Баспасөз-ұлт руханиятының алтын қазығы

0

Бүгінгідей алмағайып заманда ақпараттық технологияны да абайлап қолданатын күнге жеттік. Оның себебі түсінікті де. Қазір кімде смартфон бар, соның бәрі ақпарат таратушыға айналды. Контент деген осы екен деп кез келген нәрсені түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жібереді. Тіпті, ақ-қарасын ажыратып та жатпайды. Мұндай дүмбілез дүниелердің соңы дүрбелеңге ұласып кететінін көзіміз көріп жүр. Бірақ, бұл- өте қауіпті құбылыс. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ғана Ақордада өткен БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде де салмақтап айтты.

Президент алмағайып, бұ­лың­ғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақ­тап, басты байлы­ғы­мыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет­ті­гін, осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкер­шілік жүкте­летінін айтты.

— Міржақып Дулатов «Қай жұрт­тың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін тер­ең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқы­нында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық мис­сиясы алдыңғы қатарға шық­ты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-ек­шеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақа­лалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қай­раткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты ең­бек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азамат­тар бар. Бұл журналистің бес­аспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Расында да дәстүрлі басы­лым­дар­дың бағыты да бөлек, маңызы да ерек. Өйткені, мұн­да жан-жақ­ты тексерілген ақпарат­тар ғана оқыр­манға жол тартады. Тағылымы терең танымдық мақалалар жарияланады. Сырлы сұхбаттар мен журналистік зерт­теулердің де көпшілікке берері мол. Бір сөзбен айтқанда газет-жур­налдар тек жаңалықтың жаршысы ғана емес, сонымен қатар оқыр­ман­ның ақылшы досы, рухани сырласы. Мерзімді басылымдарда жарық көретін жазбаларды жібермей оқи­тын адамның ой-өрісі де, таным-түсінігі де, парасат-пайымы да өзгеше болып тұрады. Тіпті, сөз сөйлеу мәнері де басқаша. Өйткені, газет оқу-зиялылықтың белгісі.

Біле білгенге қазақ баспасөзі­нің тарихы тереңде жатыр. XX ғасырда Алаш арыстарының бас­та­масымен жарық көрген «Қазақ» газеті — ұлттық баспасөздің шоқ­тығы биік үлгісі. Бұл басылым ұлттың мүддесін қорғап, халықты бірлікке, білімге, азаттыққа үн­деумен ерекшеленді. Баспасөз арқылы ұлттық сана серпіліп, қа­зақ қоғамында ояну дәуірі бас­талды. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектеп­тегі­нің «Қазақ» газеті және оның алғаш­қы бас редакторы Ахмет Бай­­тұрсынұлы туралы зерт­теуі кім-кімді де бей-жай қалдыр­майды.

«Ұлттық ой-сананың өркен­деуі мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, соны серпіліс туғызған дара да, дана тұлғаның бірегейі– Ахмет Бай­тұрсынұлы. Ол туралы сөз бола қалса, «Қазақ» газетіне соқпай өту әсте мүмкін емес. Өйткені Ахмет Бай­тұрсынұлының бар саналы ғұмы­ры­ның елеулі кезені осы мерзімді бас­пасөзбен тонның ішкі бауындай сабактас. Сондай-ақ, «Қазақ» газеті– ХХ ға­сыр басындағы сахара елінің күл­лі қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік-эко­номикалық, мәде­ни-ру­хани ты­ныс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тіл бай­­лығын қаз-қалпында айнаға түс­­кен­дей бейнелеп берген эн­цик­ло­педиялық басылым. Әрине, газеттің мұндай діттеген дең­гейге жетіп, биіктен көрінуі – оның бас сарапшысы мен идея­лық-саяси дем беру­шісіне, рухани жебеушісі мен қар­жылай демеу­шісіне өзара бай­лаулы екені аян. Бұл ретте қадау-қадау нақ осындай іргелі де күрделі әрі жауап­кершілігі зор міндетті тағ­дыр-талайлары қоғамдық-саяси өмір­­дің қиыр-шиыр соқтықпалы, соқ­пақ­сыз жолында тоғысқан Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әли­хан Бөкейхан сынды күрескер үш алып кемеңгер ынты­мағы жарасып бірге атқарды»,- деп жазады Аманқос Мектептегі.

