерекелік нөміріне мақалаңыз керек. Қызметтес болған қаламдастарыңыздың бәрі жайлы әр жылдары естеліктер жаздыңыз. Тек екі әріптесіңіз Жаңабай ағай мен Диханбай ағай туралы естеліктер жазбаған екенсіз. Енді осы екі ағай жайлы естеліктер жазсаңыз деген өтінішіміз бар,-деді.

Камелидің зеректігіне тәнті болдым. Газет бетінде жарық көрген, жазған-сызғандарымның бәрін еске сақтап жүр екен. Расында солай. Аудандық газет тарихында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып, баспасөздің сардарлары болған, от ауызды, орақ тілді журналистер Мақашев Төкен, Шөжеев Сыздық, Шалқарбаев Дулат, Төлтаев Күлмағанбат, Бегулиев Кеңесбек, Әлменов Әлсейіт, Шыныбеков Жеңіс, Шәмшиев Берік, Ділдабаев Марат, Нұрмаханов Бергентай секілді ағаларымды сағынышты сезіммен ойға алып, естеліктер жазған едім. Жауапты хатшының мерекелік өтініші өте орынды екен. Әлқисса, сонымен үзік сырлы мақаламды Жаңабай ағамнан бастайын.

Журналист-қастерлі мамандық. Журналист болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Құдіреті күшті қасиетті қаламынан сөз маржаны төгіліп, журналист маман­ды­ғынан бақытын тауып, бабы келісіп, бағы жанғанның бірі емес бірегейі Миллионов Жаңабай ағам десем айдарымнан жел ескендей болады.

Орта мектептің жоғары сыныптарында оқып жүргенімде аудандық газетке ауыл, мектеп өмірінен қысқа хабарлар жаза бастадым. Ол кезде аудандық газет атауы «Октябрь таңы» еді. Газет бетіне бар болғаны 20-30 жол мақалам шықса мәз болам. Бозбала албырт шағым. 10-шы сыныпта оқып жүргенімде редактор Мақашев Төкен аға «Темірлан Әбілдаев, «Октябрь таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі» деп қолын қойып берген сыртқы мұқабасы қып-қызыл куәлікті алғанда төбем көкке екі елі жетпей қалғаны әлі есімде. Журналист болсам деген тәтті қиялға беріліп, армандай бастадым. Жазған мақалаларымды газетке хат арқылы жіберіп тұрамын. Кейде аудан орталығы Байқадамға жолым түсе қалса редакцияға апарып беремін. Сонда жас журналистер Шыныбеков Жеңіс, Миллионов Жаңабай, Ділдабаев Марат ағалармен таныстым. Сол кезде бұл ағаларым алмас қылыштай қиып түсетін 20 мен 25 аралығындағы жалын атқан жастар еді. «Шіркін-ай, мен де осы ағаларым секілді журналист болсам ғой» деген арман қиялым мүлдем шарықтап кететін. Олай болатыны қиыннан қиыстырып, сөйлем құрап газет бетіне түрлі тақырыпта құлаштай мақала жазғандар мен үшін керемет мамандық иелері болып саналатын.