«Қазақ» газетінің тұңғыш са­нында Ахмет Байтұрсынұлы мер­зімді бас­пасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аударған. Бірінші тұ­жырым: «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл мерзімді бас­па­сөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақ­ты қызметіне берілген ғы­лыми анықтаманың классикалық үл­гісі деуге болады. Жыл он екі ай бойы табиғат-ананың қас-қа­бағына қарап, үнемі аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қон­ған, ата кәсібі төрт түлік мал шаруашылығымен ай­на­лысқан туған халқының талғам-түсінігі мен таным-көзқарасына орай газет хақындағы ұғымды шым-шым­дап сана-сезіміне терең сіңіру­ді ол перзенттік парызы санады. Шын­дығында, бұл жа­ратылыстың қа­ра­пайым мысалмен кез-келгеннің қа­былдау түй­сігіне образдылығымен әсер­лі жеткізілген. Екі аяқты, жұ­мыр басты пендеге маңдайға біткен қос жанар мен құлақтың, ауыздағы тіл­дің анатомиялық-биологиялық қажет­ті­лігі қандай болса, қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ор­та­дағы атқаратын қызметі де сондай айрықша маңызды. Яғни мерзімді баспасөз құралының барша қадыр-қасиетін қалың бұ­қараға, дүйім жұртқа салыстырмалы түрде адамның өз бойының дене мүшелерімен шен­дестіріп түсіндіру тәжірибесі ғы­лымда Ахмет Байтұрсынұлына дейін кез­деспеген жаңалық.

«Екінші, газет – жұртқа қыз­мет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады».

Иә, өзі өмір сүрген уақыт аралы­ғында бұл мақсат үдесінен де «Қазақ» газеті абыроймен шық­ты. Алаштың сол дәуірдегі оқыған, тоқыған, аузы дуалы зия­лылары осы баспасөздің айна­ласына келіп топтасты. Олар отар­ланған елінің, мешеу қал­ған хал­қының басындағы ең өзекті де түйінді мәселелерге үндерін қосып, ақыл-кенестерін берді, темірқазық бағыт-бағдар сілтеп, саяси дербестігі мен азат­тығы жолындағы күрес май­данына шығуға белсенді іс-әре­кеттерімен үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізді.

«Үшінші, газет – халыққа білім таратушы…».

«Қазақ» газеті халық арасына білім таратуды осы кең ма­ғынасында жеткізіп, сана-зер­десіне сіңіруге өлшеусіз қызмет етті. Басылым өз уақытында отар­лық езгі мен қанаудан ти­тықтанған халықтың басына қара бұлт үйірілген қиын кезеңде күннің нұрлы шапағындай жылуы мен жарығын шашып, қоғамдық өмірдің қыр-сырынан толық мағ­лұмат беріп, білім өрісін жайған ұлттық баспасөз.

«Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халық арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқ­тай­тын азаматтары га­зет арқылы ха­лық­тың сөзін сөй­леп, пайдасын қор­ғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады».

«Қазақ» газеті тура осы ба­ғытта «аталы жұртының, аудан­ды ұлтының» ар-намысын қызғыш­тай қорыған бір­ден-бір медеу тұтар қорғаны, мұңын шағып, шерін тарқатар жанашыр досы, жігер отын шарболаттай жанып-жанып, қайрап-қайрап алатын бой­ға күш-қуат дарытар ру­хани серігі болды. Басылым ұлт мүддесіне байланысты қай мәсе­ле болмасын батыл көтеріп, ой-пікірлерін өткір айтуға ма­шықтанды. Әсіресе, ана тілінде білім беру мен оқыту әдістемелік бағ­дарламасы, әліпби мен емлеге көз­қарас хақындағы ұсыныстары һәм ұстанған үрдісі күні бүгін де өзінің мән-маңызын жойған жоқ деуге болады.

Қысқасы, «Қазақ» газеті- ға­сыр ба­сындағы қоғамдық өмірдің барлық саласында өз із-бедерін қалдырған, ана тілінің қолданыс мәдениетін жо­ғары сатыға көтер­ген, әдеби тілдің өріс аясының дамуына үлес қосқан мерзімді бас­пасөз. Бұл ретте Алаш арыс­тары­ның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Қай кезең болмасын төл ба­сылым­дар осы төрт қағиданы бас­ты бағдар етіп, уақыт тыны­сын тап басып келеді. Ең алғашқы номері 1937 жылғы мамыр айынан шыға бастаған Сарысу ау­дандық «Сарысу» газеті де осы аралықта оқырманға ой са­ларлық, олжа боларлық талай мазмұнды мақа­лаларды ұсынды. Өңірдің өсіп-өр­кендегенін жаз­ды. Өзекті мәсе­ле­­лерді де қау­зады. Тұғыры биік тұл­ғаларды дәріптеді. Еңбек адам­дарының елге танылуына жол ашты. Жас таланттардың тұсауын кесіп, сәт сапар тіледі. Редакцияның өзі де шығармашылықтың ұстаханасы ре­тінде тілшілердің неше буын­ын тәр­бие­леп, қияға қанат қақ­тырды.

Баршаға белгілі, тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырау қай сала­ға бол­сын оңай соққан жоқ. Бұ­рынғы одақ­тас мемлекеттер арасындағы эко­но­микалық бай­ланыстар үзіліп, өндірілген өнім­дер өткерілмей қал­ды. Жаңатас қаласында жұмыс­сыз­дық белең алып, су, жылу, электр энергиясымен қамтамасыз ету мұңға айналды. Көптеген үйлер қаңырап бос қалды. Ауылдардың өзінде қа­ра­­шаңырағын қиратып, құрылыс ма­териалдары ретінде болар-бол­мас ақшаға саудалағандар да кез­десті. Сонда редакцияның өзі­нің жағдайы мәз болмаса да тілшілер елді тұрақтандыруға күш салды. Жақ­сы күндердің ке­ле­тініне сендірді. Қазыналы қария­лар «Құс та ұясын бұз­бай­ды» деп үндеу жариялап, сырт жақтарға көше бастаған ағайынға ой салды. Басылым кеншілер шаһарының да толғауы тоқсан тіршілігін толассыз жазды. Осындай идеологиялық жұмыстардың нәтижесі көп ұзамай-ақ өзінің оң септігін тигізгендігі сөзсіз. Ре­дакцияның қызметкерлері қа­зір де мемлекеттік бағдарла­малардың жүзеге асырылуы, Жаңа­тас қаласы мен ауыл-ай­мақ­тардың ахуалы, ең­бек адам­дарының беделі, ұрпақ тәр­биесі, ұлттық құндылықтар, тағы да басқа тақырыптар төңірегінде тын­бай жазып келеді. Мұның бәрі де айтуға оңай. Әйтпесе қолы­ңызға дайын күйде тиген газеттің артында қаншама адамның қа­жырлы еңбегі жатыр.

Баспасөз — елдің жүрегі, ру­ха­ният­тың күретамыры. Ол ұлттың сөзін сөйлеп, елдің рухын көтеретін қасиетті мінбер. Қазіргі медиа кеңіс­тіктегі бәсеке заманында қазақ бас­пасөзінің миссиясы одан әрі тереңдеп келеді. Бұл — ұлттың рухани шекарасын сақтау жолындағы күрес.

Газет пен журнал тек бүгінгі күн­ді жазумен шектелмейді. Ол- ер­теңге хат. Сондықтан оның сапа­сы, маз­мұны, ұстанымы уа­қыт­пен бірге жаңарып, терең­дей береді.

Ұлт руханиятының алтын қа­зығы- баспасөз. Оны қол­дау, жазылу, оқу- бұл да отаншыл­дықтың көрінісі.

Бақыт Жалғас,
Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.