Албырт бозбала шақтағы арманым мені алдаған жоқ. Кейіннен аудандық газеттің қасиетті табалдырығын мен де аттадым. Өкінішке қарай Жаңабай ағаммен бір шаңырақ астында қызметтес болу, бір терінің пұшпағын бірге илесу бақыты маған бұйырмады. Қай салада болмасын білімді, білікті кадрлар жұтар ауадай қымбат. Сол тұста облыстық атауы «Еңбек туы» газеті басшылығы Жаңабай ағама «құда» түсіп алып кеткен екен. Редактор Мақашев Төкен ағамыз балапандай баулыған қаламы жүйрік журналисінен айырылып қалғанына іші удай ашып, бармағын шайнап, қатты қиналыпты. Кейіннен «Шәкіртімнің өскені, облыс жұртшылығына танымал болғаны тіптен жақсы» деп өзін-өзі жұбатып, қуанған да көрінеді. Ұстаздың үкілі үміті ақталды. Бүгінде Жаңабай ағамыз облысқа қана емес, республика жұртшылығына танымал қаламгер. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық ардагерлер ұйымының үн парағы «Ғұмыр-Дария» газетінің директор, бас редакторы.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылдары жетпіс жыл үстемдік еткен коммунистік партияның қайқы қылышы морт сынды. Әлемдегі алпауыт елдің бірі болған КСРО күйреді, тарады, келмеске кетті. Ел-жұрттың есін алған өтпелі кезең келді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетті. Құрылған тұзақтай, құрсаулы шеңгелдей нарық қыспағына шыдай алмаған мекеме, кәсіпорын, кеңшарлар банкротқа ұшырады. Аудан орталығы Байқадам ауылынан Жаңатас қаласына үдере көшті. Қылбұрауы қылқындырған нарықтың қою қара бұлты аудандық газетті де айналып өтпеді. Газет бар болғаны бір парақ, екі бет боп шыға бастады. Тіптен жабылып қалуға шақ қалды. Тірі адам тіршілігін жасайды. Аудандық газеттің тісқаққан журналистері қара қазан, бала-шаға қамымен «екі қолға бір күрек» іздеп жеке кәсіпкерлікке бет бұрдық. Шынайы шындықты айту керек. Тауықққа лақтырған тарыдай шашылып қалдық.
Туған жер, өскен еліндегі аудан айнасына айналған газет­тің қыл үстіндегі тағдыры Жаңабай ағаны бей-жай қал­дыр­мады. Қаладағы жайлы баспана, жауапты қызметі де ойлан­дырған жоқ. Аудандық газеттің тығырыққа тірелген қиын тағдыры, алдағы болашағы есін алардай толғандырды. Білік­ті білімі ізденісті іскерлікке ұласқан басшы керек екенін жан-тәнімен сезініп, туған жерге туын тігуді жөн көрді. Осы мақсатпен елге оралып, ат басын ірікті.

Бәрі де айтуға оңай. Байқадамдағы еңселі екі қабатты редакция, баспахана ғимараты иесіз, жайына қалды. Жаңатас қаласына қоныс аударған редакцияның мекенжайын, баспахананы жаңа үлгідегі техникалық құрылғылармен жабдықтау қырық құраулы шаруалар еді. Еткен еңбек, төккен тер еш болған жоқ. Құс ұйқылы таң атырып, күлкісі кем күн батырған Жаңабай аға кетігі көп кем тіршілікті қалпына келтіруде қайт­пас қайсарлық, қажымас қайрат, мықты жігер танытты. Жоқтан бар жасады. Газеттің төрт бет боп шығуына қол жет­кізіп, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Кадр дайындауда да тыным таппады. Қолына шырақ алып, шағаладай шарқ ұрып жүріп іздеу салды. Тілшілерді бола­шақ­тарынан үкілі үміт күттірген жалын атқан жастардан жасақтады. Көрегендік танытты. Құдайберген Рысдәулет, Асхат Райқұл, Тұрсынбек Сұлтанбековті орта мектепті бітірген бетте жетекке алып редакцияның киелі табалдырығын ат­татты. Орыс тілінде мөлдірете жазатын Жанна Жетенова, қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Камели Сүлейменова, журналистика мамандағын енді тәмамдаған Дариха Үмбетиярованы да тілшілер қосынына алып келді. «Ғұмыр-Дария» газетіне директор, бас редактор болғанда М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті журналистика факультетінің бірінші курс студенті Нұрсұлтан Рахымбайды да қамқорлыққа алды. «Түске дейін университеттен дәріс ал. Түс қайта «Ғұмыр-Дарияның» тілшісі боласың. Халықпен араласасың» деп ағалық ақылын айтты. Бүгінде Жаңабай ағаның тәлім-тәрбиесін көріп, шекпенінен шыққан шәкірттерінің осалы жоқ. Бәрі де «Сен тұр, мен атайын». Жанна Жетенова құтты орын тағын басқан аудандық «Сарысу» газетінің директоры, бас редакторы, Камели Сүлейменова жауапты хатшы, Құдайберген Рысдәулет аудан әкімдігінде аппарат жетекшісі, Асхат Райқұл «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Тұрсынбек Сұлтанбеков биыл 20 жылдық белесін атап өткелі жатқан облыстық «Ar-Ai» жастар газетінің бас редакторы, Дариха Үмбетиярова «Ғұмыр-Дария» газетінде тілші, Нұрсұлтан Рахымбай Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар магистрі, қазіргі таңда аталған маңдайалды жоғарғы оқу орынның докторанты, сондай-ақ, «Aulieata-media» медиахолдингіне қарасты Цифрлық контент орталығының басшысы.

Енді Жаңабай ағаның өзіме жасаған қамқорлығын, жақ­сы­лығын, көрсеткен шапағатын айтудың реті келіп отыр. Ғасырлар тоғысқан жылдың бас кезі еді. Саудакенттегі үйіме ойда-жоқта Жаңабай аға келе қалды. Үлкен өмірдің ұлы көшінің өткелін кешкен, соқпақты да сүрлеулі жолдарын сүрінбей жүріп өткен, не десе де тіке бетке айтатын ағам келген шаруасының тоқетерін бірақ айтты.

-Аудандық газеттің қазанында қайнаған қаламы ұшқыр журналистің бірісің. Көңілімді қалдырмас деп ат басын арнайы бұра келдім. Тараз қаласына қызмет бабымен ауысқалы жатырмын. Өзің еңбек еткен аудандық «Сарысу» газетіне басшы керек боп жатыр. Бас редактор боласың.

Бұл ұсыныс мен күтпеген аса маңызды мәселе еді. Сол тұста денсаулығым сыр беріп жүрген болатын. Мен де шынымды айттым.

-Айып ете көрмеңіз. Бас редактор болуға денсаулығым жара­майды. Құлағыма екі мәрте күрделі ота жасаттым. Дәрі­герлердің кеңесі бойынша екі жыл күтім жасауым керек,-дедім.

-Онда былай етейік. Ертелі–кеш газетке бас редактор табы­лып, келе жатар. Оған дейін бас редактордың міндетін атқар­ып бер. Мен қаладағы қызметіме кірісуге бұйрық алып қойған едім.

Бұдан әрі сөзді сағызша соза берудің реті жоғын түсіндім. Жақсы ағаның көңілін қалдырып алармын деп ойландым да:

-Жарайды,-деп келісімімді бердім.

Жаңабай ағамның арқасында араға біраз жылдар салып редакцияның ақ босағасын қайта аттауым-өмірімдегі ең қуанышты да сәтті күндерімнің бірі болды. Ол тұста ұжымда бас редактордың орынбасары деген штат жоқ болатын. Екінші басшы жауапты хатшы еді. Қалаға кетуге асығып жүрген Жаңабай ағам тағы да мен күтпеген іске ниет етті.

-Темірлан, сен бас редактор болғың келмеді. Ендеше бас редактордың орынбасары боласың,-деп шешім қабылдады да сол тұстағы аудан әкімі С.Орынбековке қатынас хат жолдады. Мен үшін бас редактордың орынбасары штатын аштырды.

«Жақсыдан-шарапат»-дейді дана халқымыз. Мен осылайша адамзат баласына тек жақсылықты ғана ойлайтын Жаңабай ағаның шарапатын көрген жанмын. Ертеректе бір қазекем «Сырдарияның суы сирағымнан келмеді» деп кеу­де­сіне нан пісіріп, киіміне симай мақтанған екен. Мен өзімді-өзім мақтаудан аулақпын. Қаламымның ұшын қайрап, шал­қар шабыттың айдынында жүздірген Жаңабай ағамның шапа­ғаты арқасында газет бетінде жарық көрген мақала, әңгі­ме­леріме оқырман қауым ғана төреші. 2017 жылы мен абыр­ой құрметпен зейнет демалысына шыққан бетте бас редак­тордың орынбасары штаты қысқарып қалды. Әзілдеп, орыс­шалап айтқанда «замредактор» лауазымы өзіммен бірге кетті.

Бүгінгі таңда облыс ардагерлерінің үнпарағындай қоғамның қозғаушы күшіне айналған «Ғұмыр-Дария» газеті де Жаңабайдың ағаның Жамбыл журналистика тарихында қалдырған айтулы қолтаңбасының бірі. Өскелең ұрпаққа өсиет қалдыруды мұрат еткен төл басылымның маңдайшасына ақылман Абайдың «…Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, өзі зордың болады ығы да зор» деген қанатты сөзін даналықпен таңдап жаздыруы Жаңабай ағаның ой-өрісін, болмыс-бітімін, парасат-пайымын айшықтап тұрғандай…

Leave A Reply

Your email address will not be published